Жамбыл мен Сәкен

Жамбыл мен Сәкен

Жамбыл мен Сәкен
ашық дереккөзі
735
Сәкен Сейфуллин Жетісуда Жамбыл сынды төкпе жыраудың бар екенін өткен ғасырдың 20-жылдарының бас кезінен ести бастаған.  Қазақстанда Кеңес өкіметін орнату жолындағы қызу күрес жылдары Жетісу өңірінен шыққан Ораз Жандосов сияқты жалынды мемлекет қайраткерімен Сәкеннің қызметтес болғаны тарихи әдебиеттерден белгілі. Сол жылдары екеуінің халық таланттары, әсіресе Жамбыл Жабаев жөнінде талай сұхбаттасқанын көргендер бар. Жалпы, Жамбылды халық ақын­дары арасынан тауып, оның 20-жылдары  жарияланған ал­ғаш­қы шығармаларын сұрастырып, бі­ліп, белгілі қоғам және мемлекет қай­раткері Ораз Жандосов арқылы ауы­лына іздеп барып, сұхбаттасып, же­ке танысқан, шығармашылығына қы­зығушылық танытқан Сәкен Сей­фуллин болған. Ол туралы біраз ес­теліктер бар. Бұл кезде Сәкен ел ара­сындағы халық ауыз әдеби мұ­ра­ларын жинауды, халық жыр­шы­ларының басын қосып, олардың шы­ғармаларын жария ету мәселе­ле­рі­мен айналысып жүрген бола­тын. Міне, осы тұста Сәкен Жамбыл есі­мін, оның өлең, жырларының ті­зімін 1925 жылы Ташкент бас­па­сынан жарық көрген «Терме» жи­на­ғынан көрді. Осы жинақты құрас­тыр­ған мұғалім Шамғали Сары­баев­пен кездесті. Сәкен оған: – Сіз құрастырған «Терме» жи­на­ғын оқып шықтым. Өте игілікті іс жасағансыз. Қолда жинағыңыз бол­са, тағы да осылай жариялау ке­рек, – деді. Шамғали Сәкенге 1922 жыл­дың мау­сым айында Ұзынағашта Жетісу қос­шылар одағының І съезіне қа­тыс­қанын, оған 20 шақты ақын, жыр­шылар шақырылғанын, олар­дың әрқайсысымен жеке-жеке әң­гі­мелесіп, өлең-жырын тыңдағанын, өмір тарихын, өлеңдерінің тізбесін жазып алғанын айтқан. – Жетісу өңірінде, – деген ол Сәкенге, – Жамбылдан асатын жүй­рік ақын жоқ. Ол халық ауыз әде­бие­тін көп білетін шежіре. Дас­тан­дары да көп. Бір «Көроғлының» өзін 15 күн айтады екен... – Екі сөзінің бірінде: «Менің пі­рім Сүйінбай, сөз сөйлемен сыйын­бай» деп отырады. Сүйінбай Арон­ұлы да сол Екей елінен шық­қан аса үлкен ақын көрінеді... Осылай дегенде, Шамғали араб­ша жазылған дәптерін парақтай оты­рып, Сәкенге мына бір шаған жол­дарды оқыған: Апыр-ау, мына жатқан Сарыбай ма, Жан досы Сүйінбайды танымай ма?! Абақты, Тарақпенен айдап жеп ең, Басында шулап тұрған малың қайда? Алпыстың алтауында Андас өлді, Шуласып Сарыбайды жерге көмді, Қатарлас тең-құрбымның бәрі кетті, Байқасам, енді нәубет маған келді. – Қайта оқыңызшы, жазып алайын, – деп Сәкен дәптерін оң­тай­лай берген. Шамғалидың Жам­был айтуынан жазып алған Сүйін­бай­дың Сарыбайға арналған осы өлеңін Сәкен сол жолы жазып алып, «Жаңа әдебиет» журналына (№6, 1926) жариялатқан. Сәкен 1929 жылы ҚазПИ-де қа­зақ әдебиеті кафедрасының доценті бо­лып, қазақ әдебиеті пәнінен лек­ция оқиды. Осы жылдардан бастап оның халық ауыз әдебиеті нұс­қа­ларын жинастыра жүргені аян. Қа­зақ әдебиетінен оқулық жазуды ой­ластырады. Осы мақсатпен ол 1929 жылы «Еңбекші қазақ» газе­тін­де ел әдебиеті үлгілерін жинау жө­нінде ашық хат жариялады. Содан бы­лай қарай Сәкенге жер-жерден ха­лық ауыз әдебиеті нұсқалары ағы­лып түсіп жатты. Ақын, жыр­шы­лар келіп жолықты. Кейбірін өзі іздеп барды. Өткен ғасырдың 30-жыл­дары­ның бас кезінде Сәкен Сейфуллин Жам­былмен кездесіп, бір топ өлең, тол­ғау, айтыстарын жазып алып, 1931 жылы шыққан «Қазақтың ескі әде­биеті нұсқалары» жинағына ен­гі­зеді. Соның ішінде Құлмамбетпен айтысы, «Жабай батыр» дастанынан үзінді бар. Сәкен «Жамбыл жыр­лары теңіз түбінде шашылып жат­қан маржан сықылды. Оны жинап алып, халқының қолына беру – біз­дің әрқайсысымыздың азаматтық борышымыз» деп жазады. Жамбыл шығармаларының баспасөз бетінде алғаш жариялана бастағаны да сол кез деп айтуға болады. 1930 жылы көктемде Қазақ­стан­ның өз алдына социалистік рес­публика болып құрылғанына 10 жыл толуына байланысты мерекелі жиын өтті. Осы мерекеге келген Жам­был мен Кенен Әзірбаевты Сә­кен Сейфуллин Алматыдағы үйіне ша­қырып, қонақ етеді. Кененнің әндерін мен Жамбылдың жырла­рын тыңдап, дастарқан үстінде кеңі­нен әңгіме-дүкен құрады. Осы оты­рыс барысында Сәкен Жам­был­дың біраз өлең-жырларын қағазға жазып алады. Жоғарыда айтқан Сәкеннің қазақ әдебиеті жөніндегі бірінші кітабына қосқан «Жабай ба­тыр» мен оның Құлмамбетпен ай­тысы сол жолы жазып алынған дү­ниелер екен. Кезінде Жамбыл ақынға хат­шы­лық қызмет көрсеткен белгілі ақын Ғали Орманов жүргізген күн­де­лікте мынадай жолдар бар: «9 март 1940 ж. Жамбыл Ұзынағашқа бар­ды. Бір үйге келіп, бірнеше қартпен әңгімелесті. Оның ішінде Ыбырайым, Қопабай және басқа қариялар бар еді. – Иә, Жәке, сіздің аузыңыз ашыл­са бітті, алтын сауылдап төгіле жө­неледі. Енді сізде не арман бар? – де­ді бір шал. – Менің өлеңімнің өрши бере­тіні рас, – деді Жамбыл. – Ана бір жы­лы Сәкен келіп қонақ болғанда, көп өлең айтқызды. Жазып алды. Сон­да өлеңің өткір екен деген бола­тын. Ой, ол да бір алғыр ақын еді ғой, шіркін!.. (Лениншіл жас, 20 ноябрь, 1986). 1936 жылы сәуірде халық өнер­паз­дарының республикалық екінші сле­ті өткізіледі. Оған кең-байтақ Қа­зақстанның түкпір-түкпірінен ақын, жыршылар, әнші, күйшілер ағы­лып мол келген. Бұл жиынның бас­ты мақсаты – Мәскеу онкүнді­гі­не баратын өнерпаз талант иелерін анықтап, іріктеу. Осы жиында Жам­был өзінің әйгілі «Туған елім» атты толғауын жырлап, ерекше көзге тү­седі. «Тоқсанға келген жасым бар. Көп­ті көрген басым бар» деп бас­тала­тын осы жыры баспасөз бет­те­рінде жарияланып, оның Мәскеуге баруына жол ашты. Жамбыл даңқы бұрынғыдан да шарықтады. Енді оның атағы Ала­тау асқарынан асып, бүкіл Кеңес Ода­ғына кетті. Шетелдерге де сам­ғап жетті. 90-дағы қарттың құлшы­на жырлауына, сом алтын жыр тізбегін төгуіне барлық халық таң-тамаша қалып, оған құлақ түрді. Бұ­рын-соңды әдебиет әлемінде бол­маған бұл не деген ғажап құбы­лыс десті бәрі. Сөйтіп, еліміздің ме­рейі тағы да бір көтеріліп қалды. Хал­қымыздың талантты ұлы пер­зенттері Мұхтар, Сәкен, Сәбит, Ға­бит – бәрі-бәрі «керемет болды» деп қуаныштары қойнына сыймай қол соқты. Осы жылдың мамыр айында сол слетке қатысып, өнер көрсеткен жүлдегерлер Мәскеуге сапар шекті. Мәс­кеу-Алматы жүрдек пойызы тол­ған өнерпаздар, ақын-жазу­шы­лар, орталарында ақсақалды ата­лары Жамбыл жырау, оның жанын­да Сәкен, Кенен, Тайжан, тағы бас­қалары болды.

Сабырхан СМАҒҰЛОВ,

әл-Фараби атындағы

Қазақ ұлттық университеті

«Қазақстан тарихы» кафедрасының

оқытушысы

Серіктес жаңалықтары