Қан айналымы ауруларының алдын алудың онкүндігі
Қан айналымы ауруларының алдын алудың онкүндігі
Қазақстанда 19-28 қыркүйек аралығында қан айналымы жүйесі ауруларының (әрі қарай - ҚЖА) профилактикасы бойынша онкүндік басталды. Ол жыл сайын қыркүйек айының соңғы жексенбісінде өтетін Дүниежүзілік жүрек күнінің қарсаңында ұйымдастырылып отыр.
Онкүндік аясында алғашқы медициналық-санитарлық көмек ұйымдарында бейінді мамандардың кеңес беруін қамтамасыз ететін ашық есік күндері ұйымдастырылады. Денсаулық мектептерінде артерия гипертониясы, жүректің ишемиялық ауруы, сонымен қатар, қауіп-қатердің мінез-құлық факторлары бар пациенттер үшін сабақтар өткізілетін болады. Халық көп шоғырланған жерлерде (базарлар, супермаркеттер, вокзалдар және т.б.) адамдардың артериалды қан қысымы тексеріліп, аудиороликтер көрсетіледі.
Статистика бойынша қан айналымы жүйесінің аурулары өлімге әкелетін аурулардың ішінде алдыңғы орында. Сондықтан, оны ерте кезеңде анықтау, алдын алу мен емдеу – ҚР ДСӘДМ-нің ерекше бақылауында.
Ұлттық скринингтік бағдарламаны жүзеге асыру аясында ҚЖА-ны анықтау бойынша тексерумен 2016 жылдың бірінші жартыжылдығында 886 мың 615 ересек адам қамтылды. Скрининг жасау барысында 60 мың 625 адамда қан айналымы жүйесінің ауруы анықталып, оның ішінде 55 мың 885 адам диспансерлік есепке алынды.
Сонымен қатар, Қазақстанда негізгі әлеуметтік маңызы бар, жұқпалы емес аурулар мен елдің демографиялық ахуалына айтарлықтай әсері бар аурулар: миокардтың жіті инфаркті, мидағы қан айналымының ауыр ауытқулары (инсульт), қатерлі ісік аурулары, сынықтар, жүктілік және босандыру бойынша медициналық көмек көрсетудің біріктірілген моделін енгізіледі. Әрбір бағыт бойынша қызметтің барлық түрлері: алдын алу, емдеу шаралары, оның ішінде оңалту, диспансерлік бақылау, медициналық және әлеуметтік қызметтер көрсетілетін болады.
Медициналық көмек көрсетудің біріктірілген моделін енгізу ҚЖА-дан болатын өлім-жітім көрсеткішін төмендетіп, сырқаттанған адамдар өмірінің сапасын арттыруға мүмкіндік береді.