253
1 сәуірден бастап зейнетақы төлемін есептеудің тәртібі өзгереді
1 сәуірден бастап зейнетақы төлемін есептеудің тәртібі өзгереді

2021 жылдың 1 сәуірінен бастап БЖЗҚ-дан ай сайынғы төлемді есептеуді жүзеге асыру әдістемесі өзгереді, – деп хабарлады Қордың баспасөз қызметі.
БЖЗҚ-дан төленетін ай сайынғы зейнетақы төлемінің мөлшері Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2013 жылғы 2 қазандағы №1042 қаулысының (Зейнетақы төлемдерінің мөлшерін есептеуді жүзеге асыру әдістемесіне 2-қосымша) ережелеріне сәйкес есептелген зейнетақы төлемдерінің жылдық сомасының он екіден бір бөлігі ретінде айқындалады. Бұл ретте БЖЗҚ-дан ай сайынғы зейнетақы төлемі ең төменгі күнкөріс деңгейінің 70% кем емес мөлшерде жүзеге асырылады. (Бұрын БЖЗҚ-дан ай сайынғы зейнетақы төлемі ең төменгі күнкөріс деңгейінің 54% кем емес мөлшерде жүзеге асырылған болатын).
Зейнетақы төлемдерінің мөлшерін есептеуді жүзеге асыру Әдістемесіне сәйкес 2021 жылдың 1 сәуірінен бастап зейнетақы төлемдерін жүзеге асырудың бірінші жылындағы зейнетақы төлемдерінің жылдық сомасы зейнетақы жинақтары сомасының зейнетақы жинақтары төлемдерінің мөлшерлемесіне көбейтіндісі ретінде есептелетін болады – 6,5 %. Одан кейінгі жылдары ай сайынғы зейнетақы төлемінің мөлшері былтырғы ай сайынғы зейнетақы төлемінің мөлшерін зейнетақы төлемдерін индекстеу мөлшерлемесіне жыл сайын арттыру жолымен қайта есептелетін болады – 5%.
Мысал келтірейік:
- Зейнетақы жинағының сомасы = 6 000 0000 теңге болса, Бірінші жылдағы зейнетақы төлемдерінің жылдық сомасы: 6 000 000*6,5% = 390 000 теңге;
- Бірінші жылдағы ай сайынғы зейнетақы төлемінің мөлшері: 390 000/12 ай = 32 500 теңге;
- Екінші жылға арналған ай сайынғы зейнетақы төлемінің мөлшері: 32500+32500*5% = 34 125 теңге.