Қазақстан Елшісі Моңғолияның Премьер-Министрімен кездесті

Қазақстан Елшісі Моңғолияның Премьер-Министрімен кездесті

Қазақстан Елшісі Моңғолияның Премьер-Министрімен кездесті
ашық дереккөзі
325
Қазақстанның Моңғолиядағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Жалғас Әділбаев Моңғолия Премьер-Министрі Лувсаннамсрай Оюун-Эрдэнэмен кездесуі өтті. Ж.Әділбаев Л.Оюун-Эрдэнэ мырзаны Премьер-Министр қызметіне тағайындалуымен және дәстүрлі Шаған мерекесімен (ай күнтізбесі бойынша Жаңа жыл) құттықтады. Кездесу басында қазақстандық дипломат 2021 жылғы 27 ақпанда Улаанбаатар – Алматы және 5 наурызда Улаанбаатар – Нұр-Сұлтан бағыттары бойынша эвакуациялық арнайы рейстерді ұйымдастырғаны үшін ризашылығын білдірді. Сондай-ақ, Елші Моңғолия Үкіметінің басшысына 2021 жылдың 1 ақпанынан бастап Қазақстан Республикасында коронавирустық індетке қарсы екпе жұмыстары басталғанын хабарлады. Сонымен қатар, моңғол тарапына вакцинация әртүрлі топтардың эпидемиологиялық маңыздылығын ескере отырып, кезең-кезеңімен жүзеге асырылатыны жеткізілді. Өз кезегінде Л.Оюун-Эрдэнэ Қазақстан мен Моңғолия арасындағы ынтымақтастық дипломатиялық қатынастар орнағаннан бері тұрақты дамуда екенін және осы ынтымақтастық деңгейін арттыру үшін барлық салаларда белсенді өзара іс-қимыл жасау қажеттілігін атап өтті. Осы тұрғыда, моңғол тарапы Моңғолияның бұрынғы Премьер-Министрі У.Хурэлсухтың 2019 жылдың қазан айында Нұр-Сұлтанға жасаған ресми сапары кезінде қол жеткізілген уағдаластықтарды жүзеге асыру бойынша жұмысты жалғастыруға дайын екенін растады. Осы орайда, Моңғолия Үкіметінің басшысы жоғарыда аталған сапар барысында қол жеткізілген уағдаластықтарды тиімді жүзеге асыру бағытындағы жұмысты күшейту мақсатында Жұмыс тобын құру бастамасын көтерді. Сонымен бірге, Моңғолияның Премьер-Министрі мәдени-гуманитарлық ынтымақтастықты кеңейту мүмкіндігін қарастыруды ұсынды және халықты қол жетімді баспанамен қамтамасыз ету бойынша тәжірибе алмасу жөнінде қызығушылық білдірді. Сонымен қатар, тараптар Қазақстан мен Моңғолия арасындағы достық қатынастарды кеңейту мақсатында жоғары деңгейдегі өзара сапарлар мен бірлескен халықаралық іс-шаралар ұйымдастыру туралы уағдаластыққа қол жеткізді. Бұдан басқа, тараптар ауыл шаруашылығы, көлік, туризм, сауда-экономикалық ынтымақтастық, сондай-ақ халықаралық сахнадағы іс-қимылдарды үйлестіру салаларында екіжақты қарым-қатынастардың күн тәртібіндегі бір қатар өзекті мәселелерді конструктивті түрде талқылады.

Серіктес жаңалықтары