Теміртау қаласының әкімі тұрғындардан кешірім сұрады

Теміртау қаласын жылумен қамтамасыз ететін ЖЭО-2 жұмысында ақау болып, тұрғындар аязда жылусыз қалды. Келтірілген қолайсыздық үшін Теміртау қаласының әкімі Қайрат Бегімов өңір халқынан кешірім сұрады.

Мамандар екі қазандықты сағат 11.00-де және 13.00-де қосуға уәде берді.

Қала әкімі Қайрат Бегімов теміртаулықтарға әлеуметтік желілерде орталықтағы жағдайды түсіндірді.

«АрселорМиттал Теміртау» ЖЭО-2 қазандық жабдығындағы жөндеу жұмысына байланысты қалаға жылумен жабдықтау төмендетілген параметрлермен берілді. Жөндеу бригадалары күшейтілген режимде жұмыс істеуде. Қалыптасқан жағдай үшін қала тұрғындарынан кешірім сұраймын», – деді Теміртау қаласының әкімі.

Сондай-ақ, қала басшысы тұрғындардан өтінім қабылдау үшін 8 (7213) 98-08-66 және 99-62-62 телефондары бойынша «Оқжетпес-Т« көп арналы желісі жұмыс істейтінін хабарлады.

Қала әкімі тұтынушыларды жылу үшін коммуналдық төлем қайта есептелінетіне сендірді.

Теміртауда бейсенбі күні ауа температурасы -25 градусқа дейін төмендеп, желдің жылдамдығы секундына 18 метрге жетті. Теміртау әкімдігінде температуралық режим сағат 13.00-ге дейін қалпына келтірілетіні туралы хабарлады.

«26 ақпан күні сағат 07.00-де ЖЭО-2-де 3 қазандық жұмыс істеуде, жөндеу жұмысы екеуінде аяқталды. Бұл қазандықтарда сәйкесінше 06.30 және 06.40-та от жағылды. Қазандар желіге сағат 11.00 және 13.00-де қосылады, жалпы қала бойынша температуралық режим сағат 13.00-ге дейін қалпына келтіріледі», – деп хабарлады әкімдікте.

Back to top button