Елорданың көктемгі әуендері

Елорданың көктемгі әуендері

Елорданың көктемгі әуендері
ашық дереккөзі
Наурыз айында «Астана Опера» камералық залында елорда тұрғындары мен қала қонақтарын балалар мен ересектерге арналған жарқын концерттік бағдарламалар мен керемет спектакльдер күтеді. 5 және 9 наурыз сағат 19.00-де «Piccolo» камералық театры жобасы аясында тыңдарман назарына Дж.Россинидің «Жібек саты» опера-фарсы ұсынылады. Бас кейіпкер Джулияның бейнесінде бірінші күні Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Салтанат Ахметова өнер көрсетса, екінші күні осы партияда Әсем Сембина дебют жасайды. Дорвиль – Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Жан Тапин, Джермано – Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Азамат Жылтыркөзов, Бланзак – Евгений Чайников, Ержан Саипов, Лючилла – Салтанат Мұратбекова, Малика Минизини, Дормонт – Рамзат Балакишиев. Клавесин партиясында – Елена Сахно, Жанар Ахметова. «Астана Опера» камералық оркестрі дирижер Руслан Баймурзиннің жетекшілігімен өнер көрсетеді. Қоюшы дирижер – Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Абзал Мұхитдин, қоюшы режиссер – Алла Симонишвили, сценограф және костюмдер бойынша суретші – Манана Гуниа. Жобаның техникалық директоры – Виктор Караре, қоюшы режиссердің ассистенттері – Еренбақ Тойкенов, Алтынғаным Ахметова, жоба үйлестірушісі – Маржан Жәкенова. 10 наурыз сағат 19.00-де театрдың Мәрмәр залында «Барокко құдіреті» концерті өтеді. Көрермендер Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Абзал Мұхитдиннің жетекшілігіндегі «Астана Опера» камералық оркестрінің сүйемелдеуімен театрдың жетекші солисі, Башқұртстанның еңбек сіңірген әртісі, сопрано Альфия Каримовамен бірге Асқақ барокконың арғы дәуіріне музыкалық саяхат жасайды. Хас шебер әртістердің өзіндік интерпретациясында Г.Ф.Гендельдің «Мессия» кантатасынан ария, «Альмира» операсынан Альмираның ариясы, «Альцина» операсынан Моргананың ариясы, «Ғажайып Құдайынан алыста» кантатасынан «Толқыны қатты теңіздегі кеме» ариясы шырқалады. Сондай-ақ кеш бағдарламасына И.С.Бахтың «Магнификат» шығармасынан ария, А.Вивальдидің «Баязет» операсынан Иренаның ариясы мен «Гризельда» операсынан Констанцаның ариясы енді. 14 наурыз күні сағат 18.00-де «FORTE-TRIO шақырады» топтамасынан камералық музыка кеші өтеді. Қазақстан Республикасының FORTE-TRIO мемлекеттік триосының музыканттары Л. ван Бетховеннің осы жанрдағы ең танымал шығармаларының бірі болып табылатын Фортепианоға арналған триосын, op.70 n.1 («Ghost») орындайды. ХIХ ғасырдың екінші жартысындағы француз композиторы Э.Шоссонның Фортепианоға арналған триосы, соль минор, op.3 жалынды, құштарлыққа толы сезім білдіруден бастап үміт үзілген қайғылы сәттерге дейінгі адам күйзелісінің кең ауқымын паш етеді. ҚР FORTE-TRIO мемлекеттік триосының құрамы: ұжымның көркемдік жетекшісі, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Тимур Урманчеев (фортепиано), «Астана Опера» оркестрінің солисі Қаламқас Жұмабаева (скрипка), Мұрат Нарбеков (виолончель). 19 және 20 наурыз сағат 19.00-де Г.Доницеттидің «Дон Паскуале» комедиялық операсы ұсынылмақ. Ең танымал итальяндық опералардың бірінің қойылымы «Piccolo» камералық театры жобасы аясында іске асырылды. Г.Доницеттидің музыкалық жауһарында барлығы – махаббат, жасандылық, қатаң ойын, орынды қылық, түрлі киім ауыстырылатын күлкілі жағдайлар, көңіл қалу мен әшкерелеу де бар... Норина – Айзада Қапонова («Құрмет» орденінің кавалері), Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Салтанат Ахметова, Эрнесто – Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Жан Тапин, Нарұл Тойкенов, Малатеста – Ержан Саипов, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Азамат Жылтыркөзов, Дон Паскуале – Евгений Чайников, Шыңғыс Расылхан, Карлито – Ерұлан Кәмел, Руслан Совет. «Астана Опера» оркестрі, хоры және мимансы. Дирижер – Руслан Баймурзин, бас хормейстер – Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Ержан Дәуітов, концертмейстерлер – Елена Сахно, Ирина Кургузкина, Жанар Ахметова, Меруерт Жекенова, Жаңыл Рақымбекова. 22 наурыз күні сағат 15.00-де елордалық театрдың опера солистері мен оркестр әртістері табиғаттың көктемгі жаңаруы, қайта түлеуі мен достық мерекесіне арналған «Қош келдің, Наурыз!» концертін ұсынады. Бағдарламада – отандық композиторлардың ариялары, әндері, романстары, аспаптарға арналған шығармалары, сонымен қатар қонақжай қазақ даласында бір шаңырақ астында бейбітшілік пен келісімде өмір сүріп жатқан этностардың музыкалық дәстүрлері. 25 наурыз сағат 19.00-де Қазақстан Композиторлар одағы «Наурыз шашу!» концертін өткізеді. Концертте Е.Рахмадиев, Ғ.Жұбанова, К.Дүйсекеев, Б.Кыдырбек, А.Райымқұлова, С.Әбдінұров, Г.Өзенбаева, Ә.Әбдінұров, А.Жайым, А.Тәни, Ә.Қадыров, Н.Таңатар, Л.Жұманова, К.Измаилова және т.б. қазақстандық авторлардың камералық әрі вокалдық шығармалары орындалады. Наурыз мейрамына арналған кешке Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Азамат Жылтыркөзов (баритон), Әсем Сембина (сопрано), сондай-ақ Әліби Әбдінұров, Арман Жайым, Сабина Щербакова, Карина Измаилова (фортепиано), Назгүл Таңатар (домбыра), Әзімхан Абдулазим (валторна) қатысады. 27 наурыз сағат 15.00-де ең жас өнерсүйер қауымға Т.Бейсембектің «Самұрық келген таң» музыкалық ертегісі қазақ тілінде ұсынылады. Ертегі киелі Самұрық құсын іздеп шыққан Айдар мен Айжанның бастан кешкен оқиғаларын баяндайды. Ержүрек батырлар мен олардың сенімді достарын ғажайып «Мәңгілік ел» күтіп тұр. Музыка мен либретто авторы – композитор, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі Тілеуғазы Бейсембек. Шығарма «Тәуелсіздік толғауы» VII республикалық байқауының «Балаларға арналған драмалық туынды» аталымы бойынша I сыйлық лауреаты болып табылады. Әже – Гүлжанат Сапақова, Қасқыр – Құлын Дәулетбек, Түлкі – Әсем Сембина, Аю – Шыңғыс Расылхан, Барыс – Рамзат Балакишиев, Көктем – Назым Сағынтай. «Астана Опера» театрының оркестрі, мимансы және балалар студиясы. Қоюшы режиссер – Еренбақ Тойкенов, дирижер – Руслан Баймурзин. Балалар хорының жетекшісі – Алтынғаным Ахметова, жауапты концертмейстерлер – Меруерт Жекенова, Жаңыл Рақымбекова, жоба жетекшісі – Маржан Жәкенова. 28 наурыз сағат 18.00-де «Қазақквартет шақырады» топтамасынан «Бела Бартокты ту етіп» концерті өтеді. Ғазиза Жұбанова атындағы Мемлекеттік ішекті аспаптар квартеті венгр композиторы Бела Бартоктың 140 жылдығына арналған концерттер сериясын жалғастыруда. Қазақстандық музыканттармен бірге танымал ресей кларнетшісі, Башқұртстанның еңбек сіңірген әртісі Артур Назиуллин өнер көрсетеді. Концерт бағдарламасында Б.Бартоктың №4 ішекті аспаптар квартеті және И.Брамстың Кларнет пен ішекті аспаптарға арналған квинтеті, си минор, ор.115 орындалады. Ішекті аспаптар квартетінің құрамы: Айдар Тоқталиев (1-ші скрипка), Алексей Лебедев (2-ші скрипка), Бекзат Сайлаубайұлы (альт), көркемдік жетекшісі – Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Ернар Мыңтаев (виолончель).