Боранды күні жүкті келіншек жолда босанып қалды

Бір күннің ішінде толассыз жауған қар Ақтөбе мен Қостанай облыстарының тұрғындарын әбігерге салды. Ескертуге қарамастан жолға шыққан жүргізушілер жолда тұрып қалды. Олардың арасында жүкті келіншек те бар екен. Айы-күні жетіп отырған әйелдің толғағы қысып, жол бойында босануға тура келген. Абырой болғанда бала да, ана да аман.  Бұл туралы Еуразия бірінші арнасы хабарлады.

Төтенше жағдайлар қызметіндегілер тас жолда көлігі тұрып қалғандарды қар құрсауынан шығарып, жылыту бекеттеріне жеткізуде. Ақтүтек боран мен қалың қардан жолда қалған жолаушылардың арасында болған жүкті әйел аман-есен босанды. Құтқарушылар ана мен балаға жедел көмек көрсетіп, құтқарып қалды.

Айта кетейік, Қазгидромет алдағы күндері Қазақстанның басым бөлігіне оңтүстік Каспий циклоны ықпал етіп, күн құбылмалы болып, жаңбыр, қар жауатынын хабарлады.

Болжамға сүйнсек, солтүстікте қалың қар, оңтүстікте жаңбыр мол көлемде жауады. Республика бойынша кей жерлерде тұман түсіп, көктайғақ, бұрқасын болып, жел күшейеді. Төтенше жағдай мамандары боранды күні жолға шықпауға кеңес береді.

Back to top button