Қазақ медицинасы: жетістігі мен кемшін тұсы

Қазақ медицинасы: жетістігі мен кемшін тұсы

Қазақ медицинасы: жетістігі мен кемшін тұсы
ашық дереккөзі
13517
Денсаулық сақтау жүйесі – қоғамның әлеу­меттік өмірінің ең маңызды саласы. Елімізде денсаулық сақтау саласын жетілдіру үшін жыл сайын орасан зор қаржы бөлініп, жеке меншік секторды қоса отырып қаржыландыру мен бас­қарудың жаңа әдістері енгізіліп жатыр, дәрі­герлерді оқыту мен олардың білік­тілігін арттыру бойынша жаңа кадр сая­саты қалыптасып келеді. Алайда отандық медицина саласының ақсап жатқан тұс­тары да жоқ емес. Тәуелсіздіктің 30 жыл­ды­ғында қазақ медицинасы қандай жетіс­тікке жетті, қан­дай кемшілікке жол берді және болашағынан қан­дай үміт күт­тіреді деген сауалдарға сарап­шы­лар­дың пікірін сұраған болатынбыз.  width= Жақсылық ДОСҚАЛИЕВ, медицина ғылымдарының докторы, профессор, МҒА академигі: Трансплантология саласының болашағы зор
 – Адамның жасымен қарасақ, 30 жыл көп уақыт емес, ал күтсең ұзақ мерзім. Осы жылдар арасында отандық ме­ди­цина саласында біршама оң өзгерістер болды. Тәуел­сіздігімізді жариялай отырып шетелмен бұрынғы қарым-қа­тынасымыз үзілді. Шетелмен байланыс қайта жандан­ған­ша медицина саласы дәрі-дәрмек тапшылығына ұшырады, бұл уақытта диагностика жасайтын құралдардың көбісі кө­нерген еді. Тіпті дәріні базардан сатып алатын жағдайға жет­тік. Өйткені дәрі қат кезде кейбір адамдар үйіндегі ар­тық дәрілерін базарда бір түйірлеп сатты. Ал дәрі-дәрмекті да­лаға шығаруға, күннің көзіне қоюға болмайды, оны сақ­таудың өзінің ережесі бар. Одан бөлек медицина қыз­меткерлері жарты жылдап жалақысын ала алмаған кездер бол­ды. Осы жылдары Денсаулық сақтау министрлігі жабы­лып, комитет деңгейіне дейін түсіп кетті. Қайбір жылы білім беру, спорт, денсаулық сақтау сынды 7-8 министрлік бірікті. 1998 жылы «Қазақстан –2030» бағдарламасы қабылдан­ған­нан кейін Денсаулық  сақтау министрлігі агенттік болып, кейін қайта министрлікке айналды. Аталған бағдарлама ая­сында медицина саласы алға жылжып дами бастады. Ал­ғаш осы стратегияны оқыған кезде «бұған біз жетеміз ба, жоқ па?» деп ойлайтынмын. Қазір қарасаң бағдарламаның 70 пайы­зы орындалып қойыпты. Отандық медицинаны дамытуда осыған дейін бірнеше бағ­дарлама қабылданды. Ең алғашқы бағдарлама – бес­жылдыққа арналған «Халық денсаулығы» мемлекеттік бағ­дарламасы. Содан кейін «Денсаулық сақтауды реформалау мен дамытудың 2005-2010 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы», «Саламатты Қазақстан», «Денсаулық» және қа­зіргі таңда «Денсаулық сақтауды дамытудың 2020-2025 жыл­дарға арналған жаңа мемлекеттік бағдарламасы» жүзеге асы­рылып жатыр. Бүгінгі таңда медицина саласына бөлініп жат­қан қаржы ЖІӨ-нің 4 пайызына тең, бұл әрине аздау. Бола­шақта денсаулық сақтау саласына бөлінетін қаражат көле­мін 6 пайызға дейін жеткізу жоспарланып отыр. Жалпы, ел астанасының Алатаудан Сарыарқа төсіне кө­шуі қазақстандықтардың әрбірінің өміріне әсер етті, адам­дарға ерекше серпін берді. Әсіресе медицина бойынша астана дамудың локомативі болды. Елорда төрінен Ұлттық ғы­лыми медициналық орталық, Ұлттық медициналық хол­динг бой көтерді. Оның құрамына Республикалық диаг­ностикалық орталық, Ұлттық ғылыми ана мен бала ден­саулығы орталығы, Ұлттық нейрохирургия орталығы, Ұлт­тық балалар оңалту орталығы, Ұлттық ғылыми онкология орта­лығы еніп, орталықтар соңғы үлгідегі медициналық құрал-жабдықтармен жабдықталып, жаңа технологиялар еліміздің түкпір-түкпіріне тарай бастады. Тәуелсіздік алған кезде Алматыда бір ғана кардиохирургиялық орталық болса, қазір әр облыста бар. Мұның нәтижесі – асқынған инфаркт­тың бір тәуліктегі өлімі 67 пайызға дейін азайды. Кардио­хирургиялық операция жасау бойынша еліміз  дамудың биік шыңына жетті. 30 жылдың ішінде жүректі алмастыратын болдық. Туберкулезді ауыздықтадық деп айтуға болады. Бірін­ші туберкулездің диагностикалық жағы күшейді, екін­ші науқастарға арналып стационарлар салынды. Тубер­кулезді емдеуге байланысты жаңа тәсілдер қолданылды. Қазір елімізде туберкулездің асқынған түрімен ауыратындар саны мен өлім саны азайды. Кезінде туберкулезбен ауыр­ғандарға арнап салынған ғимараттар қазір басқа мақсатта қыз­мет етіп жатыр. 2012 жылдан бастап елімізде трансплантология саласы өте қарқынды дамыды. Қазір біз трансплантология бойын­ша көп елмен тереземіз тең дәрежеде тұрмыз. Біз бүгінде бауыр­дың, өкпенің, бүйректің және жүректің трансп­лан­тациясын жасаймыз. Қазақстан әлем бойынша алғаш рет адамның ұрығынан алынған жасушаны ары қарай өсірумен айна­лысты. Мұндай жасуша технологиясы арқылы кейбір ауру түрлерін емдеуге болады. Олардың қатарына бүйрек, бауыр, қалқанша безі, шеміршек пен адамның жүйке жүйесі ауруларын жатқызамыз. Бұл бағытта жақында менің бір топ әріптестерім Қазақстанның мемлекеттік сыйлығын алды. «100 мектеп, 100 аурухана» бағдарламасы отандық ме­ди­цина саласын дамытуға айрықша үлес қосты. Бағ­дарламаны жүзеге асыру аясында аудан орталығына дейін жаңа ауруханалар салынды. Кешегі пандемия жағдайында сол ауруханалар науқастарға ем жүргізетін орталыққа ай­налды. Амбулаториялық көмекті ары қарай дамыту мақ­сатында көптеген емхана, диспансер салынды. Денсаулық сақтау жүйесіндегі қазіргі таңда дамып келе жат­қан – МӘМС жүйесі. Дамыған елдерде адамның ден­саулығына бөлінетін қаражат 3 жерден: мемлекет тара­пынан, жұмыс беруші тарапынан және жұмыс істейтін адам­нан алынады. Мінеки, осы үшеуін қосқанда біраз қара­жат жиналады, сәйкесінше адамға сапалы медициналық кө­мек көрсетуге болады. Пандемия кезінде ауруханада нау­қастарға жататын орын болмады, осы кезде жаңа ста­ционарлар шұғыл салынды. Науқастардың дәрі-дәрмегі, ме­дицина қызметкерлеріне беретін жалақысы, үстемақысы бар, соның бәрі осы қордан алынды. Қор болмағанда біз қина­лып қалатын едік. Мұндай қоры жоқ көршілеріміздің қи­налып қалғанын көзіміз көрді. Бұл жүйені ары қарай да дамыта берсек, түсетін қаражат мөлшері де арта бермек. Бүгінде отандық медицина саласы оңалту шараларына ба­сымдық бере бастады. Еліміздің әр өңірінде шипажайлар, емдеу-сауықтыру орындары, оңалту орталықтары салынып жатыр. Бір айта кетерлігі, денсаулық сақтау саласына мемлекет тарапынан бөлініп жатқан қаражат жеткілікті.  Бас­қа елдердің пандемия кезінде өзінің халқына үлкен кө­мек көрсетіп жатқанын көріп тұрған жоқпын. Мысалы, ха­лықты вакцинациялауға министр 15 млрд теңге бө­лін­генін хабарлады. Бұл қаражатқа жыл соңына дейін 6 млн адам­ға тегін екпе жасалады деді. Вакцина демекші, бұл ба­ғытта да еліміздің ғалымдары өз ізденістерін паш етті. Бүгінде Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымында 3 вакцинамыз тіркелді. Соның ішінде біреуі клиникалық зерттеудің үшінші сатысына өтті. Бұл отандық ғалымдардың бә­секеге қабілетті екенін көрсетеді. Тіпті кейбір дамыған ел­дердің әлі өз вакцинасы жоқ. Түркияның өзі Қытайдың вак­цинасын сатып алып жатыр. Жеткен жетістіктерге тоқмейілсіп отырмай, ары қарай да­мыған жөн деп санаймын. Сақтандыру қоры ары қарай жүйелі жұмыс істеп, әр адамның денсаулығын сақтауға жағдай туса деп ойлаймын. Біз халықтың 41 пайызға жуығы ауыл­дық жерде тұратынын ескеруіміз керек. Елді мекендерде медицина мамандары тапшы. Осы заманға сай мобильді теле­медицина дамыса, әр аудандық ауруханада 5-6 мобильді топ болса, қанша адамды ажалдан арашалап қаламыз. Мо­бильді телемедицина ауылға жетсе, бұл адамға да, мем­ле­кетке тиімді болмақ.
 width= Қайырғали КӨНЕЕВ, медицина ғылымдарының кандидаты, невропатолог: Медицина ғылымының даму көрсеткіші нөлге тең
– Соңғы 30 жылда біз денсаулық сақтау жүйесінің кері кет­кеніне куә болып жатырмыз. Өзбекстан, Украина, Грузия сын­ды елдер денсаулық сақтау жүйесін бізден әлдеқайда жақ­сы жетілдіріп алған, көрсеткіштері өте жақсы. Ал біз соңғы 5 жылда отандық денсаулық сақтау жүйесін толық күйреттік. Тізбектеп айтатын болсақ, дәлелді медицина қағидалары енгізілген жоқ. Қазақстанның фармацевтикалық нарығында дәрілердің 70 пайызға жуығы – тиімділігі дәлелденбеген пре­параттар. Мұның алдын алуда ешқандай жұмыс атқарылып жатқан жоқ. Денсаулық сақтау ми­нистрлігі керісінше мұндай жағдайды қолдап отыр. Мұндай дәрілер әлемнің басқа елде­рінде таралмайды, тек Ресей, Қазақстан, Африка елдерінде ғана таралады. Бұдан бөлек, ме­дицина саласы мамандарының біліктілігі төмен. Бұл денсаулық сақтау жүйесінің сапасына қат­ты әсер етеді. Біз еуропалық стандарттарды өкшелеп қуып жүргенде медициналық білім беру­ді қолдан шығарып алдық. Білім жүйесін жетілдірмедік. Ал медицина ғылымының даму көрсеткіші нөлге тең десек болады. Халықаралық басы­лым­дарда қазақстандық ғалымдардың еңбегінен дәйексөз алып, сілтеме көрсету жоқтың қа­сында. Өйткені біздің ғалымдардың еңбектері аз жарық көреді,  жаңалығы жоқ, сондықтан шет­елдік ғалымдар біздің ғалымдардың еңбегін мойындамайды. Осылайша отандық ме­дицина ғылымы құлдыраудың аз-ақ алдында тұр. Медицинаның негізгі 3 іргетасы бар. Олар: медициналық практика (адамдарды емдеу), медициналық білім беру және медицина ғылымы. Медициналық білім беру жүйесінде қазір жекешелендіру тенденциясы жүріп жатыр. Қазақстандағы білім беру орындарын жекешелендіру қандай схемамен жүретіні белгісіз, белгілісі беймәлім қара схемамен жүретіні. Мен үшін Қоғамдық денсаулық сақтау жоғарғы мектебін жекешелендіріп жатқаны мүлдем түсініксіз. Қазір медициналық білім беретін ЖОО-лар ғана емес, медициналық ұйымдар мен ме­кемелер де жекешелендіріліп жатыр.  Жалпы Қазақстан бойынша жекешелендіру толқыны жүріп тұр. Жекешелендірудің соңы штатты қысқартуға алып келеді. Бұл медициналық қызмет көрсету сапасына және медицина қызметкерлерінің әлеуметтік жағдайына әсер етеді. Мысалы, Алматыдағы Балалар стоматологиялық емханасы жекешелендірілгелі бері тоқсан сайынғы сыйақыдан айырылды. Кейін жалақыны, соңыра штатты қысқартты, бұл жұмыс істеп жатқан дәрігерлердің жүктемесін арттырады. Сатып алғандар медицина қызметкерлерінің жағдайын жа­саудың орнына барынша өздеріне тиімді етіп жағдай жасап алды. Осы орайда мен мем­лекеттен науқасқа бөлінетін 100 теңгенің 10 теңгесі оны емдеген дәрігерге, тек 1 теңгесі ғана науқастың дәрісіне жұмсалатынын айта кеткім келеді. Ал қалған 89 теңгенің қайда кететіні белгісіз. Статистика бойынша халықтың 40 пайызы ауылдық жерде тұрады. Олардың сапалы медициналық көмек алу мүмкіндігі жоқ. ЖОО енді бітірген мамандар ауыл ауруханасына жұмыс істеуге әрең барады.  Неге қалалықтарға басымдық беріледі де, ауылдағылардың сапалы кө­мек алуға мүмкіндігі жоқ? Бұл дұрыс емес және әділетсіз. Сондықтан медициналық са­нитарлық көмек тізімін бәсекеге қабілетті ортаға беру керек. Сонда ең тәжірибелі деген дәрігердің өзі ауылға барып медициналық көмек көрсетуге дайын болады. Мемлекеттен денсаулық сақтау саласына бөлінетін қаржы көлемін аз дей алмаймыз. Соңғы 30 жылда медицина саласына бөлінетін қаржы көлемі бірде-бір рет қысқарған емес. Бөлінетін қаражат көлемі жыл сайын кем дегенде 7 пайызға артып отырды. Бірақ осыған қарамастан материалдық-техникалық базаның сапасыздығы, медицина қызметкерлерінің өмір сүру сапасының нашарлағанын, медициналық көмектің қолжетімсіздігін көріп отырмыз. Бұдан бөлек «СҚ-Фармацияның» құрылуын бір мәселе деп қарастыруға болады. «СҚ-Фармация» құрылғалы түпнұсқа препарат шығаратын еуропалық фармкомпаниялар Қазақстанның фармацевтикалық нарығынан кетіп қалды. Өйткені оларға «СК-Фармацияның» басып-жаншуы әсер етті, тиімсіз болғандықтан олар елімізде жұмыс істей алмады. Медицинада түпнұсқа және дженерик деген ұғым бар. Дженерик дегеніміз – бұл түпнұсқаның дәлелденген фармацевтикалық, биологиялық және терапиялық баламасы бар дәрілік препарат. Былайша айтқанда, түпнұсқаның лицензияланған телнұсқасы, яғни екінші нұсқасы. Дженерик дегеніміз – түпнұсқа пайда болғаннан кейін 5-7 жылдан соң пайда болады. Мысалы, фармацевтикалық компания дәріні шығарғаннан соң біршама жылдан кейін өнімнің лицензиясын сатуға міндетті. Дженериктер осындай жолмен пайда болады. Қазақстанда Пәкістан, Үндістан, Түркияның дженериктері сатылады. Олардың бағасы  Қырғыз Республикасы, Өзбекстан, Ресейге қарағанда бірнеше есе қымбат. Яғни біз Қазақстан территориясында отырып лицензия бойынша өндірілетін дженерик препараттарды түпнұсқадағы бағамен өте қымбатқа сатып алып жатырмыз. Осы орайда «СҚ-Фармацияның» бізге қажеті бар ма деген сұрақ туады. Мүмкін МӘМС жағдайында оның қажеті жоқ шығар.

 width= Дереккөзі: Ranking.com

Денсаулық сақтау жүйесін қаржылық қамтамасыз ету көздеріне бюджет қаражаты, ерікті медициналық сақтандыру қаражаты, ақылы қызметтер көрсетуден алынған қаражат және Қазақстан Республикасының заңнамасына қайшы келмейтін өзге де көздер жатады. Негізі қар­жыландырудың түрі бюджеттік және ақылы деген сияқты 1-2 түрден көп болмауы керек. Қарапайым мысал, тіркелген емханадағы дәрігер сізге УЗИ жасау керек дейді. Тіркеу бөліміне келіп «Мені УЗИ-ге жіберді» дейсіз. Тіркеу бөлімі сізге екі айдан кейін келіңіз деп айтады. Ал сізге УЗИ қорытындысы дәл қазір керек. Осыны айтсаңыз олар «Сіз бізден ақылы УЗИ-ге түсе аласыз» дейді. УЗИ-ге тегін де, ақылы да түсіретін сол бір дәрігер. МӘМС бойынша жұмыс істейтін  клиникалар ешқандай ақылы қызмет көрсетпеуі керек. Өз кезегінде ақылы клиникалар МӘМС бойынша қызмет көрсетпеуі керек. Олардың аражігі ажыратылмаған, бұл жағынан келгенде бізде бейберекетсіздік көп. Еліміздің денсаулық сақтау жүйесінің қандай екенін коронадағдарыс көрсетіп берді. Осы орайда не істемек керек деген заңды сауал туындайды. Мен практикалық, отбасылық дәрігерлердің уәкілеттілігін арттыру керек деп айтар едім. Медициналық санитарлық көмекке бөлінетін ақша медициналық ұйымдарға емес, дәрігерлерге түссін. Сонда дәрігерлердің жалақысын көтеретін кезде бюджетті сорып отырған паразиттер өздігінен жоқ болып кетеді. Сәйкесінше жалақы өскен соң медициналық көмек сапалы әрі қолжетімді болады.
 width= Тимур САЛИЕВ, Б. Атшабаров атындағы Іргелі және қолданбалы медицина ғылыми-зерттеу институтының директоры: Ауылдағы педиатр мен терапевт рөлін арттыру қажет
– Кез келген ел халқының өмір сүру сапасының жоғарылығы ден­саулық сақтау жүйесімен тығыз байланысты. Денсаулық сақ­тау жүйесінің тиімділігі бүкіл елдің саяси, әлеуметтік салаларына ғана емес, сонымен бірге бірінші кезекте экономикалық жүйеге тіке­лей әсер етеді. Коронавирус эпидемиясы бірқатар елдерде ал­ғаш­қы медициналық-санитарлық көмек ұйымдарының әл­сіздігін көрсетті. Бұл ретте бірқатар ауруханалар медициналық кө­мекке жүгінген пациенттердің көптігіне байланысты толып кетті. COVID-19 пандемиясына байланысты осындай жағдайлар ден­саулық сақтау жүйесінің экономиканың және басқа да өмірлік маңыз­ды мемлекеттік процестердің үздіксіз жұмыс істеуде рөлі маңыз­ды екенін дәлелдеді. Медициналық санитарлық көмек – денсаулық сақтаудың ажырамас маңызды бөлігі. Осы тұрғыда учаскелік дәрігерлер мен емханалардың рөлін қайта жарақтандыру және жұмысты оңтайландыру, әсіресе ауылдық жерлердегі учаскелік терапевтер мен педиатрлардың жұмыс жағдайлары қайта қаралуы керек. Жасыратыны жоқ, аталған мамандықтар әлеуметтік қорғалу мен жалақының төмендігіне байланысты жастар арасында сұранысқа ие бола алмай отыр. Денсаулық сақтау жүйесінің тиімділігін арттырудың екі негізгі тәсілі бар. Бірінші – Денсаулық сақтау саласына қосымша қаражат салу. ТМД елдері денсаулық сақтау саласына бөлетін қаражат пайызы (ЖІӨ) бойынша әлемнің дамыған елдерінен едәуір артта қалғаны жасырын емес (АҚШ-та 17,7 пайыз, Ресейде шамамен 5 пайыз). Әртүрлі елдердегі денсаулық сақтау жүйелері­нің айырмашылығына қарамастан, қаржыландыру қағидасы халықтың денсаулығына жауапты бүкіл жүйенің жағдайын көр­сетеді. Екінші тәсіл – қолда бар құралдарды, адами ресурстарды және медициналық инфрақұрылымды оңтайландыру және ұтымды пай­далану. Денсаулық сақтау жүйесі ашық, анық, үйлесімді және тиім­ді ұйымдастырылмаған жағдайда, қаржыны өлшеусіз құю пай­дасыз болатыны анық, оған қоса, бұл экономика мен әлеу­меттік саланың басқа секторларынан қаражат бөлуді талап етеді. Отандық денсаулық сақтау жүйесінің тиімсіздігін көрсететін не­гізгі салалар: фармацевтика, еңбек ресурстары, аурухана қоры, сыбайлас жемқорлық салдарынан болған шығындар және ре­сурстарды үнемді пайдаланбау. Осы орайда еліміздің фармацевтика саласы ерекше назар аударуды талап етеді. Бұл ретте тиімді, сапалы және қымбат емес дәрілік заттарды өзімізде өндіру фармацевтика өнеркәсібін да­мы­тады, импортқа тәуелділікті азайтады. Бұдан басқа, дәрі-дәрмектер мен медициналық қызметтерді отандық өндіру­шілердің бәсекеге қабілеттілігін күшейту үшін GMP, GCP және GLP халықаралық стандарттарын барынша белсенді енгізу қажет. Фар­мацевтика және денсаулық сақтау саласында шетелдік инвес­торларды тарту мақсатында қолданыстағы салық және ұйым­дастыру жағдайларын оңтайландырып, оңайлату қажет. Меди­цина саласындағы озық әдістерді енгізу үшін сынақтар жүргізуді жеделдету және жаңа дәрілік препараттар мен емдеу тәсілдерін тіркеу үшін заңнамалық базаны оңтайландыру маңызды. Қазақстанның медициналық жоғары оқу орындары мен ғылыми орталықтарының әлемнің үздік университеттерінің рейтингтеріндегі (QS World University Rankings-ті қоса алғанда) жағдайын жақсарту үшін осы ұйымдардағы ғылыми сегментті қаржыландыруды толық қайта қарау, яғни медицина ғылымын «қалдық қаржыландыру» қағидатынан алшақтату қажет. Жақында коронавирусқа қарсы вакцина жасау мысалында қазақстандық ғалымдар елдің медицина ғылымы бәсекеге қабілетті және елдің өзекті мәселелерін шешуге тиімді көмектесе алатынын көрсетті. Бірақ сонымен бірге ғылыми орталықтарды дамытуға және жас ғалымдарды қолдауға назар аудару қажет. Елімізде медициналық генетика, фармако-геномика, эпидемиология, био-информатика, биофизика, жасушалық инженерия және т.б. жөніндегі мамандарды қоса алғанда, денсаулық сақтау және биомедицина саласындағы жас мамандардың тапшылығы сезіледі. Әлеуметтік және қаржылық ынталандыру шараларын қоса алғанда, жас мамандарды оқыту және ұстап қалу үшін шаралар әзірлеу талап етіледі (базалық мөлшерлемелер мөлшерін ұлғайту, тұрғын үй беру және тұрғын үйге жеңілдікті несиелер беру және т. б.). Сондай-ақ, базалық мөлшерлемелерді және медицина қыз­мет­керінің еңбегіне ақы төлеу қорын есептеу жөніндегі фор­мальді тәсілдемеден алшақтау қажет. Осы тұрғыда медициналық ғы­лыми ұйымдарға осы ұйымдағы мамандардың қажеттіліктеріне қарай жалақы деңгейін қалыптастыру және есептеу құқығын беру маңызды деп санаймын. Еліміздегі медициналық ұйымдардың әлсіз техникалық инф­рақұрылымы мен жарақтандырылуы медициналық ақ­параттық жүйелерді толық ауқымды енгізуді жүзеге асыруға мүм­кіндік бер­мейді. Ауылдық өңірлерде медицина қызмет­кер­лерінің жұмыс орын­дары дербес компьютерлермен жабдық­тал­маған, құры­лымдалған кабельдік жүйе мен серверлік жабдық жоқ. Елдегі денсаулық сақтау жүйелерін жедел цифрландыру қажет. Денсаулық сақтау және ғылым жүйесінің АТ-инф­ра­құры­лымын дамыту жасанды интеллект, блокчейн (block-chain) мүм­кіндіктерін, «ақылды» (smart)-құрылғыларды пайдалануды, вир­туалды клиникалық сынақтарды, телемедицинаны және ме­дициналық роботтарды енгізуді қоса алғанда, озық әдістерді ен­гізу үшін қажет. Мысалы, денсаулықтың маңызды көр­сет­кіштерін бақылау, патологияның таралуын модельдеу және белгілі бір аурудың өршуін болдырмау жолдарын іздеу үшін басқа қол­даныстағы медициналық жүйелермен smart құрылғыларын қол­дануға болады. COVID-19 эпидемиясы сияқты соңғы жаһандық сын-қатерлер жағдайында «ақылды» құрылғыларды пайдалану адамдардың денсаулығын қашықтан бақылауда үлкен рөл ат­қаратынын көрсетті. Сонымен қатар телемедицинаның дамуына ерекше назар ау­дару керек, бұл дәрігерлерге пациенттерді телекомму­ника­циялық технологияларды қолдана отырып бағалауға, диагноз қоюға және емдеуге мүмкіндік береді. Бұл әсіресе ауылдық жерлерде және эпидемия кезінде өте маңызды. Телемедицина медициналық деректерді жинау, сақтау және бөлісуді қамтиды, пациенттерді қашықтан бақылау және интерактивті телеме­дициналық қызметтерді ұсынады. Сонымен қатар, телеме­ди­циналық платформалар пациенттерге қашықтан білім беру мен оқытуды жүргізуге, әкімшілік басқаруды оңтайландыруға, соның ішін­де теле-Денсаулық сақтау желілеріндегі кездесулерді оңтай­ландыруға, қызметкерлерді бақылауды жақсартуға және меди­циналық тақырыптар бойынша әртүрлі презентацияларды қа­шықтан жүргізуге мүмкіндік береді.

Серіктес жаңалықтары