Қазақ спорты: отыз жылдың олжасы қандай?

Қазақ спорты: отыз жылдың олжасы қандай?

Қазақ спорты: отыз жылдың олжасы қандай?
ашық дереккөзі
Мемлекеттік Ту тек екі жағдайда, Ел Президенті шетелге іссапармен барғанда және спортшылар әлемдік ареналарда жеңіс тұғырына шыққанда көтерілетіні белгілі жайт. Президенттен кейін осындай мәртебеге ие спортшылардың мемлекет үшін маңызын осыдан-ақ бағамдай беруге болады. Ел абыройын асырып, мерейін үстем етіп жүрген атлеттеріміздің еңбегі орасан. Ал спорт ұйымдарының басшылары сол сайыпқыран спортшыларға қаншалықты қолдау көрсетіп жүр? Тәуелсіздік алған отыз жыл ішінде қазақстандық спортшылардың қарымы қандай болды? Бұқаралық спорт үшін не істелінді? Кәсіби спорттың кемшін тұстары қандай? Осы сұрақтарға жауап алу және Қазақстан спортының өткені мен бүгінін саралап, келешегіне көз жүгірту мақсатында отандық спорттың басы-қасында жүрген мамандардың пікірін білген едік.  width= Хабибулла МОЛЛАҚАНАҒАТҰЛЫ, Қазақстан Мәдениет және спорт министрлігі Спорт және дене шынықтыру істері комитеті Жиынтық-талдау басқармасының басшысы: Спорт саласы отыз жыл бойы Отанға деген сүйіспеншілікті нығайтты
–Тәуелсіздік алған отыз жылда елімізде 25-тен астам ұлттық спорт түрі дамыды. Со­ның ішінде, қазақ күресі, саятшылық, асық ату және тоғызқұмалақ секілді ұлттық спорт түрлері ЮНЕСКО мәдени мұрасының ті­зіміне енгізілді. Бүгінде елімізде ұлттық спорт түрлерінен 8 мамандандырылған спорт клубы, 13 мамандандырылған спорт мек­тебі және 45 ипподром жұмыс істейді. «Қа­зақстан Барысы» республикалық турнирі де ұлттық спорттың брендіне айналды. Сон­дай-ақ, «Әлем барысы», «Жас барыс» сынды жа­рыстардың да мәртебесі артуда. Білім беру­дің барлық деңгейіндегі дене шынық­тыру сабақтарына қазақ күресі, тоғызқұ­ма­лақ, асық ату ойындарын енгізу қолға алы­нып жатыр. Жалпы,  дене шынықтыру саласында жүр­гі­зілген мемлекеттік саясат бұқаралық спорт пен кәсіби спортты қарқынды түрде дамыт­ты. Ведомстволық статистикалық есепке сәйкес, 2020 жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша республикада 41 352 спорт ғи­мараты (ауылдарда 23 693) жұмыс істеп тұр. Елімізде VII Қысқы Азия ойындары мен XXVIII Дүниежүзілік қысқы универсиада сияқ­­ты ірі спорттық жарыстардың өт­кі­зілуіне орай, ірі қалаларда әлемдік стандарт­тарға сәйкес келетін бірқатар ірі спорт ғи­мараттары («Сарыарқа» республикалық велотрегі, «Астана Арена», «Алатау» шаңғы жә­не биатлон стадиондарының кешені, «Барыс Арена», «Алау», «Алматы Арена», «Ха­лық Арена» мұз айдындары, «Сұңқар» шаңғы трамплиндерінің халықаралық кешені) және Олимпиада ауылдарына ұқсас атлетикалық қалашық салынды. Сонымен қатар, балалар мен жастарға спортпен белсенді түрде шұғылдануға жағ­дай жасалынды. Қазір Қазақстанда 2 мил­лионға жуық мектеп оқушысы спортпен шұ­ғылданады. Сондай-ақ, ел аумағында 477 ба­лалар мен жасөспірімдер спорт мектептері, спорт­та дарынды балаларға арналған 17 мек­теп-интернат жұмыс істейді. Жоғары оқу орындарында да спортқа ба­са көңіл бөлініп жатыр. Университеттер жа­нынан 113 спорт клубы мен 2 мыңға жуық спорт секциялары ашылды, онда 177 263 сту­дент спортпен шұғылданады. Сондай-ақ, Ұлт­тық студенттер лигасы да тұрақты түрде өт­кізіліп келеді. Осы отыз жылдың ішінде мүмкіндігі шек­теулі адамдар да дене шынықтыру және спортпен шұғылдануға көптеп жұмыл­дырыл­ды. Қазір 34 114 мүмкіндігі шектеулі тұлғаларға арналған 13 спорт клубы және 3 мек­теп жұмыс істейді. Жыл сайын олардың қа­тысуымен 40-тан астам халықаралық және рес­публикалық чемпионат пен турнир өт­кізіледі. Елімізде спорт түрлерінен 101 респуб­ликалық федерация жұмыс істейді. Қазақстан алғаш рет тәуелсіз мемлекет ре­тінде 1994 жылы Норвегияның Лиллехам­мер қаласында өткен XVII қысқы Олимпиада Ойындарына қатысты. Онда аты аңызға ай­налған жерлесіміз Владимир Смирнов тәуелсіз Қазақстан тарихында тұңғыш рет 1 ал­тын және 2 күміс медальге ие болды. Бұл же­тіс­тік арқылы Қазақстан құрамасы алғаш­қы олимпиадасында-ақ жалпыкомандалық есепте 12-орынға табан тіреді. Тәуелсіздік жылдарында ел намысын қор­ғаған қазақстандық спортшылардың же­тістігі төмендегідей: – қысқы Олимпиада ойындарында (1994, 1998, 2002, 2006, 2010, 2014, 2018) 1 алтын, 3 кү­міс, 4 қола медаль; – жазғы Олимпиада ойындарында (1996, 2000, 2004, 2008, 2012, 2016)     15 алтын, 21 кү­міс, 28 қола медаль; – жазғы Жасөспірімдер Олимпиада ойын­дарында 10 алтын, 6 күміс, 9 қола ме­даль; – қысқы Жасөспірімдер Олимпиада ойын­дарында 1 күміс, 4 қола медаль; – жазғы Паралимпиада ойындарында 1 ал­тын, 1 күміс медаль; – қысқы Паралимпиада ойындарында 1 ал­тын, 1 күміс медаль; – паралимпиадалық спорт түрлерінен жазғы әлем чемпионатында 5 алтын, 6 күміс, 3 қола медаль; – паралимпиадалық жазғы Азия ойын­дарын­да 12 алтын, 21 күміс, 26 қола медаль. – жазғы Азия ойындарына  155 алтын, 158 күміс және 244 қола медаль; – қысқы Азия ойындарында 78 алтын, 62 күміс және 56 қола медаль. Қазақстанда 2011 жылғы VII қысқы Азия ойындарының өткізілуі жалпыұлттық спорт­тың мерейін асырды, онда ел құрамасы жеңіп алған медальдар бойынша рекорд ор­­на­тып, бірінші орынға ие болды. Сонымен қатар, ұлттық құрама спорт­шылары қысқы олимпиадалық спорт түр­лерінен әлем чемпионаттарында 5 алтын, 6 күміс, 7 қола медаль жеңіп алды. Ал жазғы олим­пиадалық спортпен айналысатын ат­лет­т­еріміз әлем чемпионаттарында спорт­шы­ларымыз  47 алтын, 52 күміс, 101 қола ме­­­даль иеленді. Сондай-ақ, осы жылдар ішінде бү­кіләлем­дік қысқы универсиадаларда ел абы­ройын асқақтатқан атлеттеріміз 29 алтын, 25 күміс және 33 қола медальды қоржынға сал­са, ал Бүкіләлемдік жазғы универсиа­да­лар­да бақ сынаған жастарымыз 22 алтын, 43 күміс және 38 қола медальды ұтып алды. Тәуелсіз Қазақстан тарихында алғаш рет Ал­маты қаласы 2017 жылы XXVIII Дүние­жү­зілік қысқы универсиаданы қабылдады. Атал­ған универсиадада қазақстандық сту­дент­тер құрамасы 36 медаль ұтып, жал­пы­ко­мандалық есепте 2-орынға тұрақтады. Тәуелсіздік жылдарында елімізде кә­сіп­қой спорт та қарқынды түрде дамыды. Ва­си­лий Жиров пен Геннадий Головкин бастаған кә­сіпқой боксшыларымыз елдің атын күллі әлем­ге танытты. Кезінде әуесқой бокста атой сал­ған Данияр Елеусінов те кәсіпқой бокста көк туымызды желбіретіп жүр. Биыл әлем бойын­­ша ең бедел­ді сана­ла­тын UFC лигасына тұңғыш рет үш қазақ­стан­дық спортшы қа­был­­данды. Соның ішінде отан­дасымыз Шавкат Рахмоновтың бағы ж­анып, әлем чемпионы атанды. Тәуелсіз Қазақстан тарихында спортшы­лары­мыз қол жеткізген жетістіктер мұнымен шектелмейді. Мен тек ең негізгі нәтижелерін атап өттім. Жалпы, отыз жыл бойы Отанға де­ген сүйіспеншілікті бекемдеп келген спорт са­ласы алдағы жылдары бұдан да жоғары қар­қынмен дамиды деп сенеміз.
 width= Есей ЖЕҢІСҰЛЫ, спорт журналисі: Қазақстанда спорттың бұқаралық си­па­ты білінбейді
– Жалпы, көптеген мемлекеттегідей қа­зақ спортында да күрмеуі шешілмеген мә­се­лелер өте көп. Бірақ жанкүйерлер бұл жайын­да көп біле бермейді. Ал біз шолушы жә­не спорт журналисі ретінде еліміздегі спорт саласында инфрақұрылымның ке­шеуіл­деп дамып жатқанын байқаймыз. Спорт түрлерін же­ке­лей қарастыратын бол­сақ, Қазақстанда фут­бол ойынын өткізуге лайық­ты, әлемдік стан­дартқа сай жалғыз ғана «Астана Арена» ста­дионы бар. Алайда, бұл стадионның га­зоны қолдан жасалынған. Жыл­дың төрт мезгілінде доп тебуге жарамды бол­ғанымен, ондағы көгал – кәсіпқой фут­бол­шы үшін өте ауыр төсеніш. Сондықтан та­биғи алаңда доп теуіп жүрген басқа елдің құра­ма команда­лары немесе клуб ойын­шылары бізге кездесу өткізуге келген кезде мұн­дай жасанды тө­се­нішке «жатырқай» қарай­ды, біздікілер ұтқан жағдайда «Астана» өз алаңында ойнап, мұн­дай алаңға бой үйрет­кендіктен жеңді деп ай­тады. Жалпы, «Астана Аренаның» газоны әр үш жыл сайын ауыстырылып отыруы тиіс. Десек те, ауыс­тырылған сайын небір мәсе­лелер туындайды. Мы­салы, 2020 жылы ауыс­тырған кезде мұ­ның соңы шуға ұласты. Біресе Италиядан шөп әкелінбей жатыр екен дегенді естісек, ен­ді бірде Голландиядан ма­ман келмей жа­тыр деген секілді сылтау­лар­ды естиміз. Ақы­рын­да төсеген төсеніштері дұрыс емес екен де­ген әңгіме тағы шықты. Осындайда бізде алаңды күтіп ұстайтын мамандардың же­тіс­пейтіні байқалады. Бір қызығы, кәсіпқой фут­болға арналып са­лынған «Астана Аре­на­да» әуесқой футбол ойын­дары да ұйым­дас­тырылады. Бұл – дұрыс емес. Ал Алматыдағы Орталық ста­дион кезінде еліміздің даңқын көтерген алаң болғанымен, кеңестік ке­зеңнен қалған ста­дион екені белгілі. Аталған стадион барлық талапқа сай келе бермейді. Әрине, «Қайрат» клубы Алматы қаласының әкім­шілігімен бірлесіп бұл стадионды өте жақсы деңгейде ұстап отыр. Бірақ три­бу­на­лары ойын алаңы­нан алыс орналас­тырыл­ған­дықтан, жан­күйерлер нағыз футбол ойынын көріп отыр­ғандай сезіне алмайды. Алайда бұл орталық ста­дионды тек фут­болға арнап жасақ­та­са, он­да біздің жеңіл атлеттер жатты­ға­тын жер қал­май қа­лады. «Алматы Аре­­наның» жа­ны­нан жеңіл атлеттерге ар­нал­ған стадион ашыл­­ды, бірақ аталған жаңа ке­шен үлкен жа­рыстар өткізуге жарамайды. Өткен жылы жазда қызылордалық «Қай­сар» командасы Шымкенттегі Қажымұқан Мұңайтпасов атындағы орталық стадионда кипрлік АПОЭЛ командасын қабылдады. Сонда алаңның жаз мезгілі бітпей жатып, сап-сары түске боялғанын байқадық. Осын­дайды көргенде бізде агрономдар дұрыс жұ­мыс істей алмай ма деген ой туады. Аталған ста­дион – еліміздегі ең үлкен стадиондардың бірі, бірақ бұған күтім жасалынбайды. Ке­зінде шаһар басшысы болған Ғабидолла Әб­діра­хымовтың сол алаңды жаңартуға 40 мил­лион АҚШ дол­ларын жұмсайды екен де­генді естігенмін. Бірақ жаңарған түгі жоқ, әлі күнге дейін ескі қалпында тұр. Талдықор­ған­дағы «Жетісу», Қызылордадағы «Қайсар», Қа­ра­ғандыдағы «Шахтер» командаларының ста­диондары да әбден ескіріп қалған. Жөндеу жұ­м­ыстары жасалынады, бірақ 2-3 жылдан кейін қайта тозып кетеді. Қазір бас қалада жеңіл атлеттерге ар­нал­ған кешен салынып жатыр, сол кешен іске қо­сылса тіпті жақсы болар еді. Өйткені қата­ры­­мызда спорт патшайымы саналатын жеңіл атлетикамен айналысатын атлеттер са­ны азайып барады. Өткен жылы Қазақстан чемпионатына кейбір бағдарлама бойынша екі-ақ спортшы қатысқан. Мәре сызығын бі­рінші болып кескені чемпион атанса, екін­ші болып келгені күміс жүлдені иеленді, ал қола жүлде ешкімге бұйырмады, себебі екеуі­нен басқа ешкім сайысқа түспеген. Қаты­су­шылар санының аздығы дұрыс жолға қойыл­маған инфрақұрылымның себебінен деп бі­лемін. Жалпы, елде спортқа арналған ғима­рат­тар көптеп салынып жатыр. Мысалы, жуырда Тал­дықорғанда әлемдік стандартқа сай жүзу ке­шені ашылмақ. Бұл – жақсы-ақ, бірақ мұ­ның барлығы қолға кеш алынды. Бұл ғи­ма­раттар 2010 жылы салынып бітуі тиіс еді. Мы­салы, жүзуден олимпиада чемпионы атан­ған Дмитрий Баландин жүзетін орын жоқ жерден «шығып» отыр. Олимпиада ойын­дарында жеңіл атлетикадан 48 медаль, жүзу спортынан 24 медаль таратылады, бір спорт­шының бір барғанда бірнеше медаль алу­ға мүмкіндігі бар. Ал біз ойнатылатын көп жүл­денің ішінен тек біреуін жеңіп алға­ны­мызға ризамыз. Екінші мәселе – легионерлерге көп сенім ар­туымыз. Бір жылға бөлінген жергілікті бюд­жеттің 65-70 пайызы легионерлерге жұм­салады. Тіпті, жетпей қалып, келесі жылдың бюд­жетінен алып жататын жағдайлар да кез­деседі. Хоккей спортында, болсын-бол­масын, легионерлерге сүйенетініміз белгілі. Тіп­ті ұлттық құрамаға Найджел Доус, Даррен Диц секілді канадалықтарды қабыл­дап ал­дық. Ауыр атлетикада да Олим­пиада чем­пио­ны атанып, ай­бынымызды асқақтатқан ле­гио­нер­лер бар. Бірақ, тек легионерлерге се­ніп оты­ра бермей, өз ара­мыз­дан жарқ етіп шы­ға­тын жастарды даяр­лауға көңіл бөлген аб­зал. 2000 жыл­дары ұлт­тық құрамада күрес түр­лерінен күш сынасып, жүлдеден жүлде қой­май, толағай табыстарға қол жеткіз­ген ле­гионерлер көп болды. Оларды көріп өскен біз­дің балуандар көптің ішінен оза шауып, біз­дегі күрес спор­тының бәсін биік­тетті. Үшінші мәселе ретінде біздегі бапкерлер мек­тебінің әлсіреп жатқанын айтар едім. Бәл­кім, елімізде жүзу спортының қыр-сы­рын білетін жақсы мамандар жүрген шығар, бірақ олар көзге түсе бермейді. Арамыздан ган­дболдан Лев Яниев, көгалдағы хоккейден Эдуард Айрих секілді әлемдік деңгейге та­нылған бапкерлер секілді мамандар шықса де­ген үміт бар. Шетелден бірді-екілі ма­ман­дар шақырылады, бірақ олар аз уақыт жұмыс іс­тейді де, басқа мемлекетке кетіп қалады. Сон­дықтан өзіміздегі бапкерлік мектепті да­­­мытпаса болмайды. Төртінші мәселе деп жергілікті бюд­жет­тің көп бөлігінің кәсіпқой спортты қар­жы­лан­дыруға жұмсалуын айтар едім. Біздегі әкім­дер бюджеттің 60-70 пайызын футболға са­лады. Сосын олимпиада чемпионы шық­қан өңірдің спортын дамытуға көптеп қара­жат жұмсайды. Ал спортта өзін енді-енді та­нытып жүрген жастарға қанша ақша бө­лінетінін білмейміз. Мысалы, Өскеменде шаң­ғы мектебі жақсы дамығанын білеміз. Ұлт­тық құрама да сол өңірдің спорт­шы­ла­рынан жасақталған. Бірақ бізде басқа өңірге қыс түспей ме? Басқа аймақтағы жастарымыз сол қысқы спорт түріне қызықпай ма? Сол се­бепті біз тек бір өңірдің спортшыларын қам­тамасыз етпей, басқа аймақтардағы ат­лет­терге де өз мықтылығын көрсетуге мүм­кін­дік жасауымыз қажет. Тағы бір айта ке­терлік жайт, көп аймақта спорт саласының бас­шысы ретінде шенеуніктер сайланады. Ал олар­дың спорттан хабары жоқ. Сонымен қа­тар, әкімдердің қай спорт түріне іші тар­тады, сол жақсы дамиды, ал әкім орнынан кет­кеннен кейін әлгі спорт дамымай қалады. Жалпылама айтсам, біздің спорт әлі күнге дейін өз бетінше өмір сүріп кете алған жоқ. Әлі де мемлекеттің қолында, бірақ, мем­ле­кет­тің қарауында болса да, шашыраңқы қа­лыпта басқарылады. Спортшыларымыздың нә­тижесі тек Олимпиада, әлем чемпио­нат­тары мен Азия ойындарында білінеді. Ал жал­пы спорттың бұқаралық сипаты бі­лін­бейді. Соңғы кездері Қазақстанда қысқы спорт түр­лерін дамыту құлдырап кетті.  «Барыс» клу­бы ұлттық бренд болған соң, оған қыруар қаражат бөлінеді. Оған ешкім қарсы емес деп ойлаймын. Десек те, хоккейден ұлттық чемпионаттың насихатталуы аз. Негізі, бас­кетбол мен хоккей бұқаралық спортты қарқынды дамытатын спорт түрлері ғой. Стадионға кіруге рұқсат сұрап керегі жоқ, көшеде де ойнай беруге болады. «Барыстан» өзге, «Алматы», «Сарыарқа» деген командалар бар екенін халық біледі, бірақ трансляция көрсетілмегендіктен, аталған командалар­дағы ойыншылардың не істеп, не қойып жүргендерінен бейхабар. Шаңғы спортында нөмірі бірінші атлет саналған Алексей Полторанин допингпен ұсталды, ел намысын талай мәрте абыроймен қорғаған Николай Чеботько қайтыс болды. Олардың ізін өкшелеп басып келе жатқан жастарға еңсе көтеру үшін уақыт керек. Биатлон спортынан Галина Вишневская деген атлетіміз анда-санда көзге түседі. Бірақ соңғы уақытта ол да  кере­мет нәтиже көрсете алмай жүр, себебі жа­сы ұлғайып барады. Ал ұлттық командада оның орнын басатын әзірше ешкім жоқ. Бізде қысқы спортқа ақша көп бөлінеді. Спортшылар әлемдік жарыстарға да жиі барады, бірақ анау айтқандай нәтиже көрсетпейді. Сол себепті кезінде фаворит болған атлеттердің орнын басатын жастарды тәрбиелеп шығару керек. Осындай қадау-қадау мәселелер шешімін тапса, жағдайымыз жаман болмас еді. Жалпы, әлеммен салыс­тырғанда Қазақстан спортының жағдайы жаман емес. Себебі тәуелсіздік алған мем­ле­кеттердің арасында олимпиаданың бірде-бір медалін ала алмай жүрген немесе осы отыз жыл ішінде небәрі 2-3 медаль ғана алған ел­дер жетерлік. Сондықтан әлемдік спортта та­бан тіреген орнымыз жақсы, бірақ мұны­ме­н тоқмейілсуге болмайды. Өйткені біздің алдымызда спортты ұлттық брендке айнал­дырған, бізге олимпиада сайын үлгі көрсетіп жүр­ген Америка мен Ресей елдері тұр.  
 width= Асхат САҒЫНАЕВ, спорт комментаторы: Қазақстан спортының болашағы жарқын
– Қазақстан спор­ты­ның болашағы жар­қын деп есептеймін. 90-жыл­дармен салыс­тыр­ғанда, бүгіндері елімізде бұқараның спортпен айналысуына жақсы жағдай жа­сал­ған. Ірілі-ұсақты елді мекендерде спорт алаң­дары, жаттығу залдары мен кешендер бар. Жаттығу залдарының да бос тұрғанын көр­мей­сің. Сондай-ақ, алдағы уақытта бұ­қара­лық спортқа мемлекет тарапынан қолдау көп болатынын білеміз. Былтыр Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына арна­ған Жолдауында елдегі кәсіби спорт клуб­­тарын мемлекет есебінен қаржы­лан­дырудың тиімсіз екенін атап өтіп, бұқаралық спорт пен балалар спортына баса көңіл бөлу қа­жет екенін қадап айтты. Мәдениет және спорт министрлігіндегі мамандар әзірлеп жат­қан жаңа заң жобасы осы жылдың ма­мырында күшіне енеді деп күтілуде. Ең бас­тысы, балалар спорты мен бұқаралық спорт­қа бөлінген қаржы орнымен жұмсалса екен дей­мін. Отандық спортта баса көңіл аударатын екі басты мәселені атап өткім келеді. Оның бірі – Қазақстанда бапкерлерді даярлау жұ­мы­сының дұрыс жолға қойылмауы. Әсіресе, ба­лаларды жаттықтыратын мамандарды даярлау ісі ақсап тұр. Біздегі көптеген талант­ты жастар бала кезінен дұрыс дайындалмауы се­бебінен спортты ерте тастап кетеді. Жас ат­лет сайыстарда жарақат алып қал­ған жағдайда немесе жеңілістен кейін көңілі соқпай тұрған кезде жаттық­тыру­шының спортшы үшін тек бапкер  емес, жақын дос, ақылшы аға бола білуі маңызды. Ал біздегі бапкерлік қызметті таңдаған азаматтардың басым көпшілігінің балаларды жаттықтыру ісіне үлкен командалардың тіз­гінін ұстар жолдағы уақытша кәсіп деп қа­рауы «әттеген-ай» дегізеді. «Ел болам десең, бе­сігіңді түзе» дегендей, дені сау, күш-қай­ра­ты бойына сыймай тұрған ұрпақ тәр­бие­лейміз десек, алдымен балаларды спортқа бау­литын мық­ты бапкерлер мектебін қа­лып­тас­тыруымыз керек. Екіншісі – спорттағы менеджменттің әлсіз жақтары. Көптеген спорт іс-шара­ның маңында ұйымдастыру жұмысынан ха­бары жоқ азаматтардың жүргенін көресің. Мұ­ның себебі – еліміздегі спорт фе­де­рация­лардың басым бөлігінің тізгіні кәсіп­керлер немесе әкімдердің қолында болуында. Кәсіпкерлер мен әкімдердің еліміздегі белгілі бір спорт түрін дамытуға аянбай күш сала­тынына күмән келтірмеймін. Бірақ негізгі жұмысы­нан қолы босамауы себебінен олар спорттық федерациялардың жұмысын өз кө­мек­шілеріне сеніп тапсырады. Ал сол кө­мек­шілердің спорттан қаншалықты хабары бар? Олар бапкерлер мен спортшылардың жұ­мысын қаншалықты жақсы біледі? Жа­рысты ұйымдастыру, бұқаралық ақпарат құрал­дарымен, жанкүйерлермен байланыс ор­нату ісін қаншалықты жетік меңгерген? Осы мәселеге баса көңіл бөлу қажет. Болашақта балаларды спортқа баулу қа­жет. Ауылдық жерлердегі спорттық мек­теп­тердің санын көбейтіп, колледждердегі спорт­тық үйірмелердің  жұмысын жан­дан­дыру керек. Қанша жыл бойы Олимпиада ойын­дарында жалпыкомандалық есепте бірін­ші орынды бермей келе жатқан АҚШ немесе әр аулада бір спорт үйірмесін ашып қойған Қытай елдерінің Спорт министр­ліктері секілді жұмыс істеу керек демеймін, бірақ бізде бірінші нөмірлі спорт саналатын күрес, бокс секілді жекпе-жек түрлерінен спорт­шылар әзірлейтін мектептерді сақтап қалуы­мыз керек. Сонымен қатар отыз жыл ішін­де атқарылған жұмыстардың нәтижесін ұтымды пайдалануға тиіспіз. Мысалы, «Ас­тана» велокомандасының халықаралық аре­на­дағы жетістіктері мыңдаған қазақ­стан­дықтың велосипедке мінуіне септігін тигізді. Алматылық «Қайрат» футбол клубының ака­демиясы балаларды доп тебуге баулыса, елордалық «Барыс» командасы Қазақстанда хоккейдің жоғары деңгейде дамуына түрткі болды.