387
Ақиқатын айтам деп, ардан аттамаған мақұл
Ақиқатын айтам деп, ардан аттамаған мақұл
Дегуманизациялану методикасын зерттеген америкалық психолог ғалым Джозеф Овертонның «Овертон терезесі» деп аталатын концепциясы бар. Бұл теория қоғамдағы ақылға сыймайтын, жағымсыз, жирендіретін дүниелерді қалыпты құбылысқа қалайша оп-оңай айналдыруға болатынын көрсетеді. Яғни, қоғамның моральдік принциптерін біртіндеп жоюды қалай іске асыруға болатыны ашық әрі қарапайым түрде түсіндіріледі. Ең қызығы – бұл өзгерістерді ешкім де сезіп, болжай алмайды.
Методика алты сатыдан (терезеден) тұрады, сол арқылы қоғам санасына жат, өгей таным сыналап енеді. Алғашқысы – «Ақылға қонымсыз» кезең, бұл кезеңде жоқ жерден бірден көтерілген тақырыпты халық қабылдай алмай, қоғамда резонанс туады. Екінші «Радикалды» кезеңде қасақана халықтың ашуына тию, солайша мәселеге көңіл аудартып, талқылату басты мақсат болады. Жаға ұстатарлық дүниелер туралы ақпаратты бұқараға күшпен тықпалау басталады, тіпті ғылыми симпозиумдар мен дөңгелек үстелдер де ұйымдастырылуы мүмкін. Бұған дейін де сол тектес оқиғалардың болғаны, тарихи дәлелдер келтіріледі. «Түсінуге ұмтылу» кезеңінде қоғам бұл мәселеге бұрынғыдай тосырқап қарамайтын болады, «түсініп көруге болатын сияқты» дегендей екіұдай ой туады. «Ақылға қонымды» кезеңде жаңағы мәселе қалыпты дүние ретінде қабылдана бастайды, ел алдында жүрген танымал адамдар жақтаушылар мен даттаушылар болып екіге жарылады. Келесі «Танымал ету» кезеңі өте қауіпті саналады. Бұл сатыда әлгі мәселе «сары» басылымдар мен рейтинг қуған ток-шоулардың сүйікті тақырыбына айналып шыға келеді, солайша, «Қоғамдағы қалыпты жағдай» кезеңі басталады. Бұл кезде алғашында қарсылық тудырған нәрсені ешкім жатырқамайтын болады, соған қатысты заң да пайда болады, халық ішінде қарсы пікірлер айтылуы мүмкін, бірақ ешкім де кедергі бола алмайды.
«Астарлы ақиқаттан» астар іздеу керек пе?
КТК арнасынан үзбей көрсетілетін «Астарлы ақиқаттың» халық сынына ұшырағанына біраз болған еді. Бұған дейін осындай форматтағы «Өз ойым» бағдарламасының төңірегінде де сан мәрте дау туындады, жабылып жүріп «Қалаулымды» жаба алмадық, керісінше, заты тамырлас, аты түбірлес «Қалаулым сен», QosLike, «Бір болайық», «Кел, келінім» сияқты бағдарламалар көбейді. «Астарлы ақиқаттың» алдыңғы аптадағы шығарылымы осы наразы халықтың шыдамының шегіне жеткендей болды. Қоғамда үлкен шу көтеріліп, әлеуметтік желілерде бағдарламаның жабылуын талап еткен пікірлер жариялана бастады. «Астарлы ақиқат» ток-шоуының ардан аттап, шектен шығып бара жатқанын жарыса айтқан жұрт бұл бағдарлама ұлттық тамырымызға балта шабады деп дабыл қақты. «Бес саусақ бірдей емес», бұл бағдарлама ел ішінде, қоғамда бар мәселені көрсетіп отырғанын айтып, қолдағандар да кездесті. Осы тектес бағдарламалардың жаппай талқыланып, көп қаралым жинауы халықтың рухани дәрежесін айқындап берді деушілер де көп. Жалпы қоғамда ілуде бір кездесетін жағымсыз жайттарды жарияға жар салудың қажеті қанша? Осы мәселелерге қатысты әлеуметтанушы маман Салтанат Оразбекованың пікірін білген едік.
Мұндай бағдарламалар бізге керек емес деп үзілді-кесілді айтуға да болмайды
– Қазір өзіңіз айтып өткен типтегі бағдарламалар неге көрсетіледі деген сұрақ туындап жатыр. Бұл – бүтін бір процесс, оны тоқтату қиын. Біріншіден, мұны телеарналардың саясаты деп айтуға болады, рейтинг үшін осындай бағдарламаларды эфирге шығаруы керек. Яғни оған халықтың қызығушылығы да жоғары. Неге деген сұрақтың астарына үңіліп, талдап көрсек. Бірақ осы арқылы біздің қоғамның дәрежесін байқауға болады дегенге келіспеймін. Екіншіден, қазіргі кезде адамдар күйбең тірліктің қамымен стресте жүріп, қолы қалт еткенде жеңіл дүниелер іздейді. Яғни жеңіл-желпі тақырыптағы бағдарламалар қоғамға керек екенін байқауға болады. Бірақ белгілі бір норма болуы керек, шектен шықпауы керек. Яғни, біздің менталитетімізге икемделуі шарт. Бағдарламалардың форматы, мәселені жеткізу тәсілдері де өзгергені дұрыс деп ойлаймын. Белгілі бір мәселені көтермес бұрын оның біздің қоғамдағы таралу деңгейін анықтап алған да жөн. Кең тараған мәселе болса, оны шешу жолдарын, сондай жағдай басына түскен адамдардың қандай әрекет жасау керек екенін нұсқап, жол көрсетуі керек. Яғни өсек ретінде емес, өнеге ретінде көрсетілсе, таралуы – өзектілігі – шешімі деген схема бойынша жұмыс істесе, халықтың пікірі өзгереді деп ойлаймын. Мұндай бағдарламалар бізге мүлде керек емес деп шорт кесіп, үзілді-кесілді қарсы шығуға да болмайды. Бұл – барлық елде бар. Тек ақпарат сүзгіден өткізіліп отырса болғаны, – дейді маман.Психолог Камила Әділбекқызы мұндай бағдарламалар, керісінше жаманнан жиренуге жол ашады деген пікір айтады.
– Мұндай бағдарламаларды негізінен істейтін жұмысы жоқ, қолы бос, уақытын қалай өткізетінін білмейтін адамдар көреді. Оларды эфирден алып тастасақ та, кейін басқасы шығады. Адамдарда тіпті тәуелділік те пайда болады, интернеттен өздері басқасын тауып алып көре береді. Мұның қатарына түрік сериалдарын қосуға болады. Бірақ, негативті дүниені көре-көре ол қалыпты жағдайға айналады дегенге өз басым келіспеймін. Керісінше, одан жеруге, жаман іс-қылық жасамауға ықпал етеді деп ойлаймын. Мұндай бағдарламаларға барған психологтар, көп жағдайда жағымсыз кейіпкердің өзін ақтап алып, қалыпты жағдай деп түсіндіреді. Себебін өскен ортасынан, балалық шағынан іздеп, кінәсіз деп ақтап алады. Бірақ олай істеу дұрыс бола бермесі анық, – деп түйіндеді Камила Әділбекқызы.Хош делік, күрмеуі қиын мәселенің шешімін таппай қиналғандарға шығар жолды нұсқаса құба-құп дейміз, алайда, мұндай бағдарламалардың кейіпкерлері – әртістер, ал сюжеті – алдын ала дайындалған қойылым деген пікірлер де көп айтылып жүр. Алдау ма, қолдау ма? «Астарлы ақиқатқа» ұқсас бағдарламалар Ресей мен Украинада да біраз уақыт бойы танымалдықтың шыңында болды. Эфирде өз оқиғасын бүкіл елге ашық айтатын кейіпкерлерге осы үшін ақы төленетіні де ашық айтылып, жазылып жүр. Алыс аймақтардан келетін кейіпкерлерге келу және кері қайту, қонақ үйде тұру, тамақтану ақысы қоса беріледі. Журналистік зерттеулерге сүйенсек, атышулы «Пусть говорят» бағдарламасының кейіпкерлері 50-70 мың рубльден 300 мың рубльге дейін алады. Ал шоу бизнес жұлдыздарының талабы бұдан да жоғары болатыны айтпаса да түсінікті. Оларға 500 мың рубль ұсынылады. Студиядағы мәселеге қатысты пікір айтатын психологтар, диетологтар, заңгерлер және басқа да сарапшылар көбінесе жарнама үшін тегін келіседі. Бірақ танымал эксперттерге 30-50 мың рубль аралығында төленеді екен. Ал «Қалауым сен» бағдарламасына қатысқан кейіпкерлер бағдарламаның сценарийі алдын ала дайындалып қоятынын айтып сұхбат та беріпті. Ал «Қалаулым» бағдарламасының екінші маусымына қатысып, артынша жобадан кеткен Жанар (есімін өзгертіп беруді өтінді) әр эфир үшін ақша төленетінін, қатысушылардың көбісі бір-бірімен таныс болса да, шоу жасау үшін рөл ойнайтынын айтады. Артынша «Астарлы ақиқат» бағдарламасының сайтта көрсетілген байланыс нөміріне хабарласып көрдік.
«Бізде барлығы шынайы, адамдар редакцияға мәселелерін айтып өздері хабарласады. Егер қандай да бір факт, нақты дәлел болса ғана жауап береміз» деген қысқа ғана жауап алдық.Жалпы айтқанда, біздің отандық телеарналардан көрсетілетін ток-шоулардан соны соқпақ табу қиын. Форматы да, жүргізушілердің стилі де, тіпті кейіпкерлердің проблемалары да ұқсас. Мақаланың басында "Овертон терезесі" туралы сөз қозғадық. Методиканың төртінші сатысында бұқаралық ақпарат кұралдарының қоғамдағы рөлі, маңызы туралы да анық айтылады. Ең қарапайымы – эстетикалық нормаға да сай келмейтін көріністерге көз үйренгені қоғамға қауіпті. Яғни көңіл көкжиегімізді кір шалмауы үшін көгілдір экраннан көрсетілетін дүниелерді сүзгіден өткізу кезек күттірмейтін мәселеге айналуы тиіс.