825
Байтұрсынұлына бет бұрмасақ, тілдің түбіне өзіміз жетеміз
Байтұрсынұлына бет бұрмасақ, тілдің түбіне өзіміз жетеміз
Сірә қазақ – қазақ болғалы тоқтаусыз айтылып келе жатқан екі мәселе болса, біреуі тілге қатысты шығар. Себебі, басқасын былай қойғанда атам заманда жасалып, осы күнге жеткен фольклорлық шығармаларымыздың өзінен тілге қатысты бірдеңелерді тауып аламыз, үңіле қарасақ. Жыр-дастандар мен шешендік сөздерде тілдің тазалығы, дұрыс сөйлеу мен ұтымды ой айту дәріптеліп, жаңсақ сөйлегендер, сөз мәнісіне жетпегендер сынап-мінеліп отыратын жерлер аз емес. Сол сияқты сөздің жүйелілігі мен өткірлігіне қатысты қаншама мақал-мәтелдер бар. Солардың бәрі тегіннен-тегін айтылған ба?
Ал ХХ ғасырдың басында қазақта баспасөз пайда болғаннан кейін тіл мәселесі ғылыми түрде қайта көтеріле бастағанына қарасақ, біздің тілімізге сол кезден-ақ қауіп төне бастаған сияқты. Оған дәлел ретінде қазақ тіл білімінің негізін салушы Ахмет Байтұрсынұлының көптеген пікірлерін келтіруге болады.
«Егер де біз қазақ деген ұлт болып тұруды тілесек, қарнымыз ашпас қамын ойлағандай тіліміздің де сақталу қамын қатар ойлау керек», – дейді ұлы реформатор ғалым тілдің болашағы ұлттық болашағы екенін меңзеп. Сондықтан ол бұл пікірін одан әрі тереңдете түсіп былай дейді: «Өз тілімен сөйлескен, өз тілімен жазған жұрттың ұлттығы еш уақытта адамы құрымай жоғалмайды. Ұлттың сақталуына да, жоғалуына да себеп болатын нәрсенің ең қуаттысы – тілі. Сөзі жоғалған жұрттың өзі де жоғалады. Өз ұлтына басқа жұртты қосамын дегендер әуелі сол жұрттың тілін аздыруға тырысады». Бұл – шын мәнінде болашақты сұңғылалықпен болжау еді. Кеңестік кезеңде қазақ әліпбиіне орыс әріптерін зорлықпен енгізіп, сол арқылы басқыншы тілді акцентсіз сөйлегеніміздің түбінде өз ішімізден шыққан «тілді аздырушылар» емес пе еді? Бір кезде қазақ сөзіне орысшаны қосып сөйлеу мен кейбір терминдердің қазақша дайын баламасы болса да орыс тілінен өзгертпей әкеліп енгізе салып, тілді шұбарлау ана тілімізге үлкен қиянат екенін сездік пе екен?
Бүгінде жапондар мектепте ең алдымен өз тілін игертіп барып, содан соң ғана өзге тілдерді үйретеді екен, бастауыш сыныптарында тек жапон тілі ғана оқытылады екен деп мақтағанда аузымыздың суы құриды. Ал білім берудің ол принципі бізге бүгін ғана белгілі ме еді? Шын мәнінде оны осыдан бір ғасыр әріде тағы сол Ахмет Байтұрсынұлы айтқан еді ғой, оқып қарайықшы: «Орысша оқығандар орыс сөзінің жүйесіне дағдыланып үйренген, ноғайша оқығандар ноғай сөзінің жүйесіне дағдыланып үйренген. Қазақ сөздерін алып, орыс я ноғай жүйесімен тізсе, әрине, ол нағыз қазақша болып шықпайды. Сондай кемшілік болмас үшін әр жұрт баласын әуелінде өз тілінде оқытып, өз тілінде жазу-сызу үйретіп, өз тілінің жүйесін білдіріп, жолын танытып, балалар әбден дағдыланғаннан кейін басқаша оқыта бастайды. Біз де тіліміз бұзылмай сақталуын тілесек, өзгелерше әуелі ана тілімізбен оқытып, сонан соң басқаша оқытуға тиіспіз».
Әрине, бұл сөз бізге кеңестік кезеңде жетпеді. Сондықтан одан бейхабар болдық дейік, ал бүгінгіміз не? Енді хат танып жатқан қазақ балаларына орыс, ағылшын тілдерін тықпалап, бір мезгілде үш тілді қатар үйретеміз дегеніміз не? Оны қалай түсінуге болады? Сонда қазақ тілін тұңғыш әліпбиі мен жазу емлесін жасап, таңбаларын түзген, тілдің грамматикасы мен стилистикасын, терминдерін, ережелерін жасаған Ахаңның ғылыми негізі терең пікірлерін елемегеніміз бе? Әлде тілге қандай да бір саяси мақсаттар себепті білім ордасының есігін жаңа ғана ашқан ұрпаққа өзге тілдерді игеруді зорлықпен жүктеуге болмайтынын білмегеніміз бе?
Бұл – біздің еліміздің бүгінгі қазақ тілін дамытуға жасап отырған басты кедергінің бірі десек болады.
Қай нәрсенің де басы оңбаса, соңы да қарық болмайды.
Шыңғыс ханның үлкен ұлы Жошы өлгенде Кетбұғаның естіртуі деп айтылатын мынадай бір өлең бар:
Теңіз бастан бұлғанды,
Кім тұндырар, а ханым?!
Терек түптен жығылды,
Кім тұрғызар, а ханым?!
Әрине, бұл арада жалған дүниенің жалт беретін опасыз болмысын астарлап жеткізіп отырған ұлы жыраудың толғауы біз айтып отырған мәселеге тікелей қатысты болмас, бірақ философиялық тұрғыдан әрбір құбылыстың бастауы теріс болса, ақыры қайырлы болмайтынын ұқтыруы – өте маңызды!
Тіл қолданыс үстінде дамитын жанды құбылыс болғандықтан оған жасалған әрбір өзгеріс пен тиген ықпал ізсіз кетпейді. Әрине, тілдердің бір-біріне әсер етіп, бір-бірін байытуын жоққа шығаруға болмайды. Ғылым мен техника дамығанда пайда болатын түрлі атауларда тілден тілге көшіп, жаңа ұғымдардың таралу үдерісі жүреді. Алайда әрбір тілдің сырттан келген ұғым-түсініктер атауын сүзгіден өткізіп, өзіне лайықтап отыратын қабілеті болады. Оны икемдеу, сындыру дейді. Өзге тілдер секілді қазақ тілінде де ХХ ғасырдың бас кезіне дейін ондай қабілет болды. Орыс империясының боданында болған кезде самауыр (самовар), кереует (кровать), волость (болыс), поштабай (почтовой), ояз (уезд) деген ұғымдардың пайда болып, қазақ тілінің акустикасына сай айтылып қолданысқа енуінде әлгі айтқан «сындыру қабілетінің» тегеуріні бар еді. Тіпті, кеңес өкіметінің алғашқы жылдарында кәмөнөс (коммунист), бәлшебек (большевик), қалқоз (колхоз), әртел (артель), пойыз (поезд), т.б. сөздердің қазақша қалыпта айтылуы да қазақ тілінің бүлінбей тұрған кезіндегі қайратын байқататын. Яғни, Байтұрсынұлының сөзімен айтқанда: «Сырттан бірен-саран жат сөздер келсе, оны жаншып кеміріп, өз тілінің қалпына түсіріп алған – қазақ. Жат жұрттың шалығы тимесе, кәсіби, ғұрпы өзгерілмесе, жалғыз тіл өзгерілді деп айтуға тіпті жол жоқ. Қазақтың тілі өзгерген тіл деп айтуға жол жоқ болса, емлесін де қисық деп айтуға жол жоқ: қазақта тілінің табиғатына хилаф келетін емле жоқ. Еділден бастап Ертіске дейін, Оралдан бастап Ауғанға шейін қазақта тіл де бір, емле де бір» болатын. Ал одан соң не болды?
1924-1929 жылдарда дейін қолданылған араб графикасы негізіндегі «Жаңа емле» және 1929-1940 жалдар аралығындағы пайдаланылған латын графикасындағы «Жаңа әліп» әліпбилері Ахмет Байтұрсынұлы жасаған толыққанды, ғылыми негізі бар, қазақтың тілінде бар 28 дыбысты таңбалайтын нағыз ұлттық әліпби еді. Дегенмен 1940 жылы қабылданған (авторы Сәрсен Аманжолов) кирил харпіндегі қазақ әліпбиіне 42 таңба енгізіліп, оған орыс және орыс тілі арқылы енген шет сөздерді дұрыс жазып, оқу мақсатында екі таңба (жіңішкелік және айыру белгісі) 10 әріп енгізілді. Міне, осыдан бастап бұл әліпбимен сауатын ашқан адамдар орыс тіліндегі сөздерді емін-еркін оқып, жаза алатын болды. Соның себебінен қазақтың сөйлеу және жазу тілі төл дыбысталу ерекшелігінен айырылып қалды. Сөйтіп, «орысшаны акцентсіз таза сөйлейтін» ұлтқа айналып шыға келдік. Ол «артықшылығымыз» әлі күнге жалғасып келеді...
1991 жылы еліміз егемендік алғаннан кейін ғалымдар бұл мәселеге қайта назар аударып, қазақ тілін төл дыбысталу жүйесіне қайтаруға әрекет жасап келеді. Өйткені қазақ тілін орыс тілінің ықпалынан құтқару үшін латын негізді қазақ әліпбиін жасау керек еді. Өкініштісі сол, күні бүгінге дейін жаңа қазақ әліпбиінің бес-алты нұсқасы нашар, жарияланса да, әлі күнге кемшіліктен ада болмай келеді. Жақында бекітілген соңғы нұсқасы да ел арасында қызу талқылауға түсіп, жұрттың көңілінен шықпай жатқан тұстары көрсетіліп жатыр. Мәселен, тілімізде жоқ в, ф әріптерінің жаңа алфавиттен орын алуы, ң әрібінің таңбасының нашар болуы, ұ мен ү таңбаларының тым ұқсас болуы т.б. қазірдің өзінде туындап жатқан мәселелер бұл нұсқаның ойдағыдай шықпағанын көрсетеді. Неге десеңіз, «Әліп-би деген – тілдің негізгі дыбыстарына арналған таңбалардың жұмағы. Неғұрлым тіл дыбыстарына мол жетсе, арнаған дыбысқа дәл келсе, оқуға, жазуға жеңіл болса, үйретуге оңай болса, заманындағы өнер құралдарына орнатуға қолайлы болса, соғұрлым әліп-би жақсы болмақшы.
Жақсы әліпби тілге шақ болу керек. Өлшенбей тігілген о жер бұ жер бойға жуыспай, қолбырап, солбырап, тұрған кең киім сияқты артық әріптері көп әліпби де қолайсыз; Бойыңды қысып, тәніңді құрыстырып тырыстырып тұрған тар киім сияқты әрпі кем әліпби қолайсыз болады.
Қазақ әлдеқашан тілінде қандай дыбыстар бар екенін айырған, әр дыбысқа белгілеп таңба арнаған. Оқуымызға онымыз жақсы, жазуымызға тағы жақсы, үйрету жағынан орыстікінен, немістікінен, француздікінен, ағылшындікінен оңай, оңтайлы» (Ахмет Байтұрсынұлы).
Әліпби рухани һәм саяси ілгерілеуге жеткізетін күш, сондықтан ол дұрыс жасалса тіліміз табиғатына сай дамып, тілінде ерекшелігі анық көрініп тұратын халыққа айналар едік. Бірақ кирилл әліпбиінде білім алғандардың қарсылығы, қазақ тіліне орыстілділер ұстанымымен қарауы, сондай-ақ, әліпби жасаушылар тарапынан кетіп жатқан олқылықтар тым жақсы идеяның құнын түсіріп жатыр. Демек, бұл мәселеде жалпыұлтық ауызбірлік керек.
Бүгінгі қазақ тілінде сөйлеушілер мен оны БАҚ-тарда, ғылым-білімде, әдебиет пен өнерде пайдаланушылардың салақтығынан қазақ тілі тым шұбарланып бара жатыр. Оған бұрын орысша қосып сөйлейтіндердің әсері күшті болса, енді кітап пен мерзімді баспасөзде жергілікті говорларды пайланаушылардың көптігі, сондай-ақ, орыс тілінен калькаланып аударылып қосылып кеткен сөздердің көптігі зардабын тигізіп жатыр. Медиасарапшы Назгүл Қожабектің біраздан бері «Калькасыз қазақ тілі» айдарымен Túrkistan газетінде жарияланып
келе жатқан материалдарына көз салсаңыз кейінгі дәуірде қазақ тілі сөзжасамдық тұрғыдан қатты бұзылып кеткенін көре аласыз. Бұл орайда тағы Ахаңның бір сөзін ескеруге тура келеді: «Сөйлегенде сөздің жүйесін, қисынын келтіріп сөйлеу қандай керек болса, жазғанда да сөздің кестесін келтіріп жазу сондай керек».
Бір кезде сөзімізді орыс тілімен көмкеріп, «құбылтуға» дайын тұрсақ, бүгінде ағылшынша «түрлендіруге» әуес болып бара жатырмыз. Ол әсіресе интернет пен телевидениедегі бағдарламаларда жиі көзге түсуде. Мәселен, ««Қызық таймс», «TalkLike», «QosLike», «Жас STAR» сияқты атаулар екіұшты мағына беріп, қапелімде мағынасын қазақша не ағылшынша түсінеріңді білмей дал боласың.
Қазақтың тілі ғылымның тілі емес деп жүргендер өздері сол тілді көркейтуге қандай үлес қосып жүр екен? Жер бетінде сөздік қоры мол тілді дамытып, қолданыс аясын барынша кеңітуге атсалысамыз десек бізге кім кедергі? Шын мәнінде, «XX ғасырға шейін түріктің тілін аздырмай асыл қалпында алып келген, тіл турасындағы абырой мен алғыс қазаққа тиісті» (Ахмет Байтұрсынұлы) екенін неге ұмытамыз?
Одан әрі қаузай берсек, ұлы ұстаздың тағы бір айтатыны бар: «Бір халықтың өз тілінде білім өнері болмаса, ол халықтың тілі бұзылып өзгерді һәм көршілес күшті халықтың тілімен әсірелеп… соған қол болады, оның ішінде жаңалықтар көбейеді. Ол кішкене ұлттарды жаңартып, жандандырылмаған ескі тілі өзінің барлық маңызын жояды һәм жылдам ұмытылады». Шүкір, тілімізге аса зор зардабын тигізіп, барынша шұбарлауға ұмтылған қызыл империяның шаңырағы айдың-күннің аманында ортасына түсті. Сондай тарихи әділеттіліктің арқасында есімізді жинап, бабадан қалған ең ұлы мұрамызға, ұлтымызды ұлт қылып тұрған құдіретке бетіміз бұрылып, оны уақыттың шаң-тозаңынан тазартып алуға қам жасап жатырмыз. Бұған да шүкір дейік. Бірақ жаһандану заманында алаңсыз жүріп, арқаны кеңге салуға болмайды.
Жасыратын несі бар, тіл мәселесі бүгінде еріккеннің ермегіне айналып кетуге жақын. Біреулер тіл мәселесін көтеру арқылы популистік жасап, арзан атақ-даңққа оп-оңай қол жеткізгісі келсе, енді біреулер үйінде пайдаланбайтын қазақ тілінің құқығын көшеде қорғап, патриот атанбақшы. Ал қазақ тілінің мерейі, қасиеті, құдіреті, болашағы туралы баяғыда бәрін айтып кеткен Ахмет Байтұрсынұлының жазғандарына үңілуге жұрттың ынтасы жоқ.
Бір нәрсе анық: тіл жөнінде барлық іске ұстын болатын Ахаңның жазғандарын оқымасақ, бүгінде күнде айтылып құлақты сарсылтып жүрген әңгіменің бәрінен пайда жоқ. Тілге Байтұрсынұлы қараған биіктен қарамай оны асқақтата алмаймыз.