232
Халық сенімін ақтайтын агенттік
Халық сенімін ақтайтын агенттік
ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес агенттігінің төрағасы Қайрат Қожамжаров жаңа ведомствоның мақсаттары мен міндеттерін белгіледі деп хабарлады ukimet.kz.
«Бізге мемлекеттік басқару саласында қабылданған барлық жаңалықтарды түсіндіру және диалог форматында халықтың да, мемлекеттік қызметшілердің де пікірін алуымыз қажет», - деп атап өтті ол.
Осы мәселені шешу үшін Төраға Агенттік базасында диалог алаңын құруды тапсырды, ол халықпен жедел байланысты орнатуға мүмкіндік береді және өзара іс-әрекет үшін қолжетімді аспап болады.
Мемлекеттік қызметті жетілдіру бойынша жаңалықтардың ішінде осы жылы құқық қорғау қызметіне үміткерлерді тестілеудің арнайы жүйесін енгізу бар. Агенттіктің басқа маңызды басымдығы мемлекеттік қызмет көрсетуді бақылау болып табылады.
Қайрат Қожамжаровтың айтуынша, негізгі басымдықтардың бірі сыбайлас жемқорлыққа қарсы стратегияны іске асыру және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы Ұлттық баяндама дайындау болып табылады.
Сондай-ақ Агенттік Төрағасы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет жемқорлықтың жүйелі фактілерін анықтау, жолын кесу, бюджеттік қаражат пен Ұлттық қор қаражатын мақсатты жұмсауды жедел сүйемелдеу, бизнесті лауазымды тұлғалардың заңсыз әрекеттерінен қорғау бойынша жұмыстарды жалғастыратын болады.
Сөз соңында Қайрат Қожамжаров азаматтардың конституциялық құқықтарының кез келген бұзушылығына жол бермеуге баса назар аудару қажеттігіне ерекше тоқталды. Сондай-ақ Агенттік қызметкерлерінің жұмысын бағалаудың басты критерийі халық сенімі болып қалатынын атап өтті.