251
Елордадағы МӘМС-тің мән-жайы
Елордадағы МӘМС-тің мән-жайы
Елордалықтар сақтандыру мәртебесін нақтылауы, ал ШОБ субъектілері қызметкерлерінің деректерін ай сайын жаңартып отыруы тиіс, дейді МӘМС.
Нұр-Сұлтан қала әкімінің орынбасары Бахтияр Мәкеннің төрағалық етуімен Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының алқалы жиыны өтті.
Отырыста медициналық қызмет көрсету, Жол картасының орындалу барысы, сондай-ақ Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының Нұр-Сұлтан қаласы бойынша филиалының 2020 жылғы жұмыстарының қорытындысы мен 2021 жылға арналған жоспары тыңдалды.
2020 жылы 142,8 млрд.теңге мөлшеріндегі сомаға қызмет көрсетілді. Оның ішінде ТМККК аясында – 93,5 млрд.теңге, МӘМС жүйесінде – 49,3 млрд.теңге. 2021 жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша Нұр-Сұлтан қаласында: тұрғындар саны 1 179 953 (ҚР бойынша - 18 852 802), олардың ішінде 645 007 тұрғын жеңілдігі бар санатқа жатады, бұл барлық тұрғындардың 55%-на жуық, олар үшін жарнаны мемлекет төлейді. 380 265 - жалдамалы жұмыскерлер; 115 921 - жеке кәсіпкерлер мен азаматтық-құқықтық шарт негізінде жұмыс істейтіндер; бірыңғай жиынтық төлем бойынша жарна аударғандар - 134 737; өз бетінше жарна төлейтіндер саны - 20 076.
Нұр-Сұлтан қаласы бойынша сақтандырылған тұрғындар саны - 966 204, сақтандырылмағандар – 213 749. Ал 2017 жылдың 1 шілдесі мен 2020 жылдың 31 желтоқсаны аралығында медициналық сақтандыру үшін жинақталған жарнаның жалпы сомасы 58 млрд теңгеден асады. 2020 жылдың қаңтар-желтоқсан айларында медициналық сақтандыру үшін елордалықтар 27,7 млрд теңгеден аса жарна аударған.
«Соңғы деректер бойынша, Нұр-Сұлтан қаласында барлығы 33 585 ШОБ субъектілері тіркелген, олардың ішінде 20 107 - ақпараттық жүйеде өз деректерін жаңартқан, ал 13 478 - ақпараттық жүйеде өз деректерін әлі жаңартпаған. Шағын және орта бизнес өкілдері әр айдың 25-іне дейін жеңілдікті санаттарына жататын өз қызметкерлерінің деректерін (ЖСН) msb.fms.kz сілтемесі бойынша "Saqtandyry" ақпараттық жүйесіне енгізіп, жаңартып отыруы тиіс.
Деректер уақытылы енгізілмеген жағдайда, қызметкерлер сақтандыру мәртебесінің болмауына байланысты МӘМС жүйесінде медициналық көмекке жүгіне алмауы мүмкін.» - деп түсіндірді «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» КЕАҚ Нұр-Сұлтан қаласы бойынша филиалының директоры Нұрлыбек Қабдықапаров.