Шымкент қаласының әкімі «Спутник V» вакцинасын салдырды

Шымкентте коронавирусқа қарсы «Спутник V» екпесімен ерікті түрде вакциналау науқаны басталды. Қала әкімдігінен мәлім еткендей, шаһарға коронавирусқа қарсы вакцинаның 1000 дозасы жеткізілді.

«Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтенов қалада вакцина қабылдаған алғашқылардың бірі болды. Ол №3 емханаға барып, екпе алдында дәрігерге тексерілді. Қарсы көрсеткіштер анықталмағандықтан, ерікті түрде вакцина салдырды. Қазіргі таңда денсаулық жағдайы жақсы», – деді әкімдіктен.

«Спутник-V» вакцинасының 1000 дозасы қалалық Қан орталығындағы мұздатқыш камераларда уақытша сақтау үшін орналастырылып, бүгін таңғы сағат алтыда төрт емханаға жеткізілді. Егу жұмысын жүргізу үшін қаладағы емханалардың базасында 4 вакцинация кабинеті ұйымдастырылып, вакциналарды сақтауға арналған мұздатқыштар орнатылды.

Сонымен қатар, барлық медицина қызметкері үшін вакцинация бойынша семинар-тренигтер өткізілген. Вакцинация алдында дәрігер егуге келген адамды міндетті түрде тексереді.

«Вакцинация коронавирустың одан әрі таралуына жол бермеу және қатаң локдаун енгізбеудің жалғыз баламасы», – деді Шымкент қаласы әкімдігінің баспасөз қызметінен.

Back to top button