816
Жанарбек Ақби, альпинист: Гималайға бергісіз арман-шыңымды бағындырдым
Жанарбек Ақби, альпинист: Гималайға бергісіз арман-шыңымды бағындырдым
Жанарбек Ақби – альпинист, этнограф, шежіреші. Моңғолияның Баян-Өлгей аймағы Сақсай сұмынында туған. Еуразиядағы көптеген тау шыңдарын бағындырған альпинизмнің халықаралық дәрежедегі спорт шебері. Моңғолияның ең биік тауы Алтай Бесбоғданың 4 374 метр биік шыңы Хүйтэнге 56 рет, Малчин шыңына 85 рет, Достық шыңына 12 рет табан тіреп, Моңғол елінің екінші биігі аталған 4 200 метр биік Цамбагарав шыңына 30-дан астам рет шыққан. Алтайдың мәңгі мұзтауы Мөнххайрхан, Сайыр, Цэнгэл-Хайрхан шыңдарын бірнеше мәрте, РФ Алтай Республикасының ең биігі – Белуха (Мұзтау) шыңын екі рет бағындырған. Сонымен қатар әлемдегі жеті биіктің бірі – Қап тауындағы теңіз деңгейінен 5 642 метр биіктікте орналасқан Эльбрус шыңына да із қалдырған.
Ол 1998 жылдардан бастап Моңғол еліне туристік сапармен келген, әлемнің 30 елінің альпинистерін бастап, Алтай тауларының ең биік мұзартына шығарып, осы саланы жандандырған алғашқылардың бірі. Оның еңбегін Моңғол елі жоғары бағалап, президенттің жарлығымен мемлекеттік «Алтын жұлдыз» ордені және «Еңбек құрмет» медальдарымен марапатталған. Қазір Жанарбек Ақби Өлгей қалалық №1 мектепте дене шынықтыру пәнінен сабақ береді. «Спорт, туризм және білім» саласының үздігі.
Атажұрттан жырақта жүрген қандасымызға хабарласып әңгімеге тартқан едік.
– Алтай тауларының ең биік шыңы – Алтай Бесбоғда тауына әр шыққан сайын не көресіз?
– Ол – Алтай Бесбоғда тауының құпиясы десек те болады. Яғни, Моңғолияға туристерді магнитше тартып тұрған киелі тау. Сондықтан оның басына шыққанда, көрінетін көріністі барып тамашалау керек. Ол биікке шыққанда алған әсерді сөзбен жеткізу қиын. Ал былай қарасаң, мыңжылдықтардың тоңы сірескен көк мұз ғана. Кәдімгі тау.
– Моңғолия президенттері мәртебелі қызметке кіріскеннен кейін, бірден Алтай Бесбоғда тауына шығып қайтады екен. Мұның қандай сыры бар?
– Моңғолияның батыс өлкесіндегі моңғол текті ұсақ ұлттар мен қазақ ұлты шоғырланған Баян-Өлгей аймағының территориясында Моңғолияның ең биігі – Алтай Бесбоғда мұзарты шыңы бар. Бесбоғда деген сөз Бес тәңірі деген мағына береді. Мысалы, Алатаудағы Хантәңірі деген секілді. Моңғол Алтай тауының ең биігі болған соң, мемлекет басшылары өзінің күш-қуатын көрсеткісі келген болар, әлде күш-қуат алғысы келетін болар, әйтеуір осы тауға шығады. Бәлкім, елін биіктен бір көріп алғысы келетін болуы керек.
Жол бастаушы әрі қорғаушы ретінде Моңғолия президенттерін шың басына аман-есен шығуына атсалыстым. Шыңғысхан дәуірінен бергі 800 жылдық мерейтойын атап өту кезінде Моңғол елінің 3-президенті Н.Энхбаяр мырзаны Алтай Бесбоғда шыңына алып шықтым.
Одан кейінгі бір президент бұл жерді будда дініне сәйкестендіріп Алтай Бесбоғданы киелі жерлердің санатына қосып, етегіне табынатын тас обасын үйді. Бұрын әлем туристері осы жерге көп келуші еді. Қазір Алтай Бесбоғдаға дейінгі аралықта жол жоқ. Орталықтан шалғай батыс өлке болса да әртүрлі көлікпен моңғол ағайындар ағылып келіп табынатын киелі жер болып шыға келді. Мұның да бір саяси мәні бар шығар. Мүмкін, кең жерді иеленген Моңғолия халқы өз жерінде еркін саяхаттап, ел байрағын биікте желбіретіп, ел рухын көтерудің тәсілі секілді.
– Қазақстанда да біраз тау шыңдарын бағындырған көрінесіз...
– Иә, «Азия Тау Федерациясының» (ASMF) шешімімен жыл сайын бір елдің тауына Азия таушыларын бағыттап отырады. Осы федерацияның бағдарламасы аясында 2003 жылы Қазақстаның Тянь-Шань тау жотасындағы 6 400 биік Марамалская стена шыңын бағындырып қайтқан едім. 2010 жылы Семейлік блогер Тоты Атышеваның ұйымдастыруымен Семей телеарнасымен бірлесіп, ұлы Абай мекендеген Шыңғыстау өңірін, Семей тауларын армансыз аралап қайттым. 2010 жылы саясаткер Ерлан Қариннің жобасымен Ерейментаудағы балбал тастарды көрдім.
– Президент кеңесшісі Ерлан Қаринмен бірге Моңғолия жеріндегі балбал тастарды суретке түсірдіңіздер. Сол туралы айтып берсеңіз?
– 2010 жылы саясаткер Ерлан Қарин мырза Баян-Өлгей топырағына келді. Мақсаты – балбал тастарды суретке түсіріп, атлас шығару екен. 3-4 жыл қатарынан келіп, бабалар ізі қалған балбал тастарды фотоға түсірді. Бұл ретте Ерекең өте табанды жұмыс істеді. Ерлан Қарин тау асып, тас басып, су кешіп, жанкештілікпен түсірген фотолары ел кәдесіне жарады.
– «Ұлытауға шықтың ба?» деген қазақта сөз бар ғой...
– Рас, Ұлытау киелі жер. Альпинистер тауға аласа яки биік деп қарамайды. Кейде таушылар аласа тауға оп-оңай шығамын деп мерт болған оқиғалар көп. Гималайға шыққаным сол болсын, Ұлытауға бір шықсам деп армандап жүрмін.
– Гималайға неге шықпадыңыз?
– Шыққым келді. Тибеттегі әлем шыңы – Гималайдан пайдалы бизнес істеп отырғандар бар. Қомақты қаржы беріп рұқсат алған соң барып шығуға болады. Сондықтан оған екінің бірі шыға бермейді. Кезінде шығуға бел будым. Сол кездегі бағамен Гималайға шығу үшін 70 мың АҚШ долларын төлеп рұқсат алатын еді, ол кезде менде ондай қаржы болмады. 2003 жылы Қазақстан «Ел арна» телеарнасының ұсынысымен «Сізді хабарға шығарайық, бәлкім, демеуші табылып қалар» деп тікелей хабарға шақырды. Бірақ қаржы табылмады. Қазір өкінбеймін. Есесіне көп қазақтарды тау спортына тарттым.
Қазақ ғаламторы жанданған кезде тауға шығудың денсаулыққа пайдасы туралы көп мағлұмат бердім. «Қазақ хандығының 550 жылдығына» орай «550 тауға шығу» жобасын 12 елдегі қазақтармен бірге сәтті ұйымдастырдым. Одан кейін «Тәуелсіздіктің 25 жылдығына» орай, бір жылда 25 тауға шығу жобасын бастап, әкімнен қарапайым малшыға дейін қатыстырдым. Бұл жобаны Қазақстан Ұлттық телеарнасының тілшісі Берік Көшербай мырза арнайы Баян-Өлгейге келіп, тікелей хабар таратты. Шетте жүрсек те, Қазақстан Тәуелсіздігіне қосқан үлесіміз ретінде, осындай тарту жасадық. Осыдан кейін қазақ жастарының тау спортына деген құлшынысы арта түсті. Міне, мен Гималайға бергісіз арман-шыңымды осылай бағындырдым!
– Жазушы Оралхан Бөкей жазған Мұзтауға шықтыңыз. Ең биік шыңынан не көрдіңіз?
– Көрдім! Бұл Мұзтау Қазақстанның шығысы, Ресейдің ең биік тауы – Белуха екі елдің шекара сызығы түйісетін тұста. Бір рет Ресей жағынан шықтым. Себебі тауға қолайлы жол Ресей жағында. Алайда ол күні қатты тұман болып, фотоға түсіре алмадым. Мұзтауды орыстар туризмнің көзіне жақсы айналдырды. Алтайдың бір биігі Ресейде қалғанын көріп, құз басында көңілім бір құлазыды.
Қазір орыс халқы әлем туризмімен бірігіп, ауқымды жұмыс істеп отыр. Белухаға келесі жолы туристерді ертіп, тағы да табан тіредім. Ол ежелгі найман мен керейдің түп қазығы болған киелі тау еді. Бірақ Мұзтауға шыққанда Алтай тауының ең биік шыңын бағындырдым деген сезім болған жоқ... Кейін Мұзтауға Қазақстан жағынан шығатын жолды іздеп көргім келді. Бәлкім, төте жолы табылса туризмнің әп-сәтте ошағына айландыруға болар еді. Бірақ бірлесіп жұмыс істейтін адам табылмады.
Қазақ еліндегі табысы мол тау туризмінің көбін орыс жігіттері иеленіп отыр. Бір байқағаным бұл туризм саласына қазақтар енді-енді қызыға бастаған сияқты. Менің арманым – қазақ өз биігінде тұрса деймін.
– Альпинистігіңізден өзге, тарих жайлы да айтарыңыз көп. Қазір не істеп жүрсіз?
– Баян-Өлгей аймағын орнатқан алғашқы басшы (әкім) Жеңісхан Дүзелбайұлына арнап, Өлгейдегі Орталық мұражайдың алдына мүсінін орнатысып, «Ғибратты ғұмыр» деген кітап жазып шығардым. Осы кітаптан кейін әлемнің көптеген еліне шашырап кеткен ағайындардың тарихи шежіресін толықтырып жаздым. Осы кезде әр жердегі қазыналы қарияларды тауып, өткен шежірені өзімізше талқылап, тарих жөніндегі түсінігім кеңейді.
Жас кезімде тауға көп шықтым. Өмірімнің мәні тау секілді сезілетін. Қазір жасымыз да келіп қалды. Тарихи этнографиялық кітап жазумен айналысқым келеді. Іздену, оқу үстіндемін. Өзіме-өзім жоспар жасап, күнде кітап оқып әр сауалға өзімше жауап іздеймін. Әрине, денсаулық болса әр сағат сайын тауға жүгіріп шыққым келеді. Тау деген шамаңа қарап шабатын спорт.
– Бүгінде қай тауға шықсам деп армандайсыз?
– Атамекен Қазақстан аумағындағы әр таудың биік яки аласасына қарамай, бәріне шыққым келеді. Кейде сол таулар шақырып тұрғандай болады. Содан болар түні бойы көз ілмей, дөңбекшіп шығамын.
– Атажұртқа айтарыңыз?
– Бұрын елге хат жазғанда, оның жауабы үш айдан соң келуші еді. Қазір Құдайға шүкір атажұрттағы жаңалықтар жүрегімнің соғысынан жылдам жетеді. Бәрін оқып, көріп отырамыз. Қазақстан шеттегі қазақ жастарын оқытумен жақсы айналысып жатыр. Бұл – өте құптарлық іс. Бірақ көш тоқырап қалды. Көші-қон қайта жанданады деген үміттемін. Қазақ жеріне көз алартып отырғандар баршылық. Қай мемлекеттің болсын, байлығы – адам. Материалдық құндылық емес. Сондықтан «Қазақстан» деп аты айтып тұрғандай, қазақтар сол елдің басты байлығы деп білемін...
Әңгімелескен
Бақытбек ҚАДЫР