230
Президент Марат Бекетаевқа тапсырма берді
Президент Марат Бекетаевқа тапсырма берді
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Әділет министрі Марат Бекетаевты қабылдады, деп хабарлайды Ақорданың баспасөз қызметі.
Қасым-Жомарт Тоқаевқа Әділет министрлігінің өткен жылы атқарған жұмыстарының негізгі қорытындылары жайында баяндалды.
Әділет министрі Президентке заң жобаларының әзірлену барысы, оларға құқықтық сараптама беру жайында айтты. Сонымен қатар бизнес өкілдері мен азаматтарға құқықтық көмек көрсету мәселесі бойынша қолға алынған жұмыстар жөнінде ақпарат берді.
Марат Бекетаевтың айтуынша, бүгінде адвокаттардың және заң жөніндегі кеңесшілердің қызметін реттеу, олардың жұмысын цифрландыру, аталған сала мамандарының кәсіби біліктілігін арттыру, тәртіптік функцияларды дамыту мақсатында бірқатар бастамалар іске асырылып жатыр.
Кездесу соңында Қасым-Жомарт Тоқаев Марат Бекетаевқа заң жобаларын дайындау жұмыстарын сапалы жалғастыруды, азаматтар мен кәсіпкерлерге құқықтық көмек беру тұрғысындағы бастамаларды жоғары деңгейінде атқаруды тапсырды.