Мектеп бағдарламасына «Адалдық әліппесі» пәні енгізілуі мүмкін

ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің төрағасы Алик Шпекбаев мектеп бағдарламасына «Адалдық әліппесі» деген пән енгізілуі мүмкін екенін айтты.

«Парасаттылық идеологиясын насихаттауда үздіксіз кешенді білім беру маңызды. Қазіргі таңда Білім министрлігімен негізгі мектеп пәндерінің бағдарламасына парасаттылық идеологиясын енгізуді пысықтадық. Осы ретте «Егемен Қазақстан» республикалық газетінің басқарма төрағасы, Агенттіктің Қоғамдық кеңесінің мүшесі Дархан Қыдырәлінің «Адалдық әліппесін» әзірлеу туралы бастамасы назар аударуға тұрарлық. «Тәрбие тал бесіктен басталады» дегендей, бұл қадам балаларды ерте жастан адал өмір сүруге баулуға ықпал етеді», – деді Алик Шпекбаев.

Сонымен қатар ол азаматтарды мемлекеттік органдардың қызметіне тарту институттары мен тетіктерін нығайту маңызды міндет екендігін баса айтты.

«Агенттікте қоғам өкілдері аппараттық кеңестерге, кадрлық және мемлекеттік сатып алу бойынша комиссияларға қатысады, бұл біздің қызметіміздің ашықтығы мен айқындығының жоғары деңгейін көрсетеді. Бұл барлық мемлекеттік аппаратқа тән болуы керек. Мемлекет басшысы айтқандай, азаматтар – біздің басты тұтынушыларымыз, сондықтан қызметімізді қоғамнан жасырмауымыз керек. Сонымен қатар, мемлекеттік мекемелердің тәжірибесіне әлеуметтік желілерді пайдалана отырып, конкурстық кадр комиссияларының онлайн-трансляциясын енгізу ұсынылады», – деді ол.

Back to top button