586
Заң қорлау үшін емес, қорғау үшін жазылса керек
Заң қорлау үшін емес, қорғау үшін жазылса керек
Былтыр 23 қыркүйекте Мәжіліс депутаттары бірінші оқылымда мақұлдаған «Отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы іс-қимыл туралы» заң жобасы ел ішінде үлкен дау туғызып, қоғамды екіге жарды. Бір топ бұл құжат ата-ана мен бала арасына іріткі салып, отбасы институтының құтын қашырады деп дүрліксе, заң жобасының басы-қасында жүрген екінші топ жаңа заңдағы нормалар отбасылық зорлықтың алдын алып, әйелдер мен балалар қауіпсіздігін қамтамасыз етуді көздейтінін алға тартып отыр. Әлі Сенаттың сүзгісінен өтпесе де, есімі елге белгілі азаматтарының үндеу жариялауына, халық арасында онлайн-петиция ұйымдастырылуына себеп болған заң жобасы төңірегіндегі шу Президенттің құлағына жетпей қоймады.
Даулы құжатқа қатысты пікір білдірген Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев: «Отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы іс-қимыл туралы» заң жобасы қоғамда қызу талқыға түсуде. Бұл – орынды. Өзекті мәселелер кеңінен талқылануға тиіс. Оның нормаларын мұқият қарап, барлық пікірлерді ескерген жөн. Басты міндетіміз – әйелдер мен балалар құқығын қорғау», деп жазды Twitter парақшасында.
Сенат бекітіп, Президент қол қоймаған кез келген заң жобасына тиісті өзгерістер енгізуге болатыны белгілі. Демек, көппен бірге дүрліге бермей, құжатпен жіті танысуға, көкейге қонымсыз тұсын атап, ұлттық ұстынға қайшы жерін көрсетуге, осы елдің азаматы ретінде өз пікірімізді салмақтап жеткізуге уақыт бар. Әйтпесе, заң жобасына қарсылардың арасында оның бір бетін парақтамастан, танымал азаматтардың, блогерлердің пікіріне еріп, «аттанға» басқандардың қатары көп екені аңғарылады.
«Отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы іс-қимыл туралы» заң жобасына қарсы шыққан қоғам белсенділерінің пайымынша, аталған құжат бойынша ата-анасының баласына дауыс көтеруі отбасылық зорлық ретінде есептеліп, бала мемлекет қарауына әкетілуі мүмкін, ал әке-шешесі ата-ана құқығынан айырылуы ғажап емес.
«Мынандай заңмен ұрпағымыз қалай өседі? Кім болады?» деп дүрліккен топ халықты бұл құжаттың қабылдануы қарсы петицияға қол қоюға шақырды. Олардың қатарында белгілі актер, «Өнер қырандары» театрының директоры Мадияр Серікбаев, әнші Серік Ибрагимов, актриса Жұлдыз Әбдікәрімова сынды бірқатар елге танымал азаматтар бар.
Аталған заң жобасында отбасылық зорлық-зомбылықтың экономикалық, психологиялық және физикалық түрі бар екені атап көрсетілген. Яғни, балаңызға ұрыссаңыз – психологиялық, қол көтерсеңіз – физикалық, әлеуметтік жағдай жасай алмасаңыз – экономикалық зорлық-зомбылық көрсеткен болып шығасыз. Мамандардың пікірінше, заң жобасы осы күйінде қабылданса, материалдық жағдайы нашар көп отбасы тығырыққа тірелмек. Мәселен, 5-6 баламен бір бөлмені паналауға мәжбүр болып отырған отбасылар бар, айлығын шайлығына жеткізе алмай отырған ата-ананы балаңа экономикалық зорлық көрсеттің деп жазаламақ па? Қазіргі күрделі кезеңде әр баласына бір бөлме сайлап беруге ары кетсе он қазақтың бір-екеуі ғана қауқарлы шығар. Басқасы не істемек?
Ата-аналар неге алаңдаулы?
Жұрттың ашуын туғызған заң жобасының 5-бабының 11-тармақшасында: «Адамның құқықтары мен бостандықтарына қысым жасайтын және отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылыққа ықпал ететін әдет-ғұрыптар мен дәстүрлерді болғызбау» деген сөз бар. Бұған не жататыны ашып жазылмаған. Ойымызға әуелгі келетіні – қыз алып қашу, баланы сүндетке отырғызу. Тағы қандай дәстүрлерді меңзеп тұр? Тәптіштеп түсіндірілмегендіктен, ел арасында ер балаларды сүндетке отырғызу рәсіміне тыйым салынады екен деген алыпқашпа әңгімелер тарай бастады. Көптің алаңдаушылығы елге белгілі азаматтарды Мемлекет басшысына, Мәжіліс депутаттарына үндеу жолдауға итермеледі.
Жаңа заң жобасына түбегейлі қарсылық танытқандардың бірі – айтыскер ақын Балғынбек Имаш.
«Мен «Отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы іс-қимыл туралы» заң жобасын оқып шықтым. Заңгер болмасам да, тіл маманы ретінде, айтыскер ақын ретінде ондағы әр термин мен әр сөздің мағынасын, оның астарын, оның қыры мен сырын, жасырынған мәнін толық түсіне отырып, бұл заң жобасы бала құқығын желеу етіп, ата-ананың абыройы мен беделін түсіретін, отбасы деген қасиетті ұғымның тамырына балта шабатын қитұрқы жоба деп мәлімдеймін. Тентегіне тектей алатын, қисығын тезге салып түзейтін ата-баба дәстүрін, дініміздің қастерлі ұстанымдарын жоққа шығарып, батыстық үлгіні қабыл ету арқылы біз қай ұшпаққа шықпақшымыз?» – деп жазды ақын желідегі парақшасында.Белгілі әнші, Қазақстанның Еңбек сіңірген қайраткері, көпбалалы ана Қарақат Әбілдина да аталған құжат ұлттың болашағына балта шабуы мүмкін деп алаңдаулы.
«Көршің «мынаның баласы күндегіден көбірек жылады» деп шағымданса, жетіп келіп баланың денесін бастан-аяқ қарайды екен де, иненің ұшындай көгерген, қызарған белгі тапса бітті баланы арқалап кете барады екен. Бала жүгірмей ме, секірмей ме, құламай ма?! «Әй ойбай ойнама, жүрме, отыр, көгертерсің» деп қадам бастырмай байлап отырайық?! Басқаны қойшы, бала өзі де қоңырау шалып арыз бере алады екен. Алла-ау, телефонды туғаннан біліп шығатын бұларың, қит етсе звондап тұрсын онда?! Мына заман қалай-қалай түрленеді?! Қайда бара жатырмыз? Кімге сенеміз? Мүдделері не? Ұрпағымыз арқылы болашаққа балта шауып, ұлтты мәңгүрттендіріп, елді ессіздендіру ме?! Қарсымын!», – деп жазды әнші желідегі парақшасында.Баланың өзі құзыретті органдарға қоңырау шалып, ата-анасының үстінен арыздана алатыны заң жобасының «Ішкі істер органдарының құзыреті» деп аталатын 10-бабында айқын көрсетілген. Аталған баптың 4-тармағында «балаларды тәрбиелеу жөніндегі міндеттерін орындамайтын немесе тиісті түрде орындамайтын, оларға қатысты құқыққа қарсы әрекеттерді жасайтын ата-аналарды немесе оларды алмастыратын адамдарды анықтайды» десе, 7-тармақшада «зардап шегушінің өтініші бойынша оны медициналық куәландыруға, сот-медициналық сараптамаға жібереді; 8-тармақшада «зардап шегушінің өтініші бойынша оны көмек көрсету жөніндегі ұйымға немесе денсаулық сақтау ұйымына жібереді» делінген. Қоғам белсенділері бұл норма ата-ананың бала алдындағы қадір-қасиетін төмендетеді деген пікірде. Заңгерлер неге қарсы? Заң жобасына қарсылықтарын ашық білдіріп, Парламент өкілдерін құжатты түзетуге шақырғандардың арасында өнер адамдары, блогерлерден бөлек, заңгерлердің қатары да аз емес. Сала мамандары бұл заң жобасының Қазақстанда қалыптасқан негізгі құқықтық нормаларға сай келмейтінін, заң шығарушылар кейбір жайтты ескермегенін алға тартуда.
«Кез келген тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы екенімізді айта отырып, «тұрмыстық зорлықпен күрес» деген ұранның кесірінен қарапайым отбасылардың зардап шегуі мүмкін екенін айтқымыз келеді. Біздің көпұлтты қоғамда отбасы құндылықтары, ата-ана мен баланың қарым-қатынасы ерекше бағаланады. Әр қабылданатын заң осыған сәйкес құрылуы керек. Біріншіден, депутаттар ұсынған жаңа заң біздің өмірге, қоғамға сай келмейді. Кез келген заң құқықтық фундаментке, базаға сүйеніп құрылады. Одан әрі ол қоғамның қызығушылығына, тіршілігіне қарай елдің жағдайын, құқығын жақсартуы керек», – дейді Солтүстік Қазақстан адвокаттар алқасының адвокаты Елена Игнатенко.Маманның айтуынша, жаңа заң жобасында психологиялық зорлық туралы айтылғанымен, оның ешқандай құқықтық нормасы жоқ.
«Психологиялық зорлық дегенді «адамның психикасына әдейі әсер ету» деп түсіндірген. Олай болса, жарнама, кино секілді дүниелер де адам психикасына әдейі әсер етуге жатпай ма? Сонда ата-ананың баламен жеке сөйлесуінің бәрі психологиялық зорлық болып санала ма? Заңның тұжырымы дұрыс емес», – дейді қорғаушы.Елена Игнатенко «Отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы іс-қимыл туралы» заң жобасындағы «экономикалық зорлық» деп аталатын тараудың да дүдамал тұсы көп деп есептейді.
«Заң шығарушылар экономикалық зорлыққа баланы баспанадан, киімнен, тамақтан шектеуді жатқызыпты. Бірақ мемлекеттің Конституциясында баланың жеке құқығы, оған қанша киім алып, қанша тамақ жеуге болатыны туралы құқықтық норма жоқ. Бәріміз ұл-қызымыздың тамағы тоқ, киімі бүтін болып өскенін қалаймыз. Дегенмен елімізде баласын әрең асырап отырған, оны жайлы үймен қамтамасыз етуге жағдайы жетпей жүрген отбасылар бар. Егер біз талқылап отырған заң қабылданып кетсе, көпбалалы, мұқтаж отбасылардың баласын ата-анадан айырады. Әке-шешесі бола тұра, балалар үйінде тәрбиеленетіндер көбейіп кетеді. Бір сөзбен айтқанда, мемлекет отбасының бюджетіне араласып, әр айдағы қаражаттың балаға қалай жаратылатынын аңдуға дейін баруы мүмкін. Алайда мемлекет тарапынан әр отбасыда мынадай қаражат болуы керек деп жасалып жатқан жағдай жоқ», – дейді заң маманы.Заңгер Бейбіт Омаров та құжаттағы ұғымдардың анықтамасын ұға алмай жүргенін айтады.
«Жаңа заң жобасында оның авторлары: «Психологиялық зорлық-зомбылық – бұл қасақана психикалық азап шектіру, қорлау, шантаж жасау, адамның ерік білдіруін шектеу және адамның ар-намысы мен қадір-қасиетін қорлайтын басқа әрекеттер мен оларды қолданамын деп қорқыту» десе, «Экономикалық зорлық-зомбылық дегеніміз – тамақтануға, тұрғын үйге немесе адамның дамуы үшін қажетті басқа жағдайларға, меншікке, жұмыс істеуге, білім алуға, бірлесіп меншікті пайдалануға, сондай-ақ тиісті үлеске билік ету құқығын жүзеге асырудағы шектеулерге алып келген қасақана әрекет» деп береді. Бұлыңғыр анықтамадан не түсіндіңіз? Айталық, ата-ана баласына: «Егер сен үй тапсырмасын орындамасаң, серуенге шықпайсың!» десе, бұл «шантаж, психикаға қасақана әсер ету, ерік білдіруді шектеу және адамның ар-намысы мен қадір-қасиетін қорлайтын басқа әрекеттер» болып шыға келмей ме? Балаңыз жаңа компьютерлік ойын сатып алғысы келеді, сіз оған рұқсат етпедіңіз делік. Демек, сіз оған психикалық азап шеккізуші ретінде жазаланасыз, – дейді заңгер Бейбіт Омаров.Дініміз не дейді? Қазақстан Мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы қоғам наразылығын тудырған заң жобасына қатысты мәлімдеме жасады.
«Біздің дініміз бен дәстүрімізде, күнделікті өмір сүру дағдымыз бен ұлттық болмысымызда ата-ананың ұрпақ алдындағы аманаты, баланың перзенттік парызы, олардың бір-біріне қатысты тәрбие үлгілері бағзы заманнан қалыптасқан. Осынау құндылықтар ғасырдан-ғасырға жалғасып келеді», – дейді ол.Бас мүфти өзгенің таным-түсінігімен өмір сүре алмайтынымызды, ұстанатын дініміз бен арқа сүйер салтымыз бар екенін атап өтті.
«Күнделікті өмірде дағдымызға айналған ғұрпымыз бар. Әрине, біз отбасындағы зорлық-зомбылыққа түбегейлі қарсымыз. Өз ұрпағына, аманат етіп алған жарына қол көтеріп, зиян шектіргендер қылмыстық әрекеті үшін заң алдында жауапқа тартылуы тиіс. Алайда бала құқығын алға тартып, оның әдепсіз әрекет жасауына жол беру дұрыс емес. Бұл – бала болашағына балта шабатын қадам», – деді Наурызбай қажы Тағанұлы.Қазақстан Мұсылмандары діни басқармасының төрағасы халқымыздың жас буынды «ұят болады, обал болады, сауап болады» деген тәрбиелік мағынасы терең түсініктермен жөнге салғанын еске салып:
«Осы үш ұғымды өмір сүру дағдысына айналдырған бозбала мен бойжеткен ата-анасын, одан қалса елі мен жерін ұятқа қалдырмайды. Әр адам өз отбасына жауапты. Осы жауапкершілікті саналы түрде сезінген ата-ана бала тәрбиесіне тиянақты түрде мән береді. Ол үшін ең әуелі өзінің әдебі мен мәдениетіне мән беруі қажет. Ғұламалардың: «Бала тәрбиелеуден бұрын өзіңді тәрбиеле» деген сөзінде үлкен мән жатыр. Баламызды бес жасқа дейін патшадай күтіп, мәпелеп өсірсек, он бес жасқа дейін өмір тіршілігіне икемдеп, еңбекке баулып, үлкенге қызмет етіп, батасын алуға тәрбиелесек, он бес жастан кейін онымен жеке тұлға, өзіндік ойы бар азамат ретінде пікірлесіп, ақылдасып, жиі сырласып-сұхбаттассақ, үміт еткен ұрпағымыздың жақсылығын көретініміз анық», – деп түйіндеді сөзін.Заң жобасын қолдаушылардың уәжі қандай? Өткен жылдың көктемінен бері күн тәртібіне шыққан заңның жобасын жасаушылардың сөзінше, құжаттың басты мақсаты – зорлық-зомбылықты жою және алдын алу. Соңғы кезде елімізде түрлі тұрмыстық деңгейдегі дау-жанжалдың көбеюі жаңа заңның қажеттігін көрсетті дейді олар. Күйеуі өлімші етіп сабаған әйелдердің, ата-ананың жауапсыздығынан, мейірімсіздігінен теперіш көрген балалардың қатары артқанын жоққа шығара алмаймыз. Әсіресе, карантин кезінде отбасындағы құқықбұзушылық 25 пайызға өскен. Әйелдер мен балалардың құқығын қорғап, қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында қолға алынған заңның жобасын жазуға 50-ден астам адам қатысып, 220-дан астам елдімекен қамтылыпты. Заң жобасын талқылауда үкіметтік емес ұйымдар өкілдерінің де ұсыныстарына басымдық берілген. «Отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы іс-қимыл туралы» заң жобасы жұмыс тобының жетекшісі, Мәжіліс депутаты Айгүл Нұркина халық заң жобасын дұрыс түсінбей жатыр, құжат нормаларын бұрмалап әдіптеушілер көп деген пікірде.
«Өкінішке қарай, талқыланып жатқан заң жобасының жекелеген нормаларын қате түсіндіретіндер бар. Мысалы, «жыныстық еркіндік», «экономикалық зорлық-зомбылық», «психологиялық зорлық-зомбылық» ұғымдарына қатысты теріс пікір қалыптасқан. Бұл ұғымдар заңнама үшін жаңалық емес. Қолданыстағы «Тұрмыстық зорлық-зомбылық профилактикасы туралы» 2009 жылы қабылданған заңдағы 4-бапта «жыныстық еркіндік» деген сөзбен бірге, тұрмыстық зорлық-зомбылықтың барлық түрі көрсетілген. Енді, осы ұғымдардың болуы «олардың жыныстық еркіндігіне қысым жасау» себебінен қанша қазақстандық отбасынан балаларды тартып алуға мүмкіндік берді? Сондай-ақ «жыныстық еркіндік» – отандық заң әдебиетінде және қылмыстық құқық теориясында қолданылатын қалыптасқан заңды термин. Тиісінше, жыныстық еркіндікті қоғамға тән емес азғындық термин деп бекіту – тұрмыстық философиялық пайымдау», – деді депутат.Халық қалаулысының сөзінше, осы терминнің заң жобасында бекітілуі дау туғызуы мүмкін екенін ескеріп, жұмыс тобы «жыныстық зорлық-зомбылық» ұғымының заңды анықтамасынан «жыныстық еркіндік» деген сөзді алып тастаған.
«Кейбіреулер балаларды басқа отбасына асырауға береді деген пікір айтып жүр. Балаларды балалар үйіне беру оңай шаруа емес. Бұл үшін салмақты себеп болуы керек. Ол үшін баланың шынымен жақын туыстары жоқ екенін немесе ата-анасы ата-ана құқығынан айырылғанын растау қажет. Қамқоршылық және қорғау органдарының міндетті қатысуымен тиісті сот рәсімдерінен өтуге, барлық қажетті құжатты жинауға тиіс. Сондықтан үрей туғызудың қажеті жоқ. Біздің мақсатымыз – отбасылық құндылықтарды бұзу емес, проблемаларды шешуде кешенді тәсілді енгізуге бағытталған тұрмыстық зорлық-зомбылық профилактикасының қолданыстағы тетіктерін жетілдіру арқылы көмекке мұқтаж адамдарды қорғау. Өкініштісі, кейбіреулер заң жобаларында жоқ мәселелерді айтып, халықты шатастырып жүр», – деді Айгүл Нұркина.Депутаттың бұл сөзін заң жобасын жасаған жұмыс тобының мүшесі Халида Әжіғұлова да қостады. Ол баласына қастық жасап, қылмысқа барғандар ғана ата-ана құқығынан айырылатынын баса айтты.
«Отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылық болып жатуы мүмкін деген қоңырау келіп түссе, полиция баланы бірден тартып алу үшін емес, тексеру үшін барады. Мысалы, полиция қызметкері баланың жағдайы расында мүшкіл екеніне көз жеткізсе, оның басын қатерге төндіріп, қалдырып кетпейді ғой. Ондайда уақытша қауіпсіз жерге орналастыруы мүмкін. Мысалы, қамқоршы органдар күндіз әрі жұмыс күндері жұмыс істейді. Яғни, мерекеде не түнде келеңсіз жағдай болса, олар көмектесе алмайды. Сол үшін полицияның бақылағаны жөн», – дейді Әжіғұлова.Үш бала өсіріп отырған ана, журналист Жанар Жансейіт те көпшіліктің қарсылығын туғызған заң жобасын қолдайтынын жеткізді.
«Біздің «қоғам қайраткерлері» заң жобасын оқымай, байыбына бармай байбалам салады. Айтып отырған сөздеріне қарағанда, Құдай біледі, заңның бетін де көрмеген. «Енесі тепкен құлынның еті ауырмайды» дегенді сылтауратқан. Бірақ өзіміз куә болып жүрген, жаңалықтардан оқып жүрген жантүршігерлік оқиғалар жетерлік. Әке-шешесінің әлімжеттігін көріп өскен бала шарасыз күйге түсетін жағдайлар бар, олар үйлерінен безіп кеткісі келеді, бірақ қайда барып көмек сұрап, қайдан пана табатынын білмейді. Қит еткенге баламызды тартып алады деп ойламаймын, ол үлкен тексеріс, зерттеуден кейін жүзеге асатын дүние. Оның сыртында әке-шешесі психологиялық емнен өту керек. Өзі бала кезден травма алған адам баласына қайта сол қорлықты көрсететіні белгілі. Сондықтан бұл да дұрыс шешім. Бала – Алланың аманаты. Балаларымызды саналы түрде, жан-жақты дайын болғанда дүниеге әкелейік. Сайып келгенде, баланың бұзықтығы да ата-анасының махаббаты, назары, мейірімі жетпей жатқан кезде шығады», – дейді журналист.P.S. Күні кеше ғана Мәжіліс депутаты атанған белгілі саясаттанушы Ерлан Сайыров өткен аптада даулы заң жобасына қатысты пікір білдіріп, осы заңды қабылдаумен айналысатын жұмыс тобына ену жөнінде өтініш жасағанын мәлімдеді. Қоғамда талқыланып жатқан тармақшалардың көпшілігі құжаттан алынып тасталғанын жеткізген халық қалаулысы: «Заң жобасының ұлтымыздың рухани кодына сәйкес болуы үшін еңбек ететін боламыз», – деп сендірді. Солай болғай. Күтейік.