«Túrkistan» газеті ширек ғасырда қандай жетістікке жетті?!

БҮГІН Елордадағы Қазақстан Ұлттық академиялық кітапханасында алғашқы санының басылып шыққанына 27 жыл болған халықаралық «Túrkistan» саяси апталығында ширек ғасыр ішінде жарияланған ең үздік мақалалалар мен сұхбаттардан құрастырылған «Túrkistan» газеті» жинағының тұсаукесер рәсімі өтті.

Жиынды «Túrkistan» газетінің Бас редакторы Қуат Әуесбай ашып, газеттің осыған дейінгі жетістіктері мен  бүгінгі жағдайына қысқаша шолу жасады.

Тұсаукесерде еліміздегі Бас редакторлар клубының вице-президенті, саясаттанушы публицист Кенжеболат Жолдыбай, ҚР Ұлттық Ғылым академиясының академигі Кәрімбек Құрманәлиев, филология ғылымдарының докторы, профессор Серік Негимов, Л.Гумилев атындағы ЕҰУ журналистика және саясаттану факультетінің деканы Қайрат Сақ, Қазақстан Жазушылар Одағы Нұр-Сұлтан қалалық филиалының директоры, ақын Дәулеткерей Кәпұлы, «Отандастар» қорының ресми өкілі Еркін Байғабылұлы, «Egemen Qazaqstan» жалпыұлттық республикалық газеті» акционерлік қоғамы басқарма төрағасының орынбасары Ерболат Кәмен, Қазақстан Ұлттық академиялық кітапханасы директоры Үмітхан Мұңалбаева т.б. БАҚ өкілдері қатысып, сөз сөйледі. Барлығы да «Túrkistan» саяси апталығының қазақ баспасөзінде өзіндік үлгі-өрнегі барлығын және басылымның ширек ғасырдан бері ұлттық руханият пен түркі әлемі үшін зор еңбек сіңіріп келе жатқанын ерекше атап өтті. Сондай-ақ, лентасы қиылып, оқырмандарына жол тартқан «Túrkistan» газеті» жинағының маңыздылығы туралы да жылы лебіздерін білдірді.

Қазақ баспасөзінде танымдық-талдау мақалалары арқылы бөлекше сипатты басылым екенін танытқан «Túrkistan» халықаралық саяси апталығына 27 жыл бойы оқырмандарының ықыласы суыған емес. Алдағы кезде де сол биігінен түспейтіні анық!

Back to top button