438
Қазақстанда апта ішінде болған кадрлық тағайындауларға шолу
Қазақстанда апта ішінде болған кадрлық тағайындауларға шолу
Өткен апта ішінде жаңа Үкіметтің құрамы белгілі болды. Ведомстволарда вице-министрлер мен аппарат басшылары тағайындалды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Апта басында Қазақстан Республикасы Үкіметінің құрамы туралы Президент Жарлығы шықты. Осы уақытқа дейін Сыртқы істер министрі қызметін атқарып келген Мұхтар Бескенұлы Тілеуберді бұдан былай сыртқы ведомствосының басшысы және ҚР Премьер-Министрінің орынбасары қызметін қоса атқарады. Мұхтар Бексенұлы 1968 жылы 30 маусымда Оңтүстік Қазақстан облысында дүниеге келген. Қазақ мемлекеттік университетін бітірген. 2-сыныпты Төтенше және Өкілетті Елші. ҚР Президентінің Жарлығымен Әсет Ерғалиев Қазақстан Республикасының Ұлттық экономика министрі болып тағайындалды. Әсет Арманұлы 1987 жылы 18 маусымда дүниеге келді. Қазақстан менеджмент, экономика және болжау институтын (2008) бітірді; Халықаралық бизнес мектебі (Швеция) (2008); Йорк университеті (2009 ж.); Ноттингем университеті, экономист (2010). 2019 жылдың тамыз айынан бастап ҚР Ұлттық экономика бірінші вице-министрі қызметін атқарды. Президент Жарлығымен Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі қызметіне Серік Жамбылұлы Шапкенов тағайындалды. Серік Жамбылұлы 1979 жылы 29 шілдеде Батыс Қазақстан облысы Қаратөбе ауданы Қаратөбе ауылында дүниеге келген. 2000 жылы М. Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік университетін жоғарғы кәсіби білімді экономист-математик мамандығы бойынша тәмамдаған. 2000 жылы Батыс Қазақстан мемлекеттік университетінде оқытушы болып бастаған. 2020 жылдың маусым айынан бері Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі қызметін атқарып келген.
Ұлттық қоғамдық сенім кеңесі құрамында ротация жасалды. Ұлттық кеңестің жұмысына жұртшылықтың жаңа өкілдері – «ҚазАқпарат» Халықаралық ақпарат агенттігі» АҚ Басқарма төрағасы Асқар Умаров, «ADAL» партиясы саяси кеңесінің мүшесі - хатшысы Эльдар Жұмағазиев, StopFake.kz жобасының жетекшісі, Президенттік жастар кадрлық резервінің мүшесі Александр Данилов, Ақтөбе қаласындағы «Тандем» телерадиокомпаниясының бас директоры Тәттігүл Талаева, «Team Qazaqstan» жастар қозғалысының белсендісі, білім мәселелері жөніндегі сарапшы Қайсар Тұрсынқожа, Қазақстан Республикасы Президентінің «Болашақ» Халықаралық стипендиясы стипендианттары қауымдастығының атқарушы директоры, Президенттік жастар кадрлық резервінің мүшесі Лаура Демесінова тартылды.
ҚР Үкіметінің қаулысымен Әсет Нұрланұлы Тұрысов Қазақстан Республикасының цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі вице-министрі лауазымына тағайындалды. Әсет Нұрланұлы Тұрысов 1987 жылы дүниеге келген. 2009 жылы Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетін, 2017 жылы Халық шаруашылығы университетін тәмамдаған. Еңбек жолын 2009 жылы «Қазақтелеком» АҚ-да бастаған. 2018 жылғы қаңтардан қазірге дейін «Ұлттық ақпараттық технологиялар» АҚ басқарма төрағасы қызметін атқарды.
ҚР Үкіметінің қаулысымен Ғабидолла Рахметоллаұлы Әбдірахымов Қазақстан Республикасының мәдениет және спорт вице-министрі болып тағайындалды. Ғабидолла Әбдірахымов 1975 жылы Оңтүстік Қазақстан облысында дүниеге келген. Қазақ мемлекеттік аграрлық университетін бітірген, «Болашақ» бағдарламасымен неміс мемлекеттік басқару жоғары мектебінде оқыды, мемлекеттік әкімшілендіру магистрі. Еңбек жолын 1996 жылы Қазақ мемлекеттік аграрлық университетінде тәлімгер-оқытушы болып бастаған. 2019 жылғы қараша айынан қазірге дейін ҚР Премьер-Министрінің кеңесшісі қызметін атқарды.
ҚР Үкіметінің қаулысымен Жандос Қонысұлы Бүркітбаев Қазақстан Республикасының денсаулық сақтау вице-министрі қызметіне тағайындалды. Жандос Бүркітбаев 1971 жылы Жамбыл облысында дүниеге келген. 1996 жылы C. Асфендияров атындағы Алматы ұлттық медицина университетін «Емдеу ісі» мамандығы бойынша, 2003 жылы Л. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетін «Мемлекеттік және жергілікті басқару» мамандығы бойынша, 2007 жылы Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік медицина академиясын «Фармация» мамандағы бойынша, 2018 жылы ҚДСЖМ Қазақстан медицина университетін тәмамдаған. 2019 жылғы 23 қаңтардан бастап «Ұлттық ғылыми онкологиялық орталық» ЖШС басқарма төрағасы қызметін атқарды.
Ұлттық экономика министрінің бұйрығымен Арман Дайырұлы Жұмабеков ведомство аппаратының басшысы лауазымына тағайындалды. Арман Жұмабеков 1973 жылы Ақмола облысында дүниеге келген. 1997 жылы Е. Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетін тәмамдаған. Еңбек жолын 1990 жылы Целиноград облысы (Ақмола) жинақ банкі Ерейментау бөлімшесінің инспекторы болып бастаған. 2019 жылғы 19 шілдеден бастап 2021 жылғы 19 қаңтарға дейін ҚР Ұлттық экономика министрлігінің жауапты хатшысы болып жұмыс істеді.
ҚР Сауда және интеграция министрінің бұйрығымен Жәнібек Нөпіров Қазақстан Республикасы Сауда және интеграция министрлігі аппаратының басшысы қызметіне тағайындалды. Жәнібек Нөпіров 1980 жылы Қостанай облысында туған. 2001 жылы Қазтұтыну одағы Қарағанды экономикалық университетін, 2005 жылы Қарағанды «Болашақ» өзекті білім беру институтын, 2010 жылы Ресей Федерациясы Үкіметі жанындағы Халық шаруашылығы академиясын бітірген. 2019-2021 жж. — ҚР сауда және интеграция министрлігінің жауапты хатшысы.
Аида Дәденқызы Құрманғалиева ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі аппаратының басшысы қызметіне тағайындалды. Аида Құрманғалиева 1970 жылы Қызылорда облысында дүниеге келген. 1993 жылы Қазақ мемлекеттік басқару академиясын бітірді. Еңбек жолын 1988 жылы «Қазагроөнеркәсіп» республикалық тресінің техникалық қызметкері болып бастаған. Әр жылдары қаржы, экономика және бюджеттік жоспарлау министрліктерінде жұмыс істеді. 2017 жылдан 2021 жыл аралығында — ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің жауапты хатшысы.
Энергетика министрінің бұйрығымен Талғат Амангелдіұлы Момышев ҚР Энергетика министрлігі аппаратының басшысы лауазымына тағайындалды. Талғат Момышев 1968 жылы Ақмола облысында дүниеге келген. 1990 жылы Жамбыл гидромелиоративтік-құрылыс институтын, 2001 жылы Алматы экономика және статистика институтын тәмамдаған. 2019 жылғы 8 сәуірден 2021 жылғы 19 қаңтарға дейін — ҚР Энергетика министрлігінің жауапты хатшысы.
ҚР Ауыл шаруашылығы министрінің бұйрығымен Марат Оразаев министрлік аппаратының басшысы қызметіне тағайындалды. Марат Оразаев 1967 жылы Шығыс Қазақстан облысында туған. Алматы халық шаруашылығы институтын «инженер-экономист» мамандығы бойынша бітірген. Еңбек жолын 1991 жылы Қазақ экономика және агроөнеркәсіптік кешенді ұйымдастыру ҒЗИ-да экономист болып бастаған. 2019 жылдан 2021 жыл аралығында ҚР АШМ жауапты хатшысы қызметін атқарды. *** ШҚО әкімі Даниал Ахметовтің өкімімен Катонқарағай ауданының әкімі лауазымына Ділдар Қалиқан тағайындалды. Ділдар Қалихан 1985 жылы 17 қыркүйекте Шығыс Қазақстан облысы, Катонқарағай ауданы, Коробиха ауылында дүниеге келген. 2009 жылы Алматы Экономика және статистика академиясын «менеджмент» мамандығы бойынша бітірген. Еңбек жолын 2005 жылы «Дамир» шаруа қожалығының басшысы қызметінде бастаған. 2014-2017 жылдары аралығында Зайсан және Катонқарағай аудандары әкімдерінің орынбасары лауазымында еңбек етті.
Павлодар облысы Ақсу қаласының әкімі қызметіне Нұржан Әшімбетов тағайындалды. Нұржан Әшімбетов 1969 жылы Павлодар облысы Лебяжі ауданы Черное ауылында дүниеге келген. 1993 жылы Алматы зооветеринарлық институтын «Зооинженер» мамандығы бойынша, 2002 жылы Алматы Экономика және статистика институтын «бухгалтер-экономист» мамандығы бойынша, ал 2014 жылы Ресей халық шаруашылығы және мемлекеттік қызмет академиясын «мемлекеттік және муниципалдық басқару» мамандығы бойынша тәмамдаған. 2019 жылғы қыркүйекте Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісі VI шақырылымындағы депутаты болды.
Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетовтің бұйрығымен «Оқулық» республикалық ғылыми-практикалық орталығының директоры қызметіне Елдос Нұрланов тағайындалды. Елдос Болатханұлы 1981 жылы 13 қыркүйекте Алматы қаласында дүниеге келген. Құқықтанушы-педагог, білім жүйесінің зерттеушісі мен сарапшысы. Қазақ құқықтану және халықаралық қатынастар институтын құқықтану мамандығы бойынша специалитетті үздік тәмамдаған. «Ednet Academy» USAID (АҚШ) жобасы бойынша магистрлік деңгейіндегі 2-жылдық даярлау бағдарламасынан өткен. Еңбек жолын колледж оқытушысы ретінде бастап, әр жылдары ҚР БҒМ «Бөбек» ұлттық ғылыми-практикалық, білім беру және сауықтыру орталығының бөлім жетекшісі, ҚР БҒМ Ы.Алтынсарин атындағы Ұлттық білім академиясының ғылыми-зерттеу орталығының аға ғылыми қызметкері, ҚР БҒМ жанындағы ақпарат-талдау орталығының, департамент жетекшісі, вице-президенті, Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігі гуманитарлық колледжінің директоры, Назарбаев университетінің ғылыми қызметкері лауазымдарын атқарған.
Осы аптаның басында «Egemen Qazaqstan» газетіне бас редактор тағайындалғаны белгілі болды. Ғабит Іскендерұлы Мүсіреп Қарақалпақстанның Тақтакөпір ауданында дүниеге келген. Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің журналистика факультетін тәмамдаған. Еңбек жолын 1992 жылдан, яғни V курстан бастап «Egemen Qazaqstan» жалпыұлттық республикалық газетінде жұмыс істеп бастаған. Қазақ баспасөзінің қарашаңырағында тілші, аға тілші, шолушы, бөлім меңгерушісі, одан әрі бас редактордың орынбасары қызметтерін атқарды.
Осы аптада «Қазақ радиолары» ЖШС бас директоры Ернұр Бурахан «Астана» радиосы ұжымы алдында жаңа директор Мәди Манатбекті таныстырды. Мәди Манатбек 1978 жылы 25 мамырда дүниеге келген. 2006 жылы Көкшетау университетінде заңгер мамандығын меңгерген. Еңбек жолын 1998 жылы республикалық «Нартәуекел» газетінде тілшілік қызметтен бастаған. 2013-2017 жылдары «BAQORDA media group» ЖШС Бас директоры; 2017 жылдың ақпанынан 2018 жылдың қазан айына дейін «Қазақ радиолары» ЖШС бас директоры болды.