832
Мәслихат мандатын алған қандастардың қарасы көп
Мәслихат мандатын алған қандастардың қарасы көп
Естеріңізде болса, былтыр дәл осы қаңтар айында «Nur Otan» партиясының жиынында cөйлеген сөзінде Елбасы Н.Назарбаев: «Келесі сайлауда жергілікті мәслихаттарға қандастарымызды көптеп тарту керек» деген болатын. Партия Лидері айтқан бұл жай ғана сөз емес, партияластарына берген тапсырма еді. Өйткені бұл жолғы сайлауда шетелден көшіп келіп, қоғамдық өмірге әбден сіңісіп, әртүрлі қызмет саласының біраз сатысынан өткен қандастар көптеп бақ сынады.
Бұған дейін қандастар арасынан шыққан облыстық, қала және аудандық мәслихаттарда бар-жоғы 10 шақты ғана депутат бар еді.
Мәселен облыс, қала, аудандық мәслихатының тарихында Моңғолиядан көшіп келген қандастар арасынан Нұртай Тілеужан ШҚО Ұлан аудандық мәслихат депутаты болып 4 рет сайланды, Айбек Хоршат СҚО Ақжар аудандық мәслихат депутаты болып 2 рет сайланып, мәслихат хатшысы болды. Сондай-ақ, Моңғолияның Қобда аймағынан көшіп келген Әділ Райымбек 2000-2004 жылдары «Асар» партиясының атынан Павлодар облысы Аққулы ауданында мәслихат депутаты болды.
Ал Қытайдан келген қандастар арасынан Алматы облысы, Талғар ауданының мәслихат депутаты болып айтыскер ақын Әбдіғани Бәзілхан сайланған еді. Сонымен қатар, Қазақстан Президентінің жанындағы Адам құқықтары жөніндегі комиссиясының сарапшысы, «Ерке-Нұр» компаниясының төрайымы, белгілі стилист-модельер Фарида Мерхамитқызы Алматы қаласының мәслихат депутаты болып бірнеше мәрте сайланған. Биылғы сайлауға қатыспады ма, депутаттар тізімінен бұл кісілер көрінбеді.
Жақында өткен сайлауда «Nur Otan» партиясының атынан түскен депутаттар ішінде атажұртқа қоныс аударған қандастарымыздың саны біршама.
Атап айтар болсақ, Моңғолия елінен келген қандастар арасынан Ақмола облысы бойынша Нұргүл Жұмкей – Шортанды аудандық мәслихат депутаты; («Ақ жол» партиясынан сайланды), Қайрым Кәбар – Степногорск қалалық мәслихат депутаты. Павлодар облысы бойынша Жарқынбек Амантай – облыстық мәслихат депутаты, Болат Заут – Павлодар қалалық мәслихат депутаты, Әбу-Дәуіт Займолда – Ақтоғай аудандық мәслихат депутаты, Радат Айдолда – Шарбақты аудандық мәслихат депутаты, Төлеген Қадыр – Баянауыл аудандық мәслихат депутаты. ШҚО бойынша Маржан Бақыт – облыстық мәслихат депутаты, Әскерхан Қуанбай – қалалық мәслихат депутаты, Нұртай Тілеужан – Ұлан аудандық мәслихат депутаты. Алматы қаласынан Нұрымбек Тау – қалалық мәслихат депутаты. Қостанай облысы бойынша Берденбек Қайрат – Лисаковск қалалық мәслихат депутаты, Мешіт Қазезұлы – Қостанай аудандық мәслихат депутаты («Ақ жол» партиясынан сайланды), Наташа Жұпар Федоровка – аудандық мәслихат депутаты. Қарағанды облысы бойынша Аманжол Тілеубек – Шахтинск қалалық мәслихат депутаты. СҚО бойынша Айбек Хоршат – Ақжар аудандық мәслихат депутаты (2 рет сайланған және мәслихат хатшысы), Латив Батес – Тайынша аудандық мәслихат депутаты, Лашын Кәкім Тимирязев аудандық мәслихат депутаты болып сайланған.
Ал Қытай елінен келген қандастар арасынан биылғы сайлауда Мамырбек Бірлік – Шығыс Қазақстан облысы Зайсан ауданынан және Қадырсұлтан Нүсіпхан Алматы облысы Алакөл ауданынан депутаттық мандатқа ие болды. Жоғарыда аты аталған мандат иелерінің барлығы дерлік «Nur Otan» партиясының атынан сайланған.
Болат ЗАУТҰЛЫ,
Павлодар қалалық мәслихатының депутаты:
Павлодар қандастарға құтты қоныс болды
– Қазақстан Тәуелсіздік ала салысымен алыс-жақын шет елдердегі қазақтар көп ойланып-толғанып жатпай-ақ, өз тарихи Отанына оралуға қамдана бастады. Онсыз да елеңдеп отырған ағайынға Қазақстанның Тұңғыш Президенті – Елбасы Н.Назарбаевтың «елге ораламын деушілерге есігіміз ашық» деген үндеуі оларды тіптен қанаттандырып жіберді. Кешікпей ат басын атамекенге бұрған маңызы да, мағынасы да ерекше тағы да бір ұлы көш басталып кетті. 1991 жылы көшті бастаған алғашқы қарлығаштар – Моңғолия қазақтары болатын. Сарыарқаны бетке алған алғашқы көштің легінде Моңғолияның ішкі өлкесі, Қобда, Хэнтий аймағы, астанасы – Ұланбатыр қаласының маңындағы қалада тұрған қандастар бастап Павлодар облысы Баянауыл ауданына 165 отбасы ат басын тіреген болса, іле-шала 1992 жылы 1 400 отбасы Павлодар облысының орталығынан алыс, шет кеңшарларға қоныстандырылды. Павлодар өңірі қандастарға құтты, жайлы қоныс болды. Қоғамдық ұйымның жетекшісі ретінде облысқа қоныстанған қандастарымыздың өтініштері бойынша қала аумағындағы Павлодар ауылынан 110, Кенжекөл ауылынан 10, Жетекші ауылынан 62 жер телімін алып беруге өзім тікелей атсалыстым. Еліміз тәуелсіздігін алған сәттен бері 30 жыл ішінде Павлодарда жергілікті мәслихаттың тарихында 2000-2004 жылдары Әділ Райымбек «Асар» партиясының атынан Аққулы ауданында мәслихат депутаты болған. Ол кісіден басқа бірде-бір қандасымыз депутат болған жоқ. Осы жолғы жетінші шақырылымда «Nur Otan» партиясының атынан осы олқылықтың орны толып, бес бірдей депутат ортамыздан шықты. Бұл облыс, қала, аудандық «Nur Оtan» партиясы тарапынан қандастарға деген зор сенімі деп білемін. Жалпы, қорыта айтқанда Тұңғыш Президент – Елбасы Н.Назарбаевтың Дүниежүзі қазақтарының V құрылтайында сөйлеген сөзінде: «Шеттегі әрбір қандасымыз – қазақ елінің бір түйіршігі. Елге келген қандастарға жан-жақты көмектесу – барлық халқымыздың міндеті» деген еді. «Жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын» дегендей, басқа облыстар қандастармен жұмыс істеуде Павлодар облысының құзырлы орындарынан үлгі алуы керек. Маған берілген мандат – бұрыннан істеп келе жатқан қоғамдық жұмыстарымның бағасы деп білемін. Сондықтан сол жұмыстар одан ары жалғаса береді. Әсіресе, көші-қон саласында түйткілді мәселе әлі де жетеді. Оларды оңтайландыруға атсалысамын. Биыл қандастардың атажұртқа көшіп келе бастағанына 30 жыл толды. Атқарылар мәдени-рухани шаралар да көп.Алматы облысы Алакөл аудандық мәслихатының депутаты:
Жауапкершілігі мол жүкті көтеруге бел байладым
– Мен Қытай елінің Алтай аймағы Шіңгіл ауданынан көшіп келдім. Атажұртқа келіп, алғаш жауапкершілігі мол жүкті көтеруге бел байлап отырмын. Халық пен билік арасындағы алтын көпір болу бақыты мен борышы мойнымызға ілінді. Сенім білдіріп, аламаннан атымды күткен барша ағайынға алғысым шексіз. Жауапкершілікті түсінемін. Елдің ертеңі үшін, адал еңбек етуге барымды саламын деген сенімдемін. Кеше ғана атажұртын аңсап, арман қуып келген қандасын шетке қақпай, араларына алып, ақ жол тілеп жатқан ел ағаларына және партияға мың алғыс. Бөркімді аспанға атып, атақ-абырой үшін масаттанғаным жоқ, керісінше арқамдағы жүктің салмағы мен жауапкершілік үшін аса маңызды қадам басуға тура келіп отырғанын сезіндім. Ендігі мақсат – көшбасшы партияның бағдарламалары негізінде халық мүддесіне бағытталған ілкімді іс атқару. Ел экономикасының, мәдениетінің табысты қадаммен алға басуына өз үлесімді қосу. Сондай-ақ, шеттен келген ағайын үшін көші-қон мәселесін қолға алу. Шыны керек, соңғы жылдары көші-қон бәсеңдеп қалды. Шеттен көшіп келетіндерге қарағанда, қайта шетелге көшіп кеткісі келетіндерге жол ашық секілді. Тіпті, ел ішінде Қазақстан азаматтығын алу мәселесі де біршама қиын екені жасырын емес. Қағазбастылық пен жең ұшынан жалғасқан жемқорлықтың жүріп жататыны бар. Қандастардың ортаға бейімделуі мен құжаттарын ойдағыдай заңдастырылуы, жер және үй алуға, тіл үйренуіне де ақпараттық қолдау көрсетілуі тиіс. Міне, қастерлі Тәуелсіздігімізге 30 жыл толды. Тәуелсіздігімізбен құрдас өрімдей ұл-қыздарымыз бүгін атпалдай азамат болып, ел ісіне араласып отыр. Бұл да маңдайымызға біткен бақыт. Мәңгілік елдің іргетасын бірге қалайық. Осы жолда тек мандат алғандар ғана емес, ел болып бірге атсалысуға шақырамын.Әскерхан АҚТАЙ, ақын-драматург, Өскемен қалалық мәслихат депутаты: Өскемен қаласының өркендеп дамуына, әсіресе ана тілдің мәртебесін көтеруге атсалысамын
– 400 мыңға жуық халқы бар, тарихи тамыры терең Өскемендей ірі қаланың мәслихатына сайланып, мандатқа ие болу – мен үшін үлкен абырой әрі зор жауапкершілік. Өскемен қалалық мәслихатының VII шақырылымының алғашқы сессиясы болып өтті. Осыған сәйкес, VII шақырылымда мәслихат құрамы экономистер, кәсіпкерлер, денсаулық және білім саласы, мәдениет пен өнер өкілдері, сонымен қатар жастар, әйелдер секілді білікті 23 депутаттан жасақталды. Мәслихат құрамы бұрынғымен салыстырғанда 90 пайыз жаңарды. «Nur Otan» партиясы атынан сайланған депутаттардың 80 пайызы праймеризден іріктелген. Өз басым атажұртқа келгелі әдебиет, мәдениет, жалпы руханият саласында қалтқысыз қызмет етіп келемін. «Отандастар қоры» және Дүниежүзі қазақтары қауымдастығының Шығыс Қазақстан облысындағы өкілі ретінде де қандастарға өз тарапымнан қолдау білдіріп, қолымнан келгенше қызмет көрсеттім. Шығыс Қазақстан облысы Қытай, Ресей елдерімен шектеседі, одан әрі Моңғолия да жақын болғандықтан қандастар ең көп көшіп келетін аймақ. Сондықтан мұнда қандастар мәселесі де көп. Әсіресе, жаңа көшіп келген қандастарға квота жетіспей жататыны жайлы көптен айтып келемін. Жалпы, Өскемен қаласының өркендеп дамуына, қаланың руханияты мен мәдениетін, әсіресе ана тіліміз – қазақ тілінің мәртебесін көтеруді жоспарлап отырмын.