2075
Қазақ әдебиетінде ілгерілеушілік те, іркіліс те бар
Қазақ әдебиетінде ілгерілеушілік те, іркіліс те бар

Әдебиеттің қоғамдағы рөлі ерекше. Ол әрдайым заман өзгерістерін ұғындырып, адам санасын тәрбиелеп отырады. Ұлттық ақыл-ойдың азаттық алғанына 30 жылдан асқанда осы кезең ішінде сөз өнерінде «Неге қол жетті, не жасалмады және болашақта оның дамуы қалай болады?» деген сұраққа жауап іздеу – заңды нәрсе. Біз осы тарапта айтары бар үш қаламгерге сауал қойып, жауабын тыңдап көрдік.
Байбота ҚОШЫМ-НОҒАЙ,
ақын:
Тәуелсіздік кезеңінде жарық көрген туындылардың ішінде сүбелісі аз
– Еліміз тәуелсіздік алған кезден бергі жерде қазақ әдебиеті бұрынғы қарқынынан айырылып қалғандай күй кешті, оның сан түрлі себебі бар. Біріншіден, Кеңес өкіметі құлағаннан кейін оның идеологиясы да өзімен бірге келмеске кетті. Бұл жағдай жетпіс жылдан аса уақыт идеология құралы ретінде қызмет атқарған әдебиетті бір сәт есеңгіретіп тастағандай-тын. Социалистік реализмнің шаблонына үйреніп қалған әдебиетке қысқа уақыттың ішінде өзгеру, жаңа бағыт табу қиын болды.
Заман өзгергенде жауынгер жанрлардың алға шығып кететіні белгілі ғой, тәуелсіздіктің елең-алаңында да көркем әдебиеттен гөрі халыққа публицистиканың жақындау болғаны рас. Публицизм прозаны да, поэзияны да бірдей шарпыды. Дегенмен әдебиет көші тоқтап қалған жоқ.
Тәуелсіздіктің алғашқы отыз жылында көркем әдебиет саласында жарық көрген кітаптардың санына қарасақ, көңіл көншірлік деп айтуға болады, бірақ олардың көбі оқырман қауымға бұрыннан мәлім қайта басылымдар еді. Әртүрлі баспалардан «Атамұра кітапханасы», «Қазіргі қазақ поэзиясы», «Қазақ прозасы қазынасынан» т.б. сериялармен тоғытылып шыққан сан алуан кітаптар мен көптомдықтардың бәрі де қайта басылған болатын. Сол сияқты «Атырау ақын-жазушыларының кітапханасы», «Сырдария кітапханасы», «Маңғыстау ақын-жазушыларының кітапханасы» т.с.с. бірнеше өлкеден шыққан ондаған, жүздеген кітаптың түгелге жуығы бұрын жарық көрген шығармалар. «Қазақтың жүз романы» сериясымен шыққан кітаптардың да, «Қазақ поэмалары» атты көптомдыққа енген туындылардың да арасында жаңадан жазылғандары мүлдем жоқ. Тек «Отырар кітапханасы» сериясымен басылып шыққан жүзден аса кітапты жаңа шығармалар еді десек, қателесе қоймаспыз. Бірақ ол кітаптардың ішінде бірлі-жарым тәуір дүниелер болғанмен, әдебиетіміздің мерейін көтерер сүбелі туындылар тым аз еді. Дегенмен поэзияда Мұхтар Шахановтың «Өркениеттің адасуы» атты өлеңмен жазылған романы, Темірхан Медетбектің «Көктүріктер сарыны», Мейірхан Ақдәулетұлы, Тыныштықбек Әбдікәкімов, Светқали Нұржан, Гүлнәр Салықбай секілді талантты ақындардың жыр кітаптары, прозада Молдахмет Қаназдың «Кек» кино-хикаяты, Мұхтар Мағауиннің «Жармақ» романы, Төлен Әбдіковтің «Парасат майданы», Тынымбай Нұрмағанбетовтің «Мешкей» хикаяттары, Тұрысбек Сәукетаевтың «Мен – жындымын» романы, Тұрсынжан Шапайдың әңгімелері секілді туындыларды ерекше атап өтуге болады. Бұлардан басқа да жазылған, басылып шыққан әңгіме-хикаяттар, романдар аз емес. Бірақ олардың көбі жоғарыда аталған авторлардың шығармаларымен шендестіруге келе бермейді. Тәуелсіздік кезеңінде туған, пішіні өзгеше жаңаша стильмен жазылған қазақтың көрнекті жазушысы Сайлаубай Жұбатырұлының «Абыржы» трилогиясы қазақ әдебиетінің тәуелсіздіктің алғашқы жылдарындағы ең елеулі табысы деуге тұрарлық шығарма болды. Өкініштісі сол, ұлт әдебиетіне олжа салған туынды әдебиетшілер мен сыншылар тарапынан өзінің лайықты бағасын ала алмады. Ол түгілі Мемлекеттік сыйлыққа ұсынылған кезінде сыйлық беру жөніндегі мемлекеттік комиссия «Абыржыны» алғашқы кезеңде-ақ құлатып жіберді. Бұл енді шынайы әдеби туындыларды бағалауда әлі де әділеттілік таныта алмай жатқанымыздың көрінісі тәрізді.
Дегенмен бүгінгі қазақ әдебиеті есін жиып, жан-жаққа көз тастап, өзге озық әдебиеттердің тәжірибесіне зер салып, түрлі ағымдардың үлгісін бойына сіңіріп жатыр. Бірақ ол үрдіс әлі де толық пісіп-жетіле қойған жоқ. Үкілеуге лайық бірлі-жарым тәуір үлгілер болғанымен жаңа бағыттағы толыққанды әдеби бұрылыс аңғарылмайды деп сеніммен айта аламыз. Өйткені түрлі бағыттағы эксперименттер жаңашылдық ретінде орнығып, дәстүрге айналамын дегенше әлі біраз уақыт керек.
Бегабат ҰЗАҚОВ,
жазушы, әдебиетші:
Жаңа дәуір әдебиетінен күткеніміз көп еді...
– Ұзақ уақыт қараңғыда отырған адамды бірден жарыққа шығарса, сәулеге шағылысып, көзі ашылмайды дейді ғой. Меніңше, үнемі ойында жүрсе де, аяқ астынан келген еркіндікке тосырқап қалған қаламгерлердің халі де соған ұқсас болған секілді. Ал келді азаттық, ойыңды күлбілтелемей ашық айт, қазылмай қалған тақырып, жазылмай келген сыр болса ақтар деген дәуір талабының үдесінен шығу оңай болмады.
Тарихи шындықтар ашылды, публицистика көптің көкейінде жүрген сан проблеманың қоясын ақтарды. Жұрт енді көркем шығарманы былай қойып, деректі нәрселерді, тарихи-танымдық туындыларды көп оқитын болды. Өйткені 70 жылдық ақпараттық аштық руханияттың әбден өзегін талдырған-ды.
Бұрынғы кезде сыншылар халықшыл сипаты бар шығармалардың астарын ашуға жүрексінетін. Өйткені қатал идеология өзіне ұнамаған шығарма иесінің басына тура әңгіртаяқ ойнататын. Ал енді тәуелсіздік кезеңінде әдебиеттегі болып жатқан үдерістермен халықты таныстырып, көзін ашып отыруы тиіс әдеби сын өзінің әділдік принципінен ауытқып, туындыларды талдап-тексерудің орнына не асыра мақтап, не жермен-жексен қылып жамандауға машықтанып, ағартушылық сипатынан айырылды.
Өтпелі кезеңнің аласапыраны онсыз да бағасы түскен көркем әдебиетке деген қызығушылықты күйретті. Тәуелсіздіктің алғашқы он жылында ел экономикасында өсудің тым баяулап қалуы жұрттың көбіне ала дорба арқалатып, жанбағыстың жолына шығарып жіберді. Осындай кезеңде әдебиет те тұралап қалды. Әсіресе, прозаиктер заманға бейімделе алмай, біраз тосырқап жүрді. Дегенмен ел еркіндігін алған 30 жылдың жартысынан бері қарай мемлекеттің жағдайы дұрысталып, мемлекеттік тапсырыспен мың, екі мың данамен болса да кітаптар шыға бастады. Қазір бес мың тиражбен шығып, мемлекеттік кітапханаларға таратылуда.
Шынын айту керек, тәуелсіздік кезеңінде әдебиет қайта түлеп, елдің ойында жүрген тақырыптарды қопара зерттеп, үлкен серпіліс туғызуы керек еді. Бірақ бір кездегі айтарын астарына жасырған, шартты түрде «қарсылық әдебиеті» деп аталатын әдебиеттің жалғаспай қалуы, ұлттың санасын оятар үлкен шындықтардың көркем оймен берілмеуі қазақ әдебиетін, оның ішінде проза жанрының бағын байлаған секілді.
Әдебиет рухани сананы қалыптастырып, адам ойын дамытатын, сол арқылы тұтас халықтың интеллектуалдық деңгейін көтеретін құдірет. Бірақ түрлі себептермен өз миссиясын ойдағыдай орындай алмай келе жатқан бүгінгі қазақ әдебиеті әлі күнге өткен ғасыр классиктері жасап кеткен концепциядан ұзай қойған жоқ.
Әрине, қазір де ұлттық әдебиеттің табысы дерліктей шығармалар аз да болса бар, бірақ олар халыққа түгел жетті ме? Олардың сыр-сипатын талдап түсіндіретін білікті сын болмағасын жұрт әдебиетте ненің мықты, ненің жаңашыл, ненің халтура екенін айыра алмайтын күйге түспегенде қайтеді?
Тәуелсіздік кезеңі әдебиетінің алдында тұрған үлкен міндет – рухани деколонизация жүргізіп, санамызды ұлттық болмысымызға жат нәрселерден тазартып, идеялық жақтан ұлтты біріктіруші құдіретке айналуы керек еді, бірақ ол үдеріс жүзеге аспай қалды...
Әлібек БАЙБОЛ,
жазушы-драматург, әдебиетші:
Әдебиет болжаммен жасалмайды, үдерістер табиғи түрде жүруі тиіс
– Әдебиет – жанды құбылыс, ол адамзаттың ақыл-ойымен бірге дамып, бірге құлдырайды. Дәуірлер өтіп, замандар жаңарғанда соған сай әдебиетте де өзгерістер болатыны заңды. Қаламгерлер әдебиетті былай дамытуы керек деп күні бұрын алдын болжап, белгілі бір жоспарлар шеңберінде әрекет ететін болса, ол даму болмас еді.
Ұлттық әдебиет тек өз ішіндегі дәстүрлерге байланып қалмайды, өзге әдебиеттерде болып жатқан үдерістерге көз салып, қанаттаса, жарыса дамиды. Бүгінгі дәуірдің білімді қаламгерлері әлемнің бірнеше тіліндегі шығармаларды түпнұсқадан оқи алатын кезеңде олар да әлемдік әдебиеттің озық үлгілеріне бәсекелес болатын туындылар жасауы әбден мүмкін.
Мәселен, қазақ драматургиясында күні кешеге дейін классикалық бағыт басым болды. Ал қазір қазақ драматургиясы мағыналық, пішіндік жағынан жандану, жаңғыру үстінде. Бүгіндері SounDrama, деректі театр, мюзикл жанрлары қарыштап дамуда, кең өркен жаюда. Бұл алдағы кезде қазақ драматургиясында жанрдың мүмкіндігін ашатын өзгеше бағыттағы түрлі шығармалар пайда болады деген сөз.
Тағы бір айта кететін жайт, соңғы кездері қазақ әдебиетінің озық деп саналатын үлгілері көптеген тілге аударылып Еуропа құрлығына, Америкаға, мұсылман әлеміне тарауда. Бұл әдебиетімізді әлемге танытуға жасалған қадам деуге болады. Егер ондай жұмыстар жалғасын тауып, дұрыс жүргізілсе біздің талантты әдебиетшілерімізді әлем таныр еді.
Қалайда бүгінгі қазақ әдебиеті тың әдіс-тәсілдермен «қарулануда». Оның нәтижесін алдағы уақыттарда көретін боламыз.
Жазып алған
Ахмет ӨМІРЗАҚ


