410
Көлігімен әйелді қағып, мерт қылған полицей қамаққа алынды
Көлігімен әйелді қағып, мерт қылған полицей қамаққа алынды

Шу қаласында 25 жастағы полиция қызметкері көлігімен әйелді қағып, мерт қылды.
Жамбыл облыстық полиция департаментінің мәліметінше, Шу аудандық полиция бөлімі криминалдық полиция бөлімшесінің жедел уәкілі, полиция аға лейтенанты қараңғы уақытта жаяу жүргіншілерге арналмаған жолдан өтпек болған аудан тұрғынын – 48 жастағы әйелді автокөлігімен қағып кеткен. Жаяу жүргіншінің сол уақытта жақын маңдағы кафеден шыққаны анықталды.
«Бұл дерек бойынша ҚР Қылмыстық кодексінің 345-бабы 3-бөлігімен сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталды. Полиция қызметкері уақытша ұстау изоляторына қамаққа алынды. Қазіргі уақытта жан-жақты тергеп-тексеру амалдары жүргізілуде, барлық бейнебақылау камерасындағы жазбалар алынып, сараптамалар кешені тағайындалды», – делінген хабарламада.
Сонымен қатар, медициналық куәландыру қорытындысына сәйкес, 25 жастағы полицейдің ішімдік ішпегені және есірткі заттарын тұтынбағаны анықталды.