7530
Шетелдегі қандастар ассимиляцияға ұшырамауы үшін ана тілі оқытылуы қажет
Шетелдегі қандастар ассимиляцияға ұшырамауы үшін ана тілі оқытылуы қажет
Бізде бір үстірттеу түсінік бар. Бұл – шетелдегі ағайын ана тілін жақсы сақтаған деген. Бұрын олай болған шығар, бірақ қазір жағдай одан біршама төмен екенін сарапшы мамандар да қуаттайды.
Қазір әлемің 40-тан астам елінде қазақ диаспорасы өмір сүреді. Қазақ тілін жақсы сақтаған Қытай қазақтары мен Моңғолия (Шығыс Түркістан) қазақтары. Әуелі Моңғолия қазақтарының ана тілін жақсы сақтауына – ондағы қазақтардың бір ортаға шоғырлануы және сонау 70-жылдан бері Қазақстандағы қазақтілді БАҚ-пен тығыз байланыста болуы. Бірақ қазір онда да моңғол тілінің калькалары мен жаргондары еніп, тілдің біршама жұтаңдап бара жатқаны жасырын емес. Ал Қытай қазақтарына келсек, кейінгі Қытай еліндегі саяси ахуалға байланысты қазақ мектептері жабылып, қазақ балалары түгелге жуық қытай тілінде оқып жатқаны белгілі. Қазір онда тілі ханзуша шыққан қанша жас ұрпақ бары белгісіз. Үшінші, шетелдегі қазақтың көп бөлігі Ресейде. Олардың қаншалықты қазақ тілін білетіні де түсінікті жайт. Ал енді Иранда қазақ тілі мүлде оқытылмайды. Басқа ТМД елдерінде жарым-жатылай, жартыкеш тіл бар. Еуропадағы қазақтардың ана тілін сақтауы тіптен нашар.
Осыған орай, қазір «Отандастар қоры» мен ZERDELI ақыл-ой дамыту орталығы бірлесіп, шетелдегі қандастарға қазақ тілін және кейбір кириллица әрпін білмейтіндерге онлайн оқытуды қолға алды.
Бұл мәселеге байланысты шетелдегі қандастармен онлайн фарматта өткен бір жиында елімізге белгілі ақын Қалқаман Сарин шетелдегі қандастарға ана тілді үйрету қажет екенін айтқан сөзі газетіміздің веб-сайтында жарияланған еді. Алайда бұдан кейін кейір шетелден келген ағайындар өре түрегелді. Олардың уәжіне қарасақ, шетелдегі ағайын ана тілін сақтаған дейді. Ал бұған қандастар мен қазақ диаспорасының мәселесін жазып жүрген журналист Нұртай Лахан Қалқаман Саринның пікірін қолдайтынын жазды. Шетелдегі қазақтардың шын мәнінде ана тілінен айрылып бара жатқанын өз көзімен көргенін, шеттегі қазақтарды ассимиляцияға ұшыраудан аман алып қаламыз десек ең алдымен олардың тілін сақтау қажет екенін айтып, мәселенің байыбына бара бермейтін жалған намысшыл топтың екпінін бәсеңдеткендей болды.
Шетелдегі қазақтардың тіл мәселесін әуелі шетелдегі ағайындардың арасынан шыққан зиялы қауым айтып келеді. Соның бір айғағы, газетіміздің 2 шілде күнгі №26-санында Түркияда тұратын белгілі шоқайтанушы ғалым Әбдуақап Қара: «Бүгінге дейін Қазақстан диаспора саясаты дегенді, оларды елге көшіріп әкелу, яғни көші-қон саясаты деп қана қолданып келді. Бұл да керек, әрине және ол кең ауқымды диаспора саясатының өзі емес, бір бөлігі ғана болуы тиіс» дей келе тіл мәселесінде айтқан еді. Осыдан кейін «Отандастар қоры» КеАҚ вице-президенті Мағауия Сарбасов: «Әлем қазақтарының сын-ескертпелері ескерусіз қалмайды» деген мақаласында ғалым Әбуақап Қараның ұсынын қабыл алып, шетелдегі ағайындарға қазақ тілін оқыту мәселесін қолға алатынын айтқан болатын.
Жасыратыны жоқ, бірақ ел ішінде «Отандастар қоры» шетелдегі ағайындарға қазақ тілін қалай оқытып жатыр, оны қай мекеме қаржыландырады, оқыту сапасы қай деңгейде деген секілді сауал жиі қойылып жүр. Осы ретте біз шетелдегі қандастарға қазақ тілінде сабақ беретін педагогтің өзімен сөйлесіп, пікірін білген едік.
Аян ДӘУЛЕТОВА, филолгия ғылымдарының магистрі, ZERDELI ақыл-ой дамыту орталығының қазақ тілі және әдебиет пәнінің мұғалімі:
Қандастарымыздың ана тіліне деген құрметі бір-бірін түсінуге жол ашты
– «Отандастар қоры» мен ZERDELI ақыл-ой дамыту орталығы бірлесіп, ұйымдастыруымен шетелдегі қандастарымызға қолдау көрсету іс-шаралары аясында қазақ тілін онлайн жүйеде оқыту бағдарламасы қолға алынған болатын. Бұл үлкен тәжірибе болды. Себебі, біз алыс-жақын шетелдерде тұратын қандастарымыздың тіл тағдырына қатысты мәселелерімен тікелей бетпе-бет келдік. Әр елдің өмір салтына байланысты сол елде тұратын қазақтарда ұлттық діліміз бен тіліміздің сақталу деңгейі де әртүрлі екенін байқадым. Дей тұра, өзге елде тұратын қандастардың ана тілімізге деген құрметі жоғары екені сезіліп-ақ тұрады. Жасы үлкен адамдар арасында қазақ тілінің біршама жақсы сақталғаны байқалса, өсіп келе жатқан жеткіншектер мен орта жастағылар арасында қазақ тілі солғын тарта бастаған. Өйткені бүгінгі таңда қарқынды дамып бара жатқан технология мен жаһандану үдерісі өз әсерін тигізбей қоймайтыны анық. Демек, бұл жоба дер кезінде іске асырылған үлкен бір жетістік деп бағалауға болады. Олай дейтінім, жоба барысында біз қазақша сөйлеу сабақтарын ұйымдастыруды ғана жоспарлаған едік. Байқасақ, Иран мен Түркия елдерінде араб графикасына негізделген әліпби қолданыста болғандықтан, біздегі кириллицаны түсінбе бермейді. Бұл біз кездескен алғашқы кедергі болды. Бұл мәселе оңтайлы шешімін тауып, кириллица әліпбиін үйретуді жедел түрде қолға алдық. Иран мен Түркия елдеріндегі қандастар арасынан енді қалам ұстаған оқушылардан бастап, ақсақалды қариялар мен ақ жаулықты әжелерімізге дейін қатысып отырды. Әріп үйрету барысы өте жеңіл өтті. Себебі, қандастарымыздың бойында туған жерге деген отансүйгіштік сезімі біздің сабақтарға жан бітіріп отырды. «Бір әріп үйреткенге қырық жыл сәлем бер» деген ата-баба жолымен алыстағы үлкен-кіші қандастарымыз түгел алғысын жаудырып жатты. Осы жоба қолға алынған сәттен бастап бас-қасында жүрген педагог ретінде өз ойымды айтар болсам, сабақ барысында жан тебірентерлік ұлтқа деген сүйіспеншілікті көрдім. Сабақты жүргізу тіпті қызық болды. Өйткені біз ашық майданға қарусыз шыққан жауынгердей болдық. Қай елден қай жастағы адамдар қатысады, олардың тілді білу деңгейі қандай, біз білмейтінбіз. Сабақ онлайн форматта жүреді. Шыны тақтаның бергі бетінде біз, арғы бетінде әлемнің әр түкпіріндегі қандастарымыз. Сәл ғана толқудан кейін, ғаламтор желісі жалғаған ұлтымызға деген құрмет есіп тұрған нағыз қазақы сабақ басталып кететін. Әр елден қосылып отырған қазақтардың назарын бір сабаққа топтастыру қалай болады екен деген сұрақ дәл осы жерде өзі-ақ шешімін тауып кетті. Өйткені, әлемнің түкпір-түкпіріне тарыдай шашылған қандастарымыздың ана тіліне деген құрметі көзге көрінбейтін ықыласпен бір-бірін түсінуге жол ашты.