227
COVID-19: Елімізде бір компанияның 47 қызметкері коронавирус жұқтырды
COVID-19: Елімізде бір компанияның 47 қызметкері коронавирус жұқтырды
Батыс Қазақстан облысында бір компанияның 47 қызметкерінен коронавирус табылды.
БҚО санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Нұрлыбек Мұстаевтың өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында мәлім еткеніндей, Бөрлі ауданында Бонатти С.П.А. компаниясы қазақстандық филиалы қызметкерлері арасында вахталық ауысымнан шығу алдындағы скрининг кезінде 47 адамнан симптомсыз індет анықталды, деп жазады ҚазАқпарат.
Бөрлі ауданында биылғы жыл басынан бері ауырғандар саны 100-ге жеткен. Осыған орай Бөрлі ауданы бас мемлекеттік санитар дәрігерінің 13 қаңтардағы қаулысымен шектеу шаралары күшейтілді.
Атап айтқанда, қоғамдық тамақтандыру және басқа көпшілік орындарда санитарлық-дезинфекциялық режімнің сақталуын бақылау күшейтіліп, мемлекеттік органдар қызметкерлерінің 80 пайызы қашықтан жұмыс істеуге көшірілді. Сол секілді Жәнібек ауданы Борсы ауылдық округінде 8 адам індет жұқтырған. Сондықтан коронавирус жұқпасын одан әрі таратпау мақсатында Борсы ауылында карантиндік шектеу шаралары күшейтіліп, блокпост қойылды.
Сондай-ақ Орал қаласында 1 балабақша тәрбиеленушісінің коронавирус жұқтырғаны тіркелді. Орал қаласы бас мемлекеттік санитар дәрігері міндетін атқарушының қаулысымен карантин белгіленіп, балабақша тобының қызметі тоқтатылды. Байланыста болған 18 адам (15 тәрбиеленуші мен 3 балабақша қызметкері) медициналық бақылауға алынды.
Нұрлыбек Ермекұлының сөзіне қарағанда, жыл басынан бері өңірде 572 адамның сырқаттанғаны анықталды. 1 қаңтардан бастап облыс бойынша барлығы 24645 ПТР зерттеу жүргізілді, орташа есеппен тәулігіне 3400-ге дейін зерттеу жүргізіледі. Зертханалардың қуаттылығы тәулігіне 6000 зерттеуге дейін жетеді.
«Қаңтар айында мемлекеттік шекарадан барлығы 6882 адам өтті. 2079 жолаушының 227-сінде анықтама болған жоқ. 214 адам карантиндік стационарға жатқызылып, екеуінен індет табылды. Халықаралық жүк тасымалымен айналысатын 3015 жүргізушінің анықтамасы жоқ 995-інен алынған сынама коронавирус жоқтығын көрсетті», деді Н.Мұстаев.