Қостанайда жылу тарифі ақпан айынан бастап төмендейді. Бұл туралы облыстық Табиғи монополияларды реттеу департаментінің мамандары айтты. Табиғи монополияларды реттеу департаментінің басшысы Ақан Ташпановтың мәліметінше, жылумен жабдықтау қызметінің бағасы қазіргіден 8 пайызға арзан болмақ. Былтыр тамыз айында «Қостанай жылу-энергетикалық компаниясы» ЖШС жылумен жабдықтау қызметінің бағасын 6,4 пайызға арттыруды сұраған. Алайда монополистер жылу тарифін өсіруге қарсы шықты. «Қостанай жылу-энергетикалық компаниясы» жылу жүйесінің бес жылдық тарифінің аяқталғанын алға тартып, бағаны қымбаттатуға өтінім берген болатын. Олардың ұсынған жобасы бойынша тариф қосымша құн салығынсыз 7 мың 578 теңгеге жетеді. «Біздің департамент коммуналдық тарифтердің дұрыс есептеуін қадағалайды. Осыған байланысты жылумен жабдықтау жүйесінің бағасын 2018 жылғы тарифке сәйкестендіріп отырмыз. Табиғи монополияларды реттеу департаменті «Қостанай жылу-энергетикалық компаниясының» өтінімін қарап, 2021 жылға арналған орташа өткізу тарифінің шекті деңгейін бекітті. Жылу бағасы ақпан айынан бастап төмендеп, қосымша құн салғынсыз 6 970 теңге болады», – дейді департамент басшысы. Ақан Ташпанов айтқандай, жылу тарифі төмендеген соң облыс кәсіпорындарының жылуға жұмсайтын қаражаты 2 млрд теңгеге төмендемек.
Жүктелуде...