447
Талас ОМАРБЕКОВ: Тарихы түгенделмеген елдің болашағы бұлыңғыр
Талас ОМАРБЕКОВ: Тарихы түгенделмеген елдің болашағы бұлыңғыр
– 2020 жыл жұртты біраз әуре-сарсаңға салды. Жаңа Президент реформаларды бастап жіберді, Парламент сайлауына дайындық жүрді, саяси өмірімізде болашаққа үміт күшейді. Бірақ қайшылығы сол, мына коронавирус деген ауру келіп, елді жұмыстан қуғызып, күнделікті тіршілікке көзқарасты өзгертуге мәжбүр етті. Соған байланысты биыл өте ауыр жыл болды. Сонымен қатар тарихшы ретінде айтсам, биыл Абай атамыздың, әл-Фараби бабамыздың мерейтойы аталып өтті. Мерейтойлар бұрынғыдай дүрмекпен емес, нақты істермен атқарылды. Әл-Фараби орталығын, Абайға қатысты ғылыми орталықтарды күшейту мәселесі қолға алынып, бірсыпыра жұмыстар істелді. Олардың еңбектері насихатталды. Мүсіндері бой көтерді. Жұмыс нәтижесі көзге көрініп тұр. Алтын Орданың 750 жылдығын атап өтуіміз керек еді, сол жағы олқы болып қалды. Бізде шын мәнінде Алтын орданы қазақ тілінде жазып жүрген маман жоқтың қасы. Жүйелі түрде емес, тиіп-қашып орыс тілінде жазатын бірлі-жарым адамдар бар. Сол себепті Алтын Орданың кімнің мемлекеті екені дәлелденбей қалды. Орыстар біздікі дейді, татарлар біздікі дейді, тағы басқалар таласады. Оның ішінде біз де бармыз. Тоқаев кезінде бұл датаның маңызды екенін атап айтты. Жошының бейіті біздің даламызда жатқанын ескертті.
Бізде барлық мәселені шешу мүмкін емес. Әрине, мереке біткенді бірдей деңгейде атап өту қиын шығар. Меніңше, Алтын Орданың мерейтойына немкетті қарауымыздың өзі мамандардың жетіспеуінен болды деп ойлаймын. Осы тақырыпты зерделеу үшін арнайы шаралар қолдануымыз керек еді. Мұны зерттейтін орталық ашу керек пе еді әлде осыны зерттеумен айналысатын шетел ғалымдарымен белгілі бір мәмілеге келіп, белгілі бір жоба жасау керек пе еді? Оны кім қаржыландырады деген сұрақ туындайды. Жалпы, Алтын Орда мәселесі алдымыздан ылғи да шығып отырады. Өйткені бізде Жошы ханның, Орда Еженнің қабірі жатыр. Оның үстіне қазақ мемлекетінің бастауы саналатын Ақ Орда мемлекеті – Алтын Орданың шығыс бөлігі. Қазақ хандығымен тайталасқа түскен Өзбек ұлысы да Алтын Орданың құрамынан шыққан. Біз мұндай тақырыптан қашпай, ғалымдарды бағыттауға тиіспіз. Себебі бұл – әлемдік тақырып. Орыс мемлекетінің, қазақ мемлекетінің қалыптасуы, басқа да бірқатар елдің тарихы осы Алтын Орда мемлекетімен тығыз байланысты. Өзбекстан тарихы Алтын Ордасыз тарих бола алмайды, өйткені Әмір Темірдің жорықтары Алтын Ордаға бағытталған. Міне, осындай халықаралық деңгейдегі үлкен тақырыпты біз түсіне қойған жоқпыз. Бұл нені білдіреді? Келешекте тарихқа баса көңіл бөлуіміз керек дегенді білдіреді. Егер Қазақстанның алдағы жылдардағы болашағы айқын болсын десек, қазақ жерінің, қазақ мемлекетінің тарихын жақсылап зерттеуіміз керек. Өзіміз хандар туралы әлі айтысып жүрміз. Мысалы, Әбілқайырды біреулер даттайды, біреулер мақтайды. Мен ойлаймын шындық ортасында деп. Мұны неге көтеріп отырмын? Себебі Ресей Думасының депутаттары, тарих ғылымдарының докторы атағын алған Никонов сияқтылар солтүстік өңірге көз аларта бастады. Бұл саясат алдағы уақытта да жалғаса береді. Әбілқайырдың хаты, Абылайдың ант бергені, Төле бидің елшілер жібергені Ресейге белгілі. Ал енді осындай деректерді ертең орыстар көтерсе, не істейміз? Біз соған дайынбыз ба? Қарсы тұратындай, қарсы пікір айтатындай ғылыми негіздеріміз жасалған ба? Ірі-ірі монографиялар жазылды ма, зерттеулер жүргізілді ме дегендей сансыз сауал бар. Қазақ жерін қорғау үшін оның тарихын қорғауымыз керек. Тарихи тұлғалардың жетістігін ғана емес, мемлекетімізді нығайтуға үлес қосқан, сонымен қатар сол замандағы объективті һәм субъективті себептерге байланысты жіберген қателіктерін де мойындауымызға тура келеді. Тарихпен ойнауға, оған жеңіл-желпі қарауға болмайды. Айтылған әрбір шетелдік пікірге мән беруіміз керек. Әсіресе, Ресей, Қытай сияқты көршілердің тарихшылары мен саясаткерлерінің көзқарасы бізде талқылануы қажет.
Өз басым Тоқаев бастаған еліміздің болашағынан үлкен үміт күтемін. Бірақ жасыратыны жоқ, Қазақстан әлі толық демократиялық жолға түсе алмай отыр. Біз ұзақ жыл тоталитарлық жүйеде өмір сүрдік. Авторитарлық жүйеден демократиялық жүйеге өтуге әрекет қылып жатырмыз. Қоғамда әртүрлі реніштер, әртүрлі көзқарастар бар. Біз де Еуропа мен Америка сияқты демократияға бет бұрып, өркениетті елге айналуымыз керек. Сол үшін күресуіміз керек. Өткен жыл ғылымға аса мән беру керек екенін көрсетті деп ойлаймын. Ғылымы, медицинасы дамымаған, тарихы түгенделмеген елдің болашағы бұлыңғыр.
Біз мемлекет құрушы халықтың, қазақ халқының сапасын арттыруымыз керек. Қазақстанның болашағы қазақпен байланысты екенін ашық айтуымыз керек. Өзге ұлттарға, Ассамблея сияқты ұйымдарға Президентіміздің өзі «мемлекет құрушы халық – қазақ, ендеше қазақтың төңірегіне топтасыңдар, мемлекетті ұстап тұратын негізгі тұтқа, рухани-этникалық тұтқа – қазақ қоғамы» деп ұран тастауымыз керек. Құр бірігейік деген жалаң ұранға ешкімнің басы бірікпейді. Қазақ халқының айналасына шоғырланайық десе, мәселенің басы айқындалады. Болашақта мен осындай жетістіктерге қол жеткіземіз деп үміттенемін.