Үсік шалған кезде алғашқы көмек көрсетуді білесіз бе – маман пікірі

Үсік шалған кезде қандай алғашқы медициналық көмек көрсету керек?! Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау комитетінің мамандары осы сауалға қатысты бірнеше кеңес берді.

«Үсік шалу – бұл төмен температура әсерінен дене тіндерінің зақымдануы. Үсік көбіне жалпы дененің тоңуына қатысты, мысалы дененің суықтан қорғалмаған бөліктері құлақ, мұрын, жеткіліксіз қорғалған аяқ-қолды, әсіресе саусақ мен башпайға зақым келеді. Жоғары ылғалдылық, аяз, жел кезінде қозғалыссыз жағдай себепші болуы мүмкін. Зардап шегушінің жағдайы мас болған жағдайда тіптен қиындай түсуі мүмкін», – делінген хабарламада.

Мамандар аяз кезіндегі қатты тоңу, дененің мұздаған бөлігінің шаншуы, содан кейін жансыздану және сезгіштіктің жоғалуы секілді белгілерге мұқият назар аударуды ұсынады.

«Егер сіз өзіңізді үсік шалса немесе адамның үсігеніне куә болсаңыз, онда бірінші кезекте зардап шегушіні жылы жерге орналастыру керек. Қатып қалған немесе дымқыл киімді шешіңіз. Жарақат алған адамды қармен немесе шүберекпен сүртпеңіз – бұл теріні зақымдайды. Алкоголь пайдалаңбаңыз! Үсік шалған жерін ораңыз. Зардап шегушіге ыстық тәтті сусын немесе ыстық тамақ беріңіз. Міндетті түрде емдеу ұйымының медициналық көмегіне жүгініңіз. Үсік шалған жағдайға немқұрайды қарау соңы мүгедектікке немесе қайғылы жағдайға әкелуі мүмкін!», – делінген хабарламада.

Back to top button