1167
Орталық Азия одағы – қажеттілік
Орталық Азия одағы – қажеттілік
Ресей өзінің шовинистік көзқарасын ашық білдіріп, серіктестеріне қысым көрсеткен сайын, құрамындағы тәуелсіз елдер үшін Еуразиялық одақтың қажеттілігі төмендеп, маңызы кеми түсуде. Бірден болмағанмен, біртіндеп бұл одақтан Қазақстан іргесін аулақтата бастауы әбден мүмкін. Оған, әрине Кремль өзі итермелеп отыр. Негізінде одақ ішінде бәрін билеп-төстеуге, Ресейге ешкім артығымен құқық берген жоқ. Мүше мемлекеттер тең құқыққа ие. Ресми Мәскеудің дөңайбаты одақты тек ыдыратуға қызмет етпек. Мәселеге пәлсапалық тұрғыдан келсек, бұрынғы отарлаушы мен бұрынғы отар мәңгілік бір одақта қала алмаса керек. Оның үстіне ол отарлаушы басқа емес, Ресей болса.
Соғыстың бетін ары қылсын десек те, Ресей өзіне тегі, тілі тұрғысынан жақын Украинаны аямағанда, Қазақстанды есіркей қоймас. Сондықтан қай-қашанда қауіп-қатердің басы ашық болса керек. Дегенмен Ресей өз ішіндегі Алтай, Башқұртстан, Кабардин-Балқар, Қарашай-Черкес, Саха, Татарстан, Тыва, Чуваш, Қырым секілді Федерация құрамындағы республикалар мен өзге де түркі халықтарының, қазақ, қырғыз, өзбек, түркімен, әзербайжан, түрік диаспораларының көңіліне, біздегі орыс диаспорасының көңіліне қарағанымыз секілді қарауы тиіс. Әйтпесе, Федерация өз ішінен ыдырауы әбден мүмкін. Қазақстан секілді қалың түркінің Атажұртына шабуылдауды сол халықтар қолдамайтыны анық. Яғни, Ресей кімнің жерінде отырғанын іштей болса да мойындап, тәубасына келуі керек.
Ресей зорлығынан айнымаса, Қазақстан үшін ең тиімді де сенімді серіктес Орта Азия елдері болмақ. Орта Азия елдері – Қазақстан, Қырғыз Республикасы, Өзбекстан, Түркіменстан және Тәжікстан. Осы мемлекеттердің ішінде тілі иран тілділер тобына жататын тәжіктерден өзгесі түркі тілділер. Кеңес Одағынан бері бірге келе жатқан тәжік ағайындардың да түркілерге бәлендей жаттығы жоқ. Түсінісіп жұмыс істеуге толық мүмкіндік бар.
Негізінен Тәуелсіздік алған соң туысқандығымыз жиі айтыла бастағаны болмаса, Кеңес Одағы тұсында түркілердің бірлігін қаламайтын құпия қызметтердің әсерінен және өзге де себептерге байланысты түріктерді, өзбектерді, ұйғырларды тағы басқа түркі халықтарын қазақ арасында ұнатпаушылық көзқарас қалыптасқан. Оның салқыны әлі сезіледі. Бұл әрине дұрыс емес. Кеңес Одағы (Ресей де) әлем тарихында айдарынан жел ескен көптеген Түркі империяларының жерінде орнады. Сондықтан алдымен түркілерден қауіптенді. Қазір де солай. Патшалық Ресей де, Кеңес Одағы да түркілерді ыдырату, есебін тауып жер бетінен жойып жіберу саясатын ұстанды. Яғни, тек ХХ ғасырды алсақ, Мұрат Әуезов айтқандай, қазаққа жер емес, керісінше ашаршылық, репрессия сыйлады. Әрине, шовинистер Қазақстан дегеніміз – Алтын Орда, демек керісінше қазақ орысқа жер бергенін айтқысы келмейді, мойындамайды. Сол ақиқатты мойындамау үшін «қорыққан бұрын жұдырықтайдының» керін келтіруде.
Мұндайда біз түркілер деген кімдер, олар қайда тұрады деген мәселелерге жиі тоқталып, түркі бауырларымызды өзімізге тартып, қолдап отыруымыз қажет. Түркілердің бүкіл Еуразияға бытырап орналасуы – Еуразияға иелік еткенімізді көрсетеді. Америкадағы үндістердің тіліндегі түркілік негіздер – түркілердің өте ежелгі халық екенін айғақтайды. Бұл ретте, мұнда пайда болған орысың жіп есе алмай қала-ды.
Ғалымдардың пайымдауынша түркілерді этнодемографиялық тұрғыдан беске бөлуге болады:
1.Қарлұқ тобы – қырғыз, саха, тува, хақас, алтай, уранхай, шор, долған, опа. 2. Оғыз тобы – түркімен, қашқай, қызылбас, апшар, шақсыбан, қарадағ. 3. Қыпшақ тобы – қазақ, татар, чуваш, башқұрт, қырым, қарақалпақ, құмық, қарашәй, балқар, ноғай, қарайым, қырымшақ. 4. Шағатай тобы – өзбек, ұйғыр, салар, бұқар еврейлері, сарыұйғыр, хотан. 5. Салжұқ тобы – түрік, әзербайжан, месхет, гагауыз, қыпыр, қарапапақ, қаджар.
Осы тізімдегі қарлұқ тобында бірінші тұрған қырғыз бауырларымыз, тілдік тұрғыдан қыпшақ тобына жатады, бірақ тіліндегі қос дауыстылар (аа,оо) оларды басқа топқа мегзейді. Сондай-ақ бұл халықтардың біразының тілі өлі тілге айналып үлгерді. Яғни ғалымдардың бұл бағытта атқарар ісі ұшан-теңіз.
Әрине, түркі әлемі біраз зерттелді. Н.Аристовтың айтуынша, қаңлы, қыпшақ, дулат, алшын, арғын, найман, керей, қырғыз, саха, теле, түрк-түкю, қарлұқ секілді рулар түркі халықтарының қалыптасуына үлкен ықпал еткен. Бұдан қазақты да құраған негізгі тайпалардың атын көріп отырмыз.
Жоғарыда көрсетілген бір ғана оғыз тобымен қазақтың жақындығы жөнінде ғұлама Әлкей Марғұлан былай деп жазады: «...ежелгі оғыз тайпаларының аттары осы күнге дейін қазақ халқының құрамында сақталып келеді. Мәселен: Ақ-қойлы, Қара-қойлы, Көктен (Көкден), Ошақты (Ошақ елі), Адай (Адақ елі), Кете, Кердері, Абдал (Эфталит)... «Қыпшақ шежіресі» деген кітапта айтылған ең алдымен Алаша хан, оның екі баласы болды, біреуі Сейілхан, одан сегіз арыс түрікпен, екіншісі Жайылхан, одан қыпшақ, кейін қазақ пен қарақалпақ, түрікпендер Боз-оқтан тараса, қазақтар Үш-оқтан... Қазақтың эпос жырында оғыз бен қыпшақтың бір қосылған дәуірін «Көндігер-Құбаң жұрты» дейді. Құбаң еуропа әдебиетінде айтылатын күнбатыс қыпшақ тайпаларының бір аты (Құбаң, Құман). Құбаң орысша айтылатын «Половцы» сөзіне дәл келеді (Сұрғылт, құба). Қазақша «Құба-құл» деген атақты алып болған. Орталық Қазақстанда Ереймен тауының солтүстік белесін «Құман тау» деп атаған, ерте кезде Құмандардың көп тұрған жері болу керек.
Қазақтың шежіресі бойынша «Көндігер» Сырдариядан күнбатысқа не оңтүстікке ауып кеткен тайпаларға берілген ат. Бұл атпен ескі қазақ тайпалары бір ғана оғызды, не Мысырға ауып кеткен Мамлюк қыпшақтарын әңгіме ететін.
...Мәселен, ежелгі аушар тайпасы қолданған таңбаға шекті ие болады, егдер таңбасына кете, шәуілдір таңбасына арғын, қайыр таңбасына алшын, салар мен жеменей таңбасына найман елі ие болып қалады. Демек, бұл айтылған тайпалар өзінің тарихи туысымен, тарихи таңбаларымен ежелгі оғыздардан тараған ұрпақ екенін білдіреді». Мінеки, бұдан артық дәлелдеу мүмкін емес шығар. Түркілердің бір-бірімен тым жақын туысқандығын дәлелдейтін мұндай деректер көп. Олардың барлығын түгендеу бір мақаланың деңгейінде мүмкін емес. Әрі мұнда ондай мақсат қойып отырған жоқпыз.
Енді ілкіде сөз еткен орта азиялық одақ мәселесіне келсек. Орта Азия елдері Тәуелсіздіктерін жариялаған бойда одақ құруға талпынып көрді. 1993 жылы «Орталық Азия одағы» құрылғаны жарияланды да. 1998 жылы аты сәл өзгертіліп, «Орталық Азия экономикалық қоғамдастығы» делінді. 2002 жылы «Орталық Азия ынтымақтастық ұйымы» аталды. Алайда көп нәтиже шықпады. Әр мемлекеттің ішкі жағдайына, экономикасына қатысты болды ма, әйтеуір кедергі көбейгенге ұқсайды. Әлде одақ сыртынан одақ құрылып, Ресейге бірігіп кетуден қорыққан сыңайлы. 2001 жылға дейін аталған экономикалық қоғамдастық мүшелері 250-ге жуық үлкенді-кішілі құжаттарға қол қойса, солардың 90 пайызы іске асырылмаған. Қағаз жүзінде қалған.
Ресейге бірігу дейтініміз, Еуразиялық одақ құру идеясы да 1994 жылы көтерілген. Әрине, Еуразиялық одақта Ресейдің дегені болатынын мемлекет басшылары білді. Тағы да тәуелділіктен сақтанғандары анық. Оған қоса аталған республикалар нарықты экономиканың толып жатқан қиындықтарымен бетпе-бет келді. Қазақстанның оңтүстігіне Өзбекстан, Тәжікстан, Қырғыз Республикасынан келген гастербайтерлер қаптап кетті. Ташкенттің «Жібек жолы» кеденінің жасанды кедергілері шу шығарды. Одақтың Қытай тауарын тұтынушы ғана емес, өздері тауар өндіріп, бәсекелесу деген секілді мақсаттары аяқсыз қалды.
Дегенмен оның барлығы біртіндеп шешілетін мәселелер еді. Орталық Азия одағының сиырқұймышақтанып кетуіне мемлекет басшыларының, әсіресе Өзбекстан президенті Ислам Каримовтің жеке басының амбициясы әлде мемлекетінің мүддесі көбірек ықпал етті. Ол 2006 жылы «Қазақ, өзбек бір болса, бізді ешкім жеңе алмайтын болады» деп мәлімдесе, арада екі жыл өткенде «Мен бұл бастаманың бізге, Өзбекстанға қолайлы емес екенін бірден мәлімдеймін. Егер Қырғызстанға Қазақстанмен одақтың қажеті болса, олар өздері екеуара шешуі тиіс» депті. Содан кейін-ақ Орта Азиялық одақ қожырады, Еуразиялық одақ күш ала бастады. Қазақстан базарларын, дүкендерін Қытаймен қосамжарланып Ресей тауарлары басып қалды.
Орталық Азия одағын құру бағытындағы алғашқы талпыныстың сәтсіз аяқталуында өзге де себептері баршылық. Көп жылғы отарлық езгіден кейінгі Азаттықтың қуанышы әрі тым ұзақ уақытқа созылған бодандықтан мемлекеттілік тәжірибесінің үзіліп қалуы – республикаларды балалық сырқатына шалдықтырғандай жағдайға түсірді. Қалай болғанда отарсыздандыру үрдісін қалыптастыру қажеттілігі туды. Дүниенің басқа қиырындағы елдермен экономикалық һәм саяси қарым-қатынастар орнату міндеті тұрды. Әлемде орыстан да ұлы халықтар, Кеңес Одағынан бәлен ғасыр алға дамып кеткен елдер бар екенін көріп, көздері ашылды. Ал күні кешеге дейін Кремльдің айтқанын істеп үйренген басшылар, түркіменстандық саясаттанушы Аннадур Хаджиевтің сөзімен айтқанда, солтүстіктегі көршіге жалтақтап, Кеңес кезіндегі стереотиптен арыла алмады. Сондықтан бірігуге мүмкіндік болмады.
Ал Тәуелсіздік алғандарына отыз жыл толатын қарсаңдағы Орталық Азия елдері басқаша. Республикаларда қай салада болмасын құқықтық негіздер қаланып қойған жоқ, жан-жақты дамытылды. Балалықтан арылып, оң-солын танып, әлемнің қай елімен қалай қарым-қатынас жасау қажеттілігін үйренді, тәжірибе жинады. Керемет, айды аспанға шығармаса да, белгілі дәрежеде дамыды. Дербес саясат жүргізіп машықтанды. Көкелерге жалтақтамауды үйренді. Өз елінің мүддесіне жұмыс істеу үрдісін қалыптастырды. Отарсыздандыру бағытында қомақты іс тындырып, отаршылар жазған тарихын түзетіп, өздерін-өздері тани түсті. Ел басшылары өзгерді.
Бірақ Орталық Азия одағын құруды қайта қолға алуға әзірге саяси ерік-жігер жетпей жатқан секілді. Әлде саяси ахуал пісіп жетілмеді ме, деген де ой келеді. Дүниені індет жайлап тұрғанда, бәлкім, асықпай қимылдау қажет шығар. Дегенмен тек 2020 жылдың өзінде, іргелес Қырғыз Республикасындағы кезекті төңкеріс кезінде де, Тәжікстандағы президент сайлауы тұсында да, тіпті Өзбекстандағы су қоймасы жарылып, екі елдің де жерін су басқанда да аталмыш елдер жайлы жарыған ақпарат берілген жоқ. Мемлекетаралық «Мир» телеарнасы Ресей ақпараттарынан аспайды. Орталық Азия елдері туралы жылтыңдатып шағын-шағын мәліметпен шектеледі. Ал барлығын көрсете беретін ақылы бағдарламалар, Қазақстан халқына қолжетімді емес. Халық бауырлас елдер жайлы ашық ақпараттарға зәру. Сол мемлекеттерде қазақ диаспорасы, яғни тумалары тұрады немесе сол жақта туған дегендей. Әйтеуір бауырлас елдермен барыс-келісті көбейтіп, ақпарат алмасу қажеттілікке айналды.
Бауырлас Әзербайжан республикасы тоқсаныншы жылдардағы аласапыранда армияндар алып қойған жерін (Карабахты) қайтарып алды. Әрине, қуаныштымыз. Соғыс кезінде берген сұхбаттарынан Ильхам Әлиев есімді президенттің өрелілігіне, мәдениетіне, отаншылдығына, батылдығына сүйсіндік. Қалай болғанда да Гейдардай әкенің тәрбиесін көрген, еуропалық елдің басшысы екені көрініп тұр. Түркіменстан жайлы әлемжеліде көбіне Құрбанқұлы Бердімұхамедовті қана көреміз. Онда да тек жағымсыз бейнежазбалар. Бізге сол бейнежазбалар әдейі біреулердің арандатуындай көрінеді. Қысқасы, Орталық Азия елдері 2008 жылдан кейін бір-бірінен алыстап кетті. Тегі, тарихы бір елдердің неліктен бір-бірімен «алыстан сыйласуға» көшкені халыққа түсініксіз. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың да бәрібір болашақта Орта Азиялық одақ құрылатынына сенетінін айтқаны да жадымызда.
Жер өздерінікі болмаған соң да Ресей шовинистерінің байбалам салатынындай бәлендей Осман империясы құрыла қоймас. Оған түркілердің өздері де жол бермейді. Бірақ түркі елдерінің ынтымақтастығын ешкім тоқтата алмайды. Ал, Орталық Азия одағын құру бүгінгі қажеттілік дер едік.
Дағжан БЕЛДЕУБАЙ