983
Эко-шыршаны жасауға 70 кг жіп пайдаландық
Эко-шыршаны жасауға 70 кг жіп пайдаландық
Рахима МҰҚЫШЕВА, әлеуметтік кәсіпкер, Bergen шеберханасының негізін қалаушы:
Нұр-Сұлтан қаласында «Бәйтерек» монументінің жанында ерекше шырша бой көтерді. Биіктігі 6 метрді құрайтын тоқылған шырша құрақ көрпе іспетті. Жаңажылдық шыршаны жасау үшін ұзындығы 70 мың метрден асатын 70 кг жіп қажет пайдаланылды. 20 сантиметрлік 2000-нан астам шаршыдан құралған эко-шырша елорда тұрғындары мен қонақтарының қызығушылығын арттырып отыр.
– Былтыр да Елорда төрінде өзіңіз бастап жасаған эко-шырша құрылғаны есімізде. Ал биылғы шырша былтырғыдан еңселі көрінді.
– Иә, былтыр шыршаны 3 метр етіп жасаған болатынбыз, биыл эко-шыршамыздың биіктігі 6 метр болды. Тағы бір ерекшелігі – шыршаның төбесіне бес жұлдыз емес, қаламыздың логотипі қойылды. Биыл «Құрақ көрпе стиліндегі эко-шырша» халықтық жобаға айналды. Тоқыма әшекейлерді жасауға Алматы, Петропавл, Ақтөбе, Тараз және Қарағанды қалаларынан мектеп оқушылары мен олардың ата-аналары, қарттар үйінің зейнеткерлері, балалар үйлері, қоғамдық қорлар қатысты. Шыршаны жасауда әрбір ерікті түстерді өз ойынша сәйкестендіріп, реттеп, өздері тоқып шықты. Шыршаны безендіруге арналған заттар да 20/20 сантиметр түрлі-түсті тоқылған квадраттардан жасалды.
– Эко-шырша жасау идеясы қашан пайда болды?
– Жазғы демалысымыз ата-әжемнің ауылында өтетін. Қойдың жүнін қалай иіретінін, одан жүн шұлық жасайтынын, биялай, қалпақ тоқитынын көрдім. Иен далада қой бағып жүріп табиғи өнім жасау туралы армандайтынмын. Кішкентай кезімнен келе жатқан арманымды бұзбай, қанат бітіріп, көмектесіп өсірген анама, әжеме, апаларыма әлі күнге дейін рахмет айтамын. Қазіргі ата-аналар баласының арманын бұзбаса екен деп ойлаймын.
– Өзім ата-әженің тәрбиесін алып, отбасымда ата-анамның махаббатына шомылып өстім. Әрбір шаңырақта осындай қарым-қатынас болуы керек деп ойлаймын. Алайда қазіргі кезде адамдар арасындағы қарым-қатынас күрделеніп бара жатыр. Ұрпақтар сабақтастығы жалғасса, адамдар бір-біріне жақсы көзқараста болса деген ниетпен былтыр эко-шырша жасау туралы бастаманы қолға алдым. Айналамдағы қыздар қолдай кетті, ары қарай демеушілер де табылып, шыршаны тез арада жасай қойдық. Қазіргі таңда идеяңды қолдайтын адамдар аз кездеседі. Бірақ мен өз күшіммен, еңбегіммен, жасаған жұмысыммен адамдарды тоқу өнеріне баулып, олардың көзқарасын жақсы жаққа қарай өзгерте білдім.
– «Құрақ көрпе стиліндегі эко-шыршаны» көргендердің тоқу өнеріне қызығушылығы артып жатқан болар?
– Адамдардың эмоциясы керемет. «Суреттен қарасаң біртүрлі, бірақ қасына келсең жылу беріп тұрғандай», «Шыршаны жасаушылардың осы жұмысты жанын салып жасағаны сезіліп тұр», «Суық қалада көңілге жылу сыйлайды екен» деген пікірлерді жиі естіп жатырмыз. Өз қолымыздан шыққан осындай шыршалар көп болса екен деген тілектерін де жолдап жатыр. Бұл жәй ғана эко-шырша емес, адамдардың экологиялық сана-сезімін дамытып, түсінігін кеңейтуге бағытталған жоба. Алдағы уақытта тағы да осындай жобалар ұйымдастырсаңыз, мен де қосыңызшы деп қызығушылық танытып жатқандар көп.
– Тоқыма мектебіңізді ашқалы бері қанша шәкірт тәрбиеледіңіз?
– Тоқыма мектебін құрғаныма 5-6 жылдың көлемі болды. «Құрақ көрпе стиліндегі эко-шырша» жобасы аясында 10 күннің ішінде 200-ден астам адамға тоқуды үйретіппін. Есептеп қарасам, 5-6 жылдың ішінде 500-ден астам оқушыны үйреткенім анық. Қолы епті, ширақ, елгезек қыздарды өзіммен бірге жұмыс істеуге алып қаламын. Шәкірттерімнің көбісі үйде отырып табыс табады.
– Тоқыма өнері табысты сала деуге бола ма?
– Бізде тоқыма өнері жан-жақты дамымай отыр. Мен әлеуметтік кәсіпкер ретінде тоқыма өнерін дамытуға үлес қосып жүрмін. Тоқымашы деген мамандық жоқ, оларды ресми жұмысқа ала алмайсың. Алайда осыған қарамастан қазіргі таңда елімізде тоқыма өнері өте табысты салаға айналып отыр. Кеңес өкіметі кезінде адамдар жоқтықтан, жетіспеушіліктен киімді тоқып киді, ал қазіргі таңда тоқыма бұйымдары қол жұмысы ретінде жоғары бағаланады, яғни эксклюзив өнім. Жалпы елімізде қолөнер аса бағаланбайды, десе де тұтынушылар жақсы өнім үшін ақшасын аяп қалмайды.
– Тоқыма өнерінің адам баласына пайдасы туралы айта кетсеңіз.
– Тоқуға әртүрлі ниеттегі адамдар келеді. Бірі пайда тапқысы келсе, екіншісі күйзелістен шығудың жолын іздейді, ал үшіншісі өзіне деген сенімділігін арттыру үшін келеді.
Тоқыма өнері денсаулыққа өте пайдалы. Қан тамыры, буынның қабынуы, шораяқ сынды аурулардың алдын алады. Шизофрения диагнозы қойылған және депрессияда, күйзелісте жүретіндерге пайдалы. Өйткені тоқыма өнері адамның жанын тыныштандырады. Жасаған жұмысыңнан ләззат алып, күш-қуатың молаяды. Бұл өнер түрі адамды мақсат қоюға, түстер терапиясы тәсілін меңгеруге, логиканы дамытуға, геометрияны қайта еске түсіруге көмектеседі.
– Елімізде тоқыма өнерін дамытуға қатысты қандай ойыңыз бар?
– Тоқыма өнері кенже қалған сала болғандықтан қарапайым адамдардың курсқа қатысуға қалтасы көтермейді. Тоқыма өнері курсы тегін болса, мастер-класс жасайтын клуб ашсам деген мақсатым бар. Егер демеуші табылса, көп идеяларымды ары қарай дамытып, Қазақстанның атын шығарғым келеді. Өкінішке қарай, біздің елімізде идеяң қолдау таппайды, идеяны өзің жүзеге асырып, дәлелдеу керек. Мемлекет пен жеке тұлға арасындағы осы қарым-қатынас реттелсе, қолөнері саласының бағы жанар еді.