154
Атырау облысында 16 адам сушиден уланды
Атырау облысында 16 адам сушиден уланды
Атырау облысындағы Құлсары қаласында жаппай улану оқиғасы тіркелді. 16 жергілікті тұрғын диарея, жүрек айнуы мен құсу сияқты шағыммен орталық аудандық ауруханаға түсті. Олардың барлығы да сушиді бір мекемеден тапсырыспен алдырған, деп жазады жергілікті "Ақ Жайық" газеті.
27 желтоқсан күні ауруханаға 10 адам, ал бүгін тағы алты адам түсті. Сауалнамадан кейін олардың барлығы 25-27 желтоқсан аралығында қалалық дәмханалардың бірінде сушиге тапсырыс бергені белгілі болды.
Дәрігерлер науқастардың жағдайын орташа деп бағалап отыр. Олардың барлығы да әлсіздік пен құсуға және диареяға шағымданған. Сондай-ақ, барлығының температурасы көтерілген.
"Қазіргі кезде бұл фактіні құқық қорғау органдары тексеріп жатыр. Ал Атырау облысы санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің баспасөз қызметі өздерінде мұндай дерек жоқ деп мәлімдеді", – деп жазады басылым.
Солай десек те, ақпарат көзінің дерегінше, тағамды әзірлеп, жеткізіп беретін дәмхана қызметі тоқтатылғаны белгілі болды. Заңды шешім қабылдау үшін тиісті құжаттар жинақталып жатқан көрінеді.