218
Төретамда көпбалалы отбасылар қаңыраған үйді паналауға мәжбүр
Төретамда көпбалалы отбасылар қаңыраған үйді паналауға мәжбүр
«URANkz» республикалық қоғамдық бірлестігінің өкілдері мен Қазақстанның Халық партиясы атынан Мәжіліс депутаттығына үміткерлерді біріктірген қызыл автобус Қызылорда облысындағы Төретам ауылында болды. Елді-мекен Байқоңыр ғарыш айлағынан жарты сағаттық жерде орналасқан. Мұнда жартылай қаңыраған жалғыз бес қабатты үй бар.
Терезелері сынған, су, канализация құбыры, жылу, газ жоқ бұл үйде бірнеше отбасы тұрып жатыр. Үйді жылыту үшін тұрғындар пеш жасап алған. Әр отбасының сыртта орнатылған әжетханасы бар. Суды жақын маңайдағы колонкадан тасиды.
"Мына үш подъезде бір-бір отбасыдан ғана тұрамыз. Бір подъезд толығымен қаңырап тұр. Тұру мүмкін болмаған соң адамдар жан-жаққа көшіп кеткен. Жылу, су, газ, ештеңе жоқ. Ол аздай, төбеден су ағады. Пеш жағамыз, суды колонкадан тасимыз. Қыста су мұз болып қатып қалады. Алты баламмен қайда барамын? Күйеуіміз екеуіміз жұмыс істесек те, ақша еш нәрсеге жетпейді. Жалақымыз аз, көмір, отын алу керек, кредит төлеу керек", дейді үйдің тұрғыны Бақытгүл Азиева.
"Менің алты балам бар. Ең кішісі үш айлық. Үй өте суық. Жан-жағымыздағы пәтер бос тұрғандықтан, бөлмелерді жылыту үшін көбірек көмір жағуға тура келеді. Балалар әжетханаға сыртқа шығатындықтан, жиі ауырып қалады", - деп үйдің тұрғыны Ұлмаш Қожакелдиева жағдайын түсіндірді.
"Тұрғындардың жағдайы мүшкіл. Кеңес үкіметі кезінде бұл жерде бәрі болатын, су да, газ да, канализация құбыры да. Ал қазір жылу да жоқ. Адамдар үйлерін қолдан жасап алған пешпен жылытуға мәжбүр. Колонкадағы су қыста қатып қалғандықтан, суды сатып алуға тура келеді. Бомбалаған үйлер сияқты. Алты баласы бар бір ана 53000 теңгеге күн көріп жүр. Ал Байқоңырда жұмыс істейтіндер үш есе көп аналық капитал алады. Біздегі жәрдемақыны Рессейдегідей көтерсек, проблема болмас еді. Мына үйге коммуникация жүйелерін жүргізіп, адамдарға жағдай жасау керек", - дейді Қазақстанның Халық партиясы атынан Мәжіліс депутаттығына үміткер Файзолла Қаменов.
«Қызыл автобус» акциясына қатысушылар тұрғындарды жергілікті билік жылдар бойы елемей келе жатқан мәселелер жайлы айтуға шақырады. Белсенділер бір аптадай Қызылорда облысының аудандарын аралап, тұрғындардың мұң-мұқтажын тыңдап, әлеуметтік мәселелерді анықтайды.