3756
Тұрар Рысқұлов – мемлекетшіл тұлға
Тұрар Рысқұлов – мемлекетшіл тұлға
БҮГІН ХХ ғасырдың бірінші жартысындағы қазақтың көрнекті мемлекет қайраткері Тұрар Рысқұловтың туғанына 126 жыл толды. Ол 1894 жылы 26 желтоқсанда Жетісуда дүниеге келген.
Әкесі Рысқұл Жылқыайдарұлы 19 ғасырдың екінші жартысында жергілікті патша әкімшілігінің озбырлы өткен соң сол кездегі Сырдария облысының Черняев уезінен (қазіргі Түркістан облысы Түлкібас ауданы) Жетісуға қоныс аударған. Бірақ Рысқұл мұнда да әділетсіздікке ұшырап, оның соңы 1904 жылы болыс Саймасай Үшкемпіровті атып өлтіруге жеткізеді. Сөйтіп түрмеге түскен ол "болыстың кегін қуғандар өлтіріп кетер" деп қауіптеніп, түрме басшылығына арыздана жүріп баласы Тұрарды жанына алдырады. Жас бала түрме бастығының үйінде жұмыс істеп жүріп орыс тілін үйренеді. Әкесі 10 жылға сотталып, Сахалинге жер аударылған соң Тұрар Әулиеата жағындағы нағашыларының қолына келіп, Қырғызбаев деген фамилиямен Меркідегі орыс-түземдік бастауыш мектебінде білім алады.
Солайша білім алу жолына түскен Тұрар Рысқұлов бұдан кейін Пішпектегі 1-дәрежелі ауыл шаруашылығы мектебіне қабылданып, бау-бақша өсіруші мамандығы бойынша білім алады (1910-1914). Біраз қиындықпен Ташкенттегі мұғалімдер семинариясына түсіп, оны да оқып бітіреді.
1916 жылы қазақ даласында бұрқ еткен ұлт-азаттық көтерілісі Рысқұловты саяси жағынан есейткен оқиға болды. 1917 жылғы Ақпан төңкерісінен соң ол Меркіге келіп «Қазақ жастарының революциялық одағын» құрып, РСДЖП-ға (Ресей социал-демократиялық жұмысшы партиясы) мүше болады.
1918 жылы көктемде Рысқұлов Әулиеата уездік кеңесінің атқару комитеті төрағасының орынбасары, қыркүйекте Түркістан автономиялы Республикасының Денсаулық сақтау халық комиссары болып тағайындалды. Бұл қызметтерде жүргенде Әулиеата қазақтарын ашаршылыққа ұшырап, қырылып кетуден сақтауға бар күш-жігерін жұмсады. Соның бір мысалы, Түркістан автономиялық республикасының 19 уезі мен қалаларында 923 мың адамға арналған тамақтандыру орындарын аштыруы.
1919 жылы 14 наурызда Түркістан Республикасы кеңестерінің 7-съезінде Орталық атқару комитеті төралқасы төрағасының орынбасары, 1920 жылы 21 қаңтарда Түркістан Орталық атқару комитетінің төрағасы болып сайланды. Бұл лауазымды қызметтерді атқара жүріп Тұрар Рысқұлов үнемі өз халқының қамын жеп, елді зорлықтан арашалап, көптеген адамдардың білім алуына, сол арқылы саясат майданында еліне қызмет етуіне әсер етті.
1924 жылы РКП(б) ОК шешімімен Рысқұлов Коминтерн атқару комитетінің Орталық-Шығыс бөлімі меңгерушісінің орынбасары болып бекітілді және сол жылы Коминтерн атқару комитетінің Моңғолиядағы өкілетті өкілі болып тағайындалды. Жас Моңғол Халық Республикасының мемлекет ретінде қалыптасуына еңбек сіңіріп, сол елдің Конституциясын дайындауға көмектесті, сондай-ақ, Моңғолия астанасының атын Уланбатор (Қызылбатыр) деп аталуына себепші болды.
1926 жылы наурызда Рысқұлов Қазақстанға келіп Қазақ өлкелік БК(б)П комитетінің Баспа бөлімінің меңгерушісі қызметіне тағайындалса, сәуірде Қазақ өлкелік БКП(б) комитеті қаулысымен «Еңбекші қазақ» газетінің жауапты редакторы болып бекітілді. Бірақ бір айдан соң қайтадан Мәскеуге шақырылып алынып, Бүкілодақтық орталық атқару комитетінің қаулысымен Ресей Федерациясы Халық комиссарлары кеңесі төрағасының орынбасары болды.
Осы жоғары қызметіне қоса Түрксіб темір жолын салуда үкімет комиссиясының төрағасы болған Рысқұлов, алты жылға арналған жобаны үш жылды бітіруге қол жеткізді. Осы арқылы ол білікті қазақ жұмысшы тобын қалыптастырды және қазақ жастарының Ресей мен шетелдік оқу орындарында білім алуына көмектесті.
Рысқұлов батыл саясаткер болды. Ол Қазақ өлкелік БК(б)П комитетін басқарған Ф.И. Голощекиннің «Қазақстанда кіші Қазан» төңкерісін жасау идеясына ашық қарсы шығып, кеңестік ұжымдастыру саясатының зардаптарын жою, Қазақстандағы ашаршылықтың апатынан халықты құтқару жайында И.В. Сталинге нақты ұсыныстар жасады. Бірақ өз халқының қамын ойлаған азаматқа И.В. Сталин оң қабақ танытпады...
Өкініштісі, «Сталиндік репрессия» атанған қанды қырғыннан сонша үлкен қызметтер атқарған беделді Рысқұлов та аман қалмалы. 1937 жылы 21 мамырда Кисловодскіде демалыста жүрген Рысқұлов «пантүрікшіл», «халық жауы» деген жаламен тұтқынға алынып, жазықсыз Мәскеу түрмесінде мезгілсіз мерт болды.
Рысқұловтың саяси тұрғыдан айыпталып көз жұмуы оның отбасына да үлкен қасірет әкелді. Тұрарды жары Әзиза да «халық жауының отбасы» ретінде қуғындалып, атақты АЛЖИР-де (Отан сатқындары әйелдерінің Ақмола лагері) 18 жыл айдауда болды. Жалғыз ұлы Ескендір де түрмеде көз жұмды...
Қазақтың саяси қайраткері Тұрар Рысқұлов есімі КСРО Әскери коллегиясы Жоғарғы Сотының шешімімен 1956 жылы 8 желтоқсанда ақталса да, оның аты отыз жылдан аса уақыт бойы туған елінде аталмай, рухына құрмет көрсетілмеді. Дегенмен Қазақстан тәуелсіздік алғаннан бергі жерде оның есімі отанында ардақталып келеді. Көптеген қалаларда оның атына қойылған көшелер мен мектептер бар. Алматы қаласындағы Басқару академиясына Рысқұлов есімі берілген.
Тұрар Рысқұлов туралы қазақтың көрнекті қаламгері Шехан Мұртазаның «Қызыл жебе» екі кітап), «Жұлдызды көпір», «Қыл көпір», «Тамұқ» атты роман-хамсасы, ертеректе жазылса да шығаруға мүмкіндік болмаған белгілі ғалым Темірғали Нұртазиннің «Тұрардың анты» романы басылып шықты. Сондай-ақ, белгілі публицист-қаламгер Көлбай Адырбекұлының рысұловтанушы Молдияр Серікбаевпен сұқбаттары негізінде жазылған «Алты алаштың ардақтысы» атты кітабы да Тұрар Рысқұловтың еліне сіңірген еңбектері мен қиын тағдырынан сыр шертіп, ірі саяси тұлғаға қатысты шындықтардың бетін ашады.