352
Таразда есірткі жарнамалайтын 148 граффити жойылды
Таразда есірткі жарнамалайтын 148 граффити жойылды
Тараз қаласындағы ғимараттардың қабырғасынан есірткіні жарнамалайтын 148 граффити жазу жойылды.
Жамбылдық полицейлер облыс әкімдігінің жастар саясаты мәселелері басқармасының қызметкерлерімен және еріктілермен бірлесіп, есірткі сататын сайттарды жарнамалайтын Тараз қаласының үйлері мен ғимараттарының қабырғаларындағы граффити жазуларды жойды.
Рейд барысында қаладағы 148 жазба жойылды.
Сонымен қатар, Жамбыл облысының ПД Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының қызметкерлері интернетте мониторинг жүргізу барысында осындай Telegram парақшаларын анықтады.
Қазіргі уақытта аталған арналар бұғатталды, сайттар мен жазбаларды орналастыруға қатысы бар адамдарды анықтау және ұстау бойынша іздестіру жүргізілуде.
«Граффити жазғаны және интернетте көрсетілген мәліметтерді таратқаны үшін ҚР ҚК 299-1-бабының 1-бөлігі бойынша 3 жылға дейін бас бостандығынан айыру, 2-бөлігі бойынша 3 жылдан 6 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы көзделген. Есірткіге жарнама жасайтын тұлғалар есірткі заттарын өткізгені үшін жауап береді және ҚР ҚК 297-бабы бойынша қылмыстық жауапкершілікке тартылады», – деді Жамбыл облысының ПД Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының бастығы Асқар Жұмабеков.