1417
Бұрмаланған тарих хақында
Бұрмаланған тарих хақында
Сан ғасырлар бойы есімі тарихтан өшпей келе жатқан бір есім бар. Ол – Шыңғыз хан. Оның өмір жолы мен өлімі туралы қаншама кітаптар жазылды десеңізші.
Тарихтың ізін кесуші адамдар көп. Өйткені тарихи таным жыл сайын өсіп келеді.
Жақында қолымызға «Шыңғыз хан» деген көлемді кітап тиді. Ғылыми-танымдық, жастарға арналған.
Қос авторды таныстыра кетейін. Бірі – Ұлттық қауіпсіздік комитетінің генералы, саясат ғылымдарының докторы, Мемлекет және қоғам қайраткері Ержан Бекбауұлы Исақұлов та, екіншісі Оңтүстік Қазақстан Мемлекеттік университеті түркітану ғылыми-зерттеу институтының аға ғылыми қызметкері, араб, парсы, шағатай тілдерінің маманы, Қазақстан Мұсылмандары Діни басқармасы Ғұламалар кеңесінің мүшесі – Зәріпбай Жұманұлы Оразбай.
Ұлттық жаңғыру кезеңінде жазылып, оқырманға жол тартқан «Шыңғыз хан» кітабын әрі қызыға, әрі «не жаңалығы бар екен?» деп қарағанымды жасыра алмаймын.
Кітаптың әуелі мазмұнын қарап шықтым. Формасы, архитектоникасы бөлек екен. Өйткені кітап тіні Рашит ад-Дин Хамаданидің «Жамиғ ат – тауарих» (Тарихтар жинағы) мен Шараф ад-Дин Йаздидің «Зафар нама» (Әлемді жеңіп алушының тарихы) атты кітаптарына түсіндірме тұрғысында жазылыпты. Бұл көне замандардан келе жатқан форма. Кітап туралы кітап.
«Шыңғыз хан» кітабы да «Жамиғ ат-тауарих» кітабындағы түркі тарихы және Шыңғыз ханның шығу тарихы, ортасы туралы біз біле бермейтін құнды деректер мен мағлұматтарға сүйенген зерттеу екен. Авторлар «Жамиғ ат-тауарихтың» тікелей қазақ халқының тарихымен тереңнен астасып жатқанын зерттеп, сараптама жасайды. Формалық жағынан ғылыми шешім тапқан. Мәселен, аталмыш кітаптан мысал алынып, оған жан-жақты түсіндірме беріледі. Айта кетелік, осыдан 700 жыл бұрын жазылған тарих кітабы қазақша бірде-бір рет басылым көрмеген екен. Тек 2018-2019 жылдары ғана Халықаралық Түркі академиясының ғылыми жобасы ретінде Рашид ад-Дин Хамаданидің «Жамиғ ат-тауарихы» мен Шараф ад-Дин Али Йаздидің «Зафар намасы» тұңғыш ретінде қазақ тілінде жарық көріпті.
«Шыңғыз хан» кітабы 124 тармақшадан тұрады. Қорытындының өзі 187 бет. Оған жүздеген сілтеме мен ондаған географиялық карталарды қосыңыз. Осыдан-ақ кітаптың ғылыми ақпаратының мықты екенін көруге болады. Сөзімізді «Жамиғ ат-Тауарих» атты кітаптың жазылу баянынан бастайық.
Авторлар кезінде «Жамиғ ат-тауарихтың» орысша аудармасында қателер мен бұрмалаулар кеткенін жазады. Содан «мұғул» сөзі «моңғол» деп қате аударылған деп есептейді және «Жамиғ ат-тауарихқа» жүгінеді. Дерекке назар аударалық. Тарихшы былай деп жазады.
«Қазіргі кезде (іштей көп тармаққа бөлініп) «мұғул» деген әйгілі атпен белгілі қауымдар, мысалы, жалайыр, татар, ойрат, меркіт пен басқа мұғулдарға ұқсаған (тек) әрқайсысы өзінің мемлекетін иелеген кейбір халықтар: керейт, найман және үңгіт сияқты тайпалар, соларға ұқсас (басқа да тайпалар): байырғы замандардан қазіргі уақытқа дейін қоңырат, қоралас, икирас, елжіген, ұраңқай, келеңгіт деген атпен белгілі және (осыларға ұқсас) басқа да тайпалар мұғул – дүрліккен деп аталады».
Кез келген ғылыми пікір деректер нақтылау арқылы көрсетіледі. Осыған орай Е.Исақұлов пен З.Оразбай «Жамиғ ат-Тауарихтың» Л.Хетагуров аудармасындағы орысша нұсқа мен қазақша аударманы қатар қойып, ондағы деректерді салыстырады.
Хетагуров аудармасында:
...по рекам и горам (областях) народа найман, как например Кок-Ирдыш (Синий Иртыш), Ирдыш, [гора] Каракорум, горы Алтая, река Орган...
...Не есть ли здесь пропуск – Кара Ирдыш, т.е. Черный Иртыш, – река, берущая начало с Алтайских гор и выпадающая в оз.Зайсан?
...Орган- «повидимому, разумеется р. Орхон, правый приток «Селенги» деп жазады.
Енді Зәріпбай Оразбай мұны:
«...найман қауымына тиесілі Көк Ертіс пен Ертіс сияқты дариялар (олардың екі жағалауындағы) Қарақұрым (У.Қ.) аймағы мен (ол аймақ ұштасатын) Алтай таулары, Ұрған өзені» деп аударған.
Сонымен, орысшаға аударғандар Қарақұрым дегенді қателесіп, Қарақорым деп және оны Ертістің шығысынан мың шақырым жерге апарып қойған. Ұрған өзенін Орхон деп көрсеткен, – деп жазады авторлар.
Айтуларынша, орысша аудармада аударылмай тастап кеткен жерлер де бар екен. Мысалы, Хетагуров Ұрған деген сөзден кейін «Қырғыз бен Кем-Кемжүт уәлаяттары және жайлаулары мен қыстаулары көп Мұғулстан» деген сөйлемді тастап кеткен.
Екі автор Бұрқан Қалдұн қазіргі Шығыс Қазақстан жеріндегі Бұқтарма өзенінің солтүстігі мен оңтүстігін алып жатқан Тарбағатай (Бұрқан), Листвяга (Қалдұн) деп жорамалдайды және түркілердің тарихын бұрмалау «Жамиғ ат-Тауарихтың» кіріспе бөлімін бұрмалаудан басталған деп есептейді. Оған нақты дәлелдер келтіреді.
Ғылым болған соң оның әрқайсысының дереккөздеріне қарап, ой түю керек. Сондықтан да әртүрлі пікірден қашпай, терең бойлап, зерделеу қажет. Өйткені түркі, оның ішінде қазақ тарихы бұрмаланған. Мұны қазір ғана біліп жүрміз ғой.
«Жамиғ ат-тауарихтың» орысша аудармасында Моңғолия (Мугулистан) деп қосарланып аударылған. Кейінгі жарияланымда Мугулистан деген сөз тек Монголия деп берілген. Аудармашы мен саясаттан кеткен қателік. Ұлы Мұғулстанды моңғол деп атап, тарихи фальсификация жасалғаны өкінішті.
Авторлар, Шыңғыз хан құрған мемлекет астанасы Ертіс өзенінің бойындағы Қарақұрым жазығы деп біледі және оған қажетті деректерді келтіреді.
Орыс самодержавиесі 1761 жылы Таулы Алтайды орыс империясының құрамына кіргізеді. Ал 1918 жылғы наурызда Колчак басқарған Сібірдің Уақытша өкіметінің шешімімен таулы Алтай Бийск уезінің құрамынан шығарылып, Қарақорым-Алтай деген округке айналады, оның құрамында Қарақорым уезі құрылады. Бірақ 1920 жылдың қаңтарында Совет үкіметі орнап, Қарақорым уезін жояды, оның орнына қайтадан Таулы Алтай уезін құрады.
Қос автор «Жамиғ ат-Тауарихтың» түпнұсқа мәтінінің бірде-бір жерінде «моңғол» деген сөз жоқ деп жазады. «Моңғол» жасанды сөз, парсы тілінен орысша аударғанда кеткен қателік деп есептейді. Өйткені түркі сөздерінің парсы әріптері арқылы жазылған транскрипциясын жасағанда кейбір әріптерінің жазылуы мен оқылуы кезінде кеткен қателік екенін лингвистикалық мәлімет дәлелдейді.
Мұғулдар – түріктер деген мәселеге ұзақ талдау жасауымыздың себебіне келейік. Ол әлемде аты өшпеген Шыңғыз ханның кім және қай ұлтқа жақын екенін анықтау үшін қажет болды. Сонымен, «Жамиғ ат-Тауарихтағы» Шыңғыз хан дәуірінде «мұғул» аталып кеткен түркі тайпаларына баянына назар аударалық.
Рашид ад-Дин «олардың (түркілердің) сырт келбеті мен тілі мұғулдардың сырт келбеті мен тіліне сай, өте ұқсас келеді, себебі сол кезеңдерде мұғулдар түркі тайпасына жататын қауым еді. Қазіргі кезде олардың (басына қойған) бақтың (патшалығының) құдіреттілігі мен ұлылығының себебінен (түркіге жататын) басқа ру-тайпалардың баршасы (мұғул деген) арнаулы атаумен аталатын болды».
Тарихшы осылай біртекті түркі мұғулдарының тарихын баяндайды. Оны жалайырлардан бастайды.
Рашид ад-Дин жалайырлардың Шыңғыз хан дәуірінен бұрынғы тарихта бар екенін нақтылап жазады. Сондай көне дәуірлердің бірінде жалайырлар мен қытайлар шайқасқа түседі. Сөйтіп көп жалайыр шайқаста мерт болып, біразы қашып құтылады.
Жаудан қашып бара жатқанда жалайырлар Дутум Манинның әйелі Нумулунды өлтіріп кетсе керек. Содан олардың біразын жалайырлардың өздері қырып тастайды, біразы Қайду ханға құл болып, құтылғаны Шыңғыз ханды паналайды. Бірте-бірте Шыңғыз ханның сеніміне кіріп, өздерінің қадыр-қасиетімен Шыңғыз хан сыйлайтын дәрежеге жетеді.
Рашид ад – Дин жазады: «...олардың байырғы жұрты (Шыңғыз ханның ата жұрты болып табылатын) Қарақұрымда болған». Мұны жалайырлардан шыққаны Ақтан сопы Құтбтың «Біздің тарихымыз» атты қолжазбасы растайды. Ол дерек бойынша жалайырлар Іле өзенінің оң жағалауынан Мұзтауға (Алтай -У.Қ.) дейтін жерлерді мекендеген.
Тарихымызға оралайық. «Бұл жалайыр руы өз алдына саны көп халыққа айналған үлкен, он тармақтан, олардың әрбірі көптеген қауымнан тұрады. Олар келесідей бөлініп, ретпен аталады: Жат, тоқырауыт, қөнсауыт, құмсауыт, нілқан, құрқын, төлеңгіт, бөрі, шаңғұт».
Айта кетелік, Ақтан сопы Құтбтың «Біздің тарихымыз» қолжазбасына жүгінсек, Шыңғыз хан Жетісуда Құрылтай жасап, барлық балалары мен туыстарына, әскеріне енші бөліп берген. Жалайырлар да енші алып, бүгінгі күнде он екі ата болып отыр.
«Жамиғ ат-Тауарих» кітабында былай деп жазылған. «Шыңғыз хан дәуірінде жат тармағынан шыққан, барлық жалайыр руы ішінде өте атақты да абыройлы Мұқалы Гойон болған.
Шыңғыз хан әскерінің сол қанатының бәрі мойындайтын еді. Оның ұрпақтарын да «гойон» лақабымен атайды, мағынасы қытай тілінде «ұлы хан» (дегенді білдіреді). Шыңғыз хан оны әскерімен бірге Қараун жидун деп аталатын жерде қалдырып кеткен кезде қытайлықтар оған осы лақап атты берген. Оның ұлы Бұғыл Гойон Үгетай қаған дәуірінде әкесінің орынбасары болған. Оған мұндай атауды Шыңғыз хан берген».
Рашид ад-Дин жалайырдан кейін сунит тайпасын атайды. Суниттен бөлініп шыққан қабтұран тайпасы. Бұл тайпадан көп әмірлер шығыпты. Солардың ішінде Шырмағұнды ерекше атайды.
Үгедей қаған Шырмағұнды ерлігі, батырлығы мен батылдығы үшін төрт түмен (қырық мың) әскер лашкер таммасы етіп бекітеді.
Тарихта осы рудан тарайтын көптеген әскербасшылардың, әмірлердің атын атайды.
Кітап «Шыңғыз хан» деп аталатын болғандықтан, енді тікелей ол кім? Қандай ру немесе тайпаға кіреді деген сауал туындайды.
Авторлар «Жамиғ ат-Тауарихқа» сүйеніп, Шыңғыз хан шежіресін төмендегідей таратады.
Шыңғыз ханның әкесі Жесугей, мұғұл тілінде оны «Ичига» дейді екен.
Екінші атасы – Бартан Баһадұр, мұғұл тілінде оны «Ибуга» деп атайды.
Үшінші атасы – Қабыл хан, мұғұл тілінде оны – «Илинчик» дейді.
Төртінші атасы – Түмбине қаған, мұғұл тілінде оны «Будатур» дейді.
Бесінші атасы – Байсыңқұр, мұғұл тілінде оны «Будаукур» дейді.
Алтыншы атасы – Қайду хан, мұғұл тілінде оны «Бурқай» деп атайды.
Жетінші атасы – Дутум Манин, мұғұл тілінде «Дутакун» дейді.
Сегізінші атасы – Боданжар.
Авторлар Боданжарды тоғызыншы атасы деп есептейді. Бірақ «Жамиғ ат-тауарихта» ол сегізінші ата деп көрсетіледі.
Сонымен, Шыңғыз қағанның тоғыз атасына дейін мұғулдар екенін білдік. Сонда Шыңғыз ханның түбі түркі болмай ма?
Авторлар «Жамиғ ат-тауарихтағы» деректерді салыстыра келіп, Шыңғыз қағанды 1155 жылы туып, 1227 жылы 72 жасында дүние салған деп есептейді. Бұл басқа да Шыңғыз хан туралы жазылған деректермен сәйкес келеді.
Шыңғыз қағанның ата-бабасы туралы деректер баяндалды. Ал оның отбасылық жағдайы қандай? Енді осыған назар аударып көрелік.
Шыңғыз ханның 500-ге жақын әйелдері мен күңдері болыпты. Олар әр рудың қыздары. Ержан Исақұлов пен Зәріпбай Оразбай олардың біразын Шыңғыз хан мұғұлдардың дәстүріне сәйкес айттырып алған деп жазады.
Ал көпшілігі жорықта түскен тұтқын әйелдер сияқты. Дегенмен Шыңғыз ханың жанына жақын бес әйелі болған. Солар туралы да әңгімелей кетейік.
Бірінші әйелі – Бөрте фужин, қоңырат руы патшасы әрі көсемі Дай Ноянның қызы. Бас бәйбіше атанған Бөртеден Шыңғыз қаған төрт ұл, бес қыз сүйеді.
Үлкені – Жошы. Одан бүкіл Дешт-Қыпшақтың барлық патшалары мен ханзадалары тарайды.
Одан кейінгі ұлы – Шағатай.
Үшінші ұлы – Үгедей қаған.
Төртіншісі – Төле.
Төле – мұғұлша – «Айна» деген ұғымға сәйкес келеді.
Шыңғыс қағанның екінші әйелі – Құлан хатун. Ол Ухаз – меркіт руының көсемі Қайыр Усунның қызы.
Үшінші әйелі – Есуған, татар қызы.
Төртінші әйелі – Күнжу хатун. Ол Қытай патшасы Алтан ханның қызы.
Бесінші әйелі – Есұлын, татар, төртінші әйелі Есуғанның туған әпкесі.
«Шыңғыз хан» кітабындағы тағы бір өте маңызды деректі аттап өтуге болмайды. Ол Шыңғыз хан мен Әмір-Темірдің аталас, туыс екені туралы мәлімет.
Бұл тарихқа қаншалықты жанасымды? Мұны айғақтау үшін 1420-1425 жылдары Ширазда парсы тілінде шыққан Шараф ад-Дин Али Йаздидің «Зафар нама» (Жеңіс кітабы) кітабына жүгінген жөн.
«Зафар нама» екі бөлімнен тұрады.
Біріншісі – «Тарих-и Жаһангир» (Әлемді жеңіп алушының тарихы);
Екіншісі – Әмір-Темірдің өмірбаяны мен оның дәуірі туралы жазылған. Бұл «Зафар наманың» заңды жалғасы болып табылады.
Бірінші кітаптың мазмұны «Шыңғыз ханның» баяны мен ата тегіне арналған. Кітаптағы тарихи деректер Рашид ад-Дин Хамаданидің «Жамиғ ат-тауарих» атты кітабынан алынғаны шүбә келтірмейді. Ал Йазди «Тарих и-Жахангирді» алғысөз ретінде пайдаланған.
«Шыңғыз хан» кітабында көне тарихи деректердің көптігі сондай, оны оқырманға жеткізудің өзі қиындық туғызады. Сондықтан көп адам біле бермейтін деректерге сіздердің назарларыңызды аударып отырмын.
Ол «Шыңғыз хан Отырар қаласын қиратты ма, жоқ па?» деген сұрақ. Бұл тұрғыда күні бүгінге дейін әртүрлі көзқарастар, пікірталастар баршылық.
Осы сұраққа Ержан Исақұлов пен Зәріпбай Оразбай «... Отырарды Шыңғыз хан қиратып тастады деген ұғым қалыптасқаны белгілі. Ол шындыққа жатпайды» деп тұжырымдайды және оған өздерінің дәйектерін келтіреді.
Сол деректерді санамалап, сараптап, төмендегідей ой түйеді.
«....Шыңғыз хан Отырар қаласына хижра бойынша 616 , яғни 1220 жылы келген болатын. Одан 289 жылдан кейін келген Бұрындық хан Отырарды ала алмай кеткен. Бұған Рузбихан Исфаханидің 1509 жылы жазған «Михман нама-и Бухара» (Бухара қонағының жазбалары) дәлел. Соған сәйкес, Шыңғыз хан Отырарды қиратпаған».
Қорыта айтқанда, Ержан Исақұлов пен Зәріпбай Оразбайдың «Шыңғыз хан» кітабы – өзінің құрылымдық жағынан қызық, деректері мол, түркі-мұғулша сөздердің түсіндірмесі бар, тағы да басқа ғылыми ақпараты бай, ешкімді бейжай қалдырмайтын ғылыми-танымдық еңбек.
Уәлихан ҚАЛИЖАН,
ҰҒА академигі,
Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері