1367
Тынышбек Дайрабай: «Түркістан» альбомы – ұлт тарихына құнды мәліметтер беретін жәдігерлік
Тынышбек Дайрабай: «Түркістан» альбомы – ұлт тарихына құнды мәліметтер беретін жәдігерлік
Ұлт руханиятын байытуға айқайламай-ақ үлес қосып, қазақтың тарихи тұлғаларына қатысты біраз тірлікті дабырасыз тындырып жүрген қаламгерлердің бірі – этнограф жазушы Тынышбек Дайрабай. Біраз жылдар бойы халықаралық «Түркістан» апталығында еңбек еткен оның тарих, шежіре, тұлғаларға қатысты еңбегі көп, алайда соның ішінде ең қомақтысы – «Түркістан 1866 – 1872» атты альбомы болса керек. Жақында осы альбомды толық күйінде жарыққа шығарған қаламгермен әңгімеміз аталған жәдігерліктің мәдени өмірімізден алар орны жайлы болды.
– Тынышбек Майлыбайұлы, сіздің бұдан бір жарым ғасыр бұрынғы өмірімізден сыр шертетін «Түркістан 1866 – 1872» атты альбомды елге алып келіп, оны Қазақстанда шығаруға авторлық құқық алғаныңызды білеміз. Оған қашан, қандай жағдайда кез болдыңыз?
– Әр іске бір нәрсе себепші болады ғой! Өткен ғасырдың 80-жылдарында Қорқыт ата туралы ізденіп жүргенімде атақты ғалым Әлкей Марғұланның 1985 жылы жарық көрген «Ежелгі жыр-аңыздар» деген кітабына кез болдым. Сонда ғалым Қорқыт атаның мазары туралы жазған жерінде «Қорқыт күмбезінің» ең алғаш фотоға түскені 1868 жыл еді. Бұл фото бүгінде тек «Түркістан» альбомында ғана сақталып тұр» деген екен. Содан альбомды іздей бастадым. Ақыры «Түркестанские ведомости» газетінде альбом туралы жазылған мақалаға кез болдым, онда альбомның ХІХ ғасырдағы Орталық Азия халықтарының мәдениеті мен тұрмыс-тіршілігінен мол мәлімет беретіні жазылыпты. Оны табуға Қазақстан Ұлттық кітапханасы мүрағаттарды қорғау орталығының бас маманы Жолдыбике Нүсіпқызының көп көмегі тиді.
Альбомның шыққанын білгенмен оның қайда сақталғанын табу оңай болмады. Бұл жолда маған сол тұстағы Ұлттық кітапхананың директоры Күлжахан Әбуғалиева мен Академиялық орталық кітапхананың директоры Роза Бердіғалиеваның тілектестігі күш берді десем артық болмас. Сол екеуі жан-жаққа телефон соғып, іздеу салды. Ақыры олар Санкт-Петербургтегі Ресей Ұлттық кітапханасының сол кездегі директоры А.Зайцевпен хабарласып, ол жерде біз іздеген альбомның сақталғанын білді. Сөйтіп, Орта Азия халықтарының тарихи, мәдени, этнографиялық археологиялық ескерткіштерінің озық үлгілерінің
1 300 фотосуреті жинақталған альбомды елге алып келдім. Еңбектің маңызын терең түсінген, өзім қызмет еткен «Түркістан» газетінің сол кездегі басшысы Қалтай Мұхаммеджанов жан-жақты қолдау білдіріп, екінші шақырылған Парламент Мәжілісінің депутаты, Қазақстандағы алғашқы ірі ақпараттық-коммуникациялық технологиялар (АКТ) компанияларының бірін құрған, жақында ғана дүниеден өткен абзал азамат Исахан Әлімжанов «Түркістан» альбомының елімізге жетуіне тікелей себепші болды.
– «Түркістан» альбомы қандай жағдайда, не үшін жасалған? Оның біздің тарихымызға қатысты берер деректері қандай?
– Бұл туралы альбомның ең алғашқы басылуында берілген алғысөзінде айтылған. Онда Ресей империясы Орталық Азияны басып алмай тұрған кезде, яғни XIV-XVII ғасырлар аралығында бұл елге
келген шетелдік елшілер мен барлаушылардың мәліметтері туралы айта келіп, былай дейді: «Қоқан хандығы туралы деректерді алғаш рет осы ғасырдың (ХІХ ғасыр. – Т.Д.) бас шенінде Батыс Сібірден Қоқан қаласы мен Ташкент қаласына барған Бурнашев, Поспелов және Назаров сияқты агенттер әкелді. Бірақ бұлардың бәрі тым қысқа әрі үстірт болатын.
Орта Азияға сапарында аталған саяхатшылар кездескен қолайсыз жағдайлар орыс әскерлері Орта Азияның едәуір бөлігін Европа өркениеті үшін ашқанда жойылуы тиіс болды. Сөйтіп Ташкент қаласын, ал содан кейін Самарқан қаласын алу Орта Азияның орыс зерттеушілеріне өлкемен жан-жақты танысу үшін, ғылым адамдарының әуесқойлық ұмтылысы үшін кең өріс ашты.
Жалпы, қызығушылықты қанағаттандыру мақсатында және бізге кірген елді оқырман қауымға тезірек таныстыру үшін Түркістан генерал-губернаторының, генерал-адьютант К.П. фон-Кауфман 1-іншінің тапсырмасы бойынша әкімшілік қолдаған шаралардың қатарында өлкемен таныстыру үшін фотографиялық альбом жасалды. Бұл альбомға мыналарды айқын көрсету басты міндет етіп қойылды:
1) Халықтың қазіргі тұрмыс-тұрпаты, діни сенімі, салты, дәстүрі, тұрғын-жайы, киім-кешегі және өлкенің неғұрлым көп адам тұратын жерлерінің көріністері (этнография);
2) Өнеркәсіп пен техникалық тұрғыдағы елдің мәдениеті (кәсіпшілік бөлігі);
3) Орыстардың осы жаңа елдерге ұмтылысы, орыс қаруының ерекше көрінуіне тура келген жерлер мен Орта Азияға алдымен жол ашқан қайраткерлердің портреттері (тарихи бөлігі).
4) Сақталған көне ескерткіштер арқылы өлкенің өткен өмірі (археологиялық бөлігі)».
Міне осыдан-ақ альбомның не үшін жасалғанын оның орыс патшалығы үшін қандай маңызы болғанын түсінуге болар. Ал біз үшін ол сол тұстағы Орталық Азия аймағындағы халықтардың, соның ішінде қазақтардың тұрмыс-тіршілігі жайлы фото-мәлімет болумен құнды. Кітаптағы Сыр бойы мен бүгінгі Түркістан облысы қазақтарына қатысты фотолар – баға жетпес құнды дүниелер. Сондай-ақ албомдағы Түркістандағы Қожа Ахмет Ясауи кесенесі мен оның маңайының сол тұстағы суреті, бүгінде жойылып кеткен, бір кезде Сырдарияның бойында тұрған Қорқыттың моласының, Сауран мұнарасының фотолары бұл альбомнан өзге жерде кездеспейді. Сондай-ақ Қазалы, Қармақшы, Перовск (қазіргі Қызылорда), Әулиеата (Тараз), Сайрам қалалары тұрғындарының өміріне қатысты суреттер бар. Сонымен бірге мұнда қазақтардың тұрмыс-салтын, киімдерін, кәсібін, ерлері мен әйелдерінің бейнелерін көруге болады.
– Альбомның жасалу тарихы туралы айта кетсеңіз, оны жасауға кімдер еңбек сіңірді және бұл туынды қалай сақталған?
– Ең алдымен айтарымыз, альбом Түркістан генерал-губернаторлығына қарасты өлкеде жасайтын халықтар: қазақ, өзбек, тәжік, еврей секілді ұлттардың өмір-тұрмысын бейнелеуге арналған. 459 беттен тұратын «Түркістан» альбомында
1 300 сурет берілген. Суреттер 1866-1872 жылдары түсірілген. Альбомдағы суреттерді Н.Нехорошев, ротмистр П.Приорев пен прапорщик Г.Крывцов түсірген. Альбом мынадай бөлімдерден тұрады: «Этнографиялық заметкалар», «Орта Азиялықтардағы кәсіпшіліктер», «Орта Азияға орыстар жорығының очеркі», «Сырдария облысы мен Заравшан округіндегі көне ескерткіштердің археологиялық сипаттамаларына арналған материалдар». Ондағы түсініктемелерді А.Кун, М.Бродовский, М.Терентьев жазған.
Сөйтіп «Түркістан» альбомының түпнұсқасы 1871-1872 жылдары фотограф Н.Нехорошевтің Ташкент қаласындағы баспа-шеберханасында жасалып, 1872 жылы Санкт-Петербургке жеткізіліп, сол жылдың 12-15 желтоқсанында цензураның тексеруінен өтіп, сол шаһардағы Мордуховский атындағы №1 баспаханасында басылып шыққан. Ташкентте ең алғаш алты-ақ данамен шыққан кітаптың екі данасы Мәскеуде, екеуі Санкт-Петербургте сақталған. «Самарқандтың ежелгі ескерткіштері» деп аталатын бір томы Кауфман қайтыс болғаннан кейін Ташкенттің қара базарында 36 сомға сатылған. Тағы біреуі 1875 жылы Францияда өткен кітап жәрмеңкесінде қойылған көрінеді. Ал біздің қолымызға тигені Санкт-Петербургтегі Ресей Ұлттық кітапханасында сақталғаны. Аталған кітапхана директорына хат жазып, ақша төлеп «Түркістан» альбомының көшірмесін демеушілердің көмегімен сатып алдық. Әрине, өзім де ақша шығардым. Сөйтіп, 2000 жылы ақпанның 25-інде Қазақстан Әділет министрлігінің авторлық құқықтар жөніндегі комитеті «Түркістан альбомын» менің интеллектуалдық меншігім ретінде бекітіп, оны басып шығаруға авторлық құқық алдым.
– Бірақ құнды дүниенің толыққанды басылып шығуы неге кешеуілдеп кетті?
– Иә, «Піскен астың күйігі жаман» демекші, қолда тұрған бағалы кітапты шығару оңай болмады. Өз бетімізше шығаруға мол қаражат керек болып, іс басындағы, ел билігіндегі азаматтардан көмек сұрағанымызда арқамыздан қағып, «шығарып беремін» деген талай әкім, талай министр уәдесін орындамаған күйде орынтағын ауыстырды. Сөйтіп жүргенде 4-5 жыл өтіп кетті. Ақыры Қазақстанның Халық жазушысы Қалтай Мұхамеджановтың көмегімен 2005 жылы «Түркістан» альбомының шағын түрі жарық көрді. Жасыратын несі бар, маған ақша төлеп альбомның авторлық құқығын сатып алғысы келгендер де, «соавтор болайық шығартып беремін дегендер» де, тіпті, «Түркістан альбомының» 3-4 суретін сатып алып, менімен авторлыққа таласқандар да болды. Бірақ мен оған қыңбадым. Өзім елге жетуіне еңбек сіңірген кітапты қалайда толық күйде, сапалы етіп шығарамын деген ойға бекіп, әрекет жасай бердім. Сөйтіп 2019 жылғы 17 қыркүйекте Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевқа арнайы хат жолдадым. Мемлекет басшысы менің өтінішімді қабылдап, Мәдениет және спорт министрлігіне тапсырма беріп, соның арқасында көлемі 43 баспа табақтық үлкен форматтағы сапалы кітап мемлекеттік тапсырыспен «Азия-Арна» баспасынан басылып шықты. Елімізде алғаш рет толық күйінде шығып отырған «Түркістан 1866 – 1872» альбомындағы орысша мәтіндерді қазақ, ағылшын тілдеріне қызым Нұргүл Дайрабай, немерем Назым Омарова аударды. 3 000 данамен шыққан бұл кітап қазірше мемлекеттік кітапханаларға ғана таратылып жатыр.
– Сонша ізденіп тапқан еңбегіңіздің басылып шығып, ел игілігіне бұйырғанына қуанған шығарсыз?
– Әрине, еңбегінің халық кәдесіне жарағанына қуанбас пенде бола ма? Шын мәнінде «Түркістан» альбомы – ұлт тарихына құнды мәліметтер беретін жәдігерліктің бірі ғой. Фотодеректер – тарихи кезеңдердің нақты бейнесін көрсететін бағалы мәлімет. Сондықтан біз шығарған кітаптың еліміз тарихы үшін белгілі бір дәрежеде көрнекі құрал қызметін атқарады деп ойлаймын. Мәселен, Түркістандағы Қожа Ахмет Ясауи кесенесінің қазіргі түрі мен бұрынғы түрін салыстырып қарауға осы кітаптың пайдасы зор. Сондай-ақ бұрын біздің жерімізде болған, бүгінде кітаптарда ғана аты қалған талай ескерткіштердің суретін де «Түркістан» альбомынан көре аламыз.
Кітап болашақта қайта басылып, жоғары оқу орындары мен мектептерге таратылса нұр үстіне нұр болар еді. Себебі ұрпақ жас кезінен тарихты нақты деректермен танып, алған білімін фото-мәліметтермен бекітіп отырса оның пайдасы зор деп білемін.
– Әңгімеңізге рақмет!
Сұхбаттасқан
Ахмет ӨМІРЗАҚ