352
2018 жылы «Жер және жылжымайтын мүлік» бірыңғай кадастры іске қосылады
2018 жылы «Жер және жылжымайтын мүлік» бірыңғай кадастры іске қосылады
2018 жылдан бастап «Жер және жылжымайтын мүлік» бірыңғай кадастры іске қосылады. Бұл туралы ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте «Азаматтарға арналған Үкімет» мемлекеттік корпорациясы басқарма төрағасының орынбасары Медет Құмарғалиев осылай мәлім етті.
«Ағымдағы жылдың маусым айында «Азаматтарға арналған Үкімет» мемлекеттік корпорациясының даму стратегиясы қабылданған болатын. Осыған байланысты біз 2018 жылдан бастап бірыңғай кадастрды дамытудың толық режиміне көшуге міндеттіміз. Біз осы бағыттағы жұмысты бастап кеттік. 2017 жылы Қазақстанның барлық территориялар аумағының айтарлықтай бөлігін бірыңғай кадастрмен жабатын боламыз. Осының арқасында жұртшылыққа көрсетілетін қызмет сапасы да жақсаратын болады», - дейді М. Құмарғалиев.
Оның сөзіне қарағанда, дирекцияларды оңтайландыру нәтижесінде халыққа көрсетілетін бірқатар қызметтерді біріктіруге қол жеткізілген. Мәселен, ағымдағы жылдың 20 маусымына дейін ел азаматтары кадастрлық бағалау қызметін екі рет жүргізетін болса, қазір бір арыз негізінде ол жұмыстар бірден атқарылатын болып отыр.
«Қазіргі қолданыстағы заң бойынша бұл қызметті көрсету мерзімі 13 күн аралығында деп белгіленген. Дегенмен, біз пилоттық жоба аясында кадастрлық бағалау қызметін 8 күннің ішінде істеп жатырмыз. Осылайша, азаматтар кадастрлық бағалау қызметіне келгенде бірден екі арыз беріп, мемлекеттік қызметті 8 күннің ішінде алатын болды», - деді М. Құмарғалиев.