259
Елбасы Қазақ ұлттық хореография академиясының ашылу рәсіміне қатысты
Елбасы Қазақ ұлттық хореография академиясының ашылу рәсіміне қатысты
Рәсімді ашқан Нұрсұлтан Назарбаев қазақстандықтарды елордада жаңа жоғары оқу орнының бой көтеруімен құттықтады деп хабарлайды akorda.kz.
– Бүгін біз Астанада жаңа өнер ордасын салтанатты түрде ашып отырмыз. Бұл жерде ұлттық балет пен би шеберлерінің жаңа шоғыры оқып-тәрбиеленеді. Мұнда қазақстандық салт-дәстүр дамып, әлемдік деңгейдегі би өнерін дамытуға жаңаша қадамдар жасалатын болады. Ұлттық хореография академиясы – біздің елімізде ғана емес, бүкіл Орталық Азия елдеріндегі осы үлгідегі алғашқы жоғары оқу орны. Онда қазақстандықтармен бірге өзге шет елдердің шығармашыл дарынды жастары оқитын болады. Еліміздегі бұл академия уақыт өте келе бүкіл Еуразиядағы балет пен би шеберлерін дайындайтын жетекші орталықтардың бірі болатынына сенемін, – деді Қазақстан Президенті.
Мемлекет басшысы академиядағы оқу ісі би мен балет өнерінің негіздерінен бастап жоғары оқу орнынан кейінгі магистрлер мен докторанттарды дайындауға дейінгі білім беру үрдісінің барлық деңгейін қамтитынын атап өтті.
– Бұл көп деңгейлі кәсіби хореографиялық білім беретін толық циклды академияның маңыздылығы мен бірегейлігін ескере отырып, оған менің жарлығыммен «ұлттық жоғары оқу орны» айрықша мәртебесі берілді. Сіздер осы жаңа өнер ордасында жоғары халықаралық өлшем мен білім берудің отандық қайталанбас стандартын қалыптастыруға тиіссіздер. Сіздер Қазақстанның би мен балет өнерінің жаңа ұлттық брендін орнықтырады деп сенемін, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Сондай-ақ, Қазақстан Президенті оқу орнының бюджеттен тыс қаражат көздеріне салынғанын айтып, сәулетшілер мен құрылысшыларға атқарған жұмыстары мен шығармашылық еңбектері үшін алғыс білдірді.
Рәсім барысында Нұрсұлтан Назарбаев академия ректоры А.Асылмұратоваға балеринаның шағын мүсінін табыс етті.
– Бұл мүсінді түлектер жыл сайын бірінші сынып оқушыларына табыстайды, ол балет әртістерінің кәсіби деңгейінің өсуінің жалғастығы мен академияның дәстүрлер сабақтастығының символы болады, – деді Елбасы.
А.Асылмұратова Қазақстан Президентіне білдірген сенімі мен академияға жағдай жасағаны үшін алғыс айтты.
– Біз үшін мұнда біліктілігі жоғары әртістер, педагогтар, өнертанушылар да ғана емес, сондай-ақ еліміздің нағыз патриоттарын, өнерді құрметтейтін мәдениетті азаматтарды тәрбиелеу маңызды. Академия қазіргі мойындалған мектептердің қатарынан өзінің лайықты орнын табады деп үміттенеміз. Біз сол үшін бар күшімізді саламыз, – деді академия ректоры.
Соңында Нұрсұлтан Назарбаев оқытушылар мен студенттерге еңбек пен оқуда жетістікке, жаңа шығармашылық жұмыста табысқа жетуіне тілектестік білдірді.
Қазақстан Президенті академияның Құрметті қонақтар кітабына қолтаңба және «Уақыт капсуласына» естелік жазба қалдырды. Бұдан бөлек, Елбасы балет залын, жатақхананы, асхана мен бірінші сынып оқушыларына арналған оқу сыныптарын аралап көрді.
Нұрсұлтан Назарбаев салтанаттың қорытындысы бойынша өткен БАҚ өкілдеріне арналған брифинг барысында барша қазақстандықты келе жатқан Білім күнімен құттықтап, оқушыларға, ата-аналар мен мұғалімдерге табыс пен мықты денсаулық тіледі.
Осыдан екі күн бұрын Елбасы Қазақ ұлттық хореография академиясының ректоры, «Астана Опера» балетінің көркемдік жетекшісі Алтынай Асылмұратованы қабылдады.
Мемлекет басшысы А.Асылмұратованы жаңа қызметке тағайындалуымен құттықтап, табыс тіледі.
Нұрсұлтан Назарбаев академияның Орталық Азиядағы көп деңгейлі кәсіби және хореографиялық білім беретін толық циклды алғашқы жоғары оқу орны екендігіне тоқталды.
– Бұл нысан барлық талапқа сай келетін жоба бойынша салынды. Атап айтқанда, оқу корпустары, оқытушылар мен оқушылар үшін тұрғын үй кешендері салынды, демалыс үшін жағдайлар жасалды, медициналық қызмет көрсету мүмкіндігі қарастырылуда. Академия ЭКСПО көрмесінің Халықаралық қаржы орталығы орналасатын аймағына таяу жерден орын тепкен, – деді Қазақстан Президенті.
Елбасы балалар мен жастарды шығармашылыққа және өнерге сүйіспеншілік рухында тәрбиелеу қоғамның басты міндетінің бірі болып саналатынын атап өтті.
Бұдан бөлек, Нұрсұлтан Назарбаев еліміздегі көптеген хореографиялық, музыкалық мектептер мен шығармашылық ұжымдар біліктілігі жоғары мамандарға мұқтаж болып отырғанына назар аударды.