Халықаралық жыр мүшәйрасының жеңімпаздары анықталды

Егеменді еліміздің ең басты мерекесі – Тәуелсіздік мерекесіне орай қазақ поэзиясына үлкен құбылыс жасаған ақын, сағыныштың бойтұмарына айналған шайыр-жырау, Жәркен Бөдешұлының шығармашылығына арналған «Саркөбелек сағыныш» атты халықаралық жыр мүшәйрасы өз мәресіне жетті.

Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері, белгілі ақын Жәркен Бөдешұлының шығармашылығын насихаттау және өнерге құштар, өресі биік жастарға қолдау көрсету мақсатында ұлт руханиятына жанашыр кәсіпкерлердің қолдауымен, Дүниежүзі қазақтарының қауымдастығы және «Отандастар Қоры» КеАҚ, «Alash-CUP» қайырымдылық қоры бірлесіп ұйымдастырды.

Аталған жыр додасына Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент қалаларымен қатар еліміздің барлық облыстарынан және алыс-жақын шет елдердегі қандастарымыздың арасынан «өлеңге таласы бар» 40 жасқа дейінгі қырыққа жуық жас ақын қатысты.

Өлең өлкесіне өзіндік өрнегімен келген өнерлі жастардың төл туындыларын сараптап-саралауға, әділетті бағалауға еліміздің көрнекті ақындары республикалық «Төртінші билік» басылымының бас редакторы Төлемырза Темірбекұлы, әл-Фараби атындағы Қазақ ұлтық университетінің оқытушысы Мұрат Шаймаран, Қазақстан Жазушылар одағы төрағасының бірінші орынбасары Ақберен Елгезек, Қазақстан Жазушылар одағы Нұр-Сұлтан қалалық филиалының төрағасы Дәулеткерей Кәпұлы, республикалық «Ана тілі» газетінің бас редакторы Жанарбек Әшімжан және Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы мен «Отандастар Қорының» өкілі Серік Әбдуәлі сынды танымал тұлғалар қатысып, қазылық жасады.

Қазылар алқасының шешімімен Бас жүлде Қытайдағы қандастар арасынан жасындай жарқырап шыққан белгілі айтыскер ақын Ержанат Байқабайұлына берілді. Бірінші орын талантты ақын Әділет Ахметұлына (Алматы), екінші орынды Төлеген Меллатұлы  (Алматы), Ризабек Нүсіпбекұлы (Нұр-Сұлтан) еншіледі. Ал, үшінші орынды Оразбай Жеңісұлы (Моңғолия), Наурызбай Жарбосынұлы (Өзбекстан), Көкбөрі Мүбарак (Алматы) есімді ақындар қанжығасына байлады.

Сондай-ақ, жыр додасында аламанға атойлап ат қосқан Марлен Ғилымхан (БҚО, Орал қаласы), Мұқағали Сейітқазы (Қарағанды), Ділда Уәлибекова (Нұр-Сұлтан қаласы, Túrkistan газетінің тілшісі), Дүйсенәлі Әлімақын (Алматы), Үмітбек Бағдатұлы (Түркістан), Құндыз Тасқынбек (ШҚО) қатарлы талабы таудай ақындарға арнайы жүлде тағайындалды. Жеңімпаздардың барлығына ұйымдастырушылар тарапынан алғысхатпен қоса ақшалай жүлде табысталады.

Мүшәйрада оза шауып, олжа салған жеңімпаздарды алдағы уақытта ақын Жәркен Бөдешұлының қатысуымен өтетін «Саркөбелек сағыныш» атты қорытынды шығармашылық кеште салтанатты түрде марапаттау рәсімі жоспарланып отыр. Арқалы ақындар бас қосатын алқалы кеште бәйге алған жүлдегерлер жырдан шашу шашса, танымал өнерпаздардың қатысуымен Жәркен Бөдешұлының өлеңіне жазылған әндері шырқалып, жауһар жырлары  оқылатын болады.

Шығармашылық кештің өтетін орыны мен нақты уақыты алдын ала ақпарат құралдары арқылы жарияланады.

Back to top button