«Моңғолия Ельцині» атанған саясаткер әрі білгір тарихшы

«Моңғолия Ельцині» атанған саясаткер әрі білгір тарихшы

«Моңғолия Ельцині» атанған саясаткер әрі білгір тарихшы
ашық дереккөзі
50305
1991 жылдың соңында еліміздің тәуелсіздігін алуымен алыс-жақын шетелдерде тағдырдың тәлкегімен тарыдай шашылған  қандастарымыздың тарихи Отанына орала бастауы тарихи заңдылық болатын. Қазіргі кездегі ресми есептеулерге қарасақ, ширек ғасыр ішінде өз отанына бір миллиондай қандасымыз келген екен. Өз халқымен қайта қауышқан қандастарымыз арасында ғалымдардың, оның ішінде тарихшылардың өзіндік алар орындары ерекше. Олар ұлттық ғылыми ортаға тез сіңісіп, өз орындарын ойып алып, отандық тарих ғылымының дамуына өз үлестерін қосуда. Сондай тарихшы ғалымдарымыздың бірі – тарих ғылымдарының докторы, профессор Зардыхан Қинаятұлы болатын. Егерде көзі тірі болғанда биыл  сексен жасқа толатын Зардыхан ағамыз  2016 жылдың 16 қарашасында мәңгілік мекеніне аттанып кетті. З.Қинаятұлы еліміздің тарих ғылымында  өшпес ғылыми мұра қалдырған, саналы ғұмырының басым бөлігін өткізген Моңғол елінің саяси тарихында терең із қалдырып, жаңа бағытқа жол көрсеткен жоғары деңгейдегі мемлекет және қоғам қайраткері, кеңінен ойлап, тереңнен толғанатын ірі тұлға болатын. Алыстаған сайын таулар биіктей түседі дегендей, ол арамыздан кеткелі оның тұлғалық болмысы дараланып, іріленіп бара жатқандай. Қазақ Елінің өткені мен бүгіні және келешегі жөнінде оның ой толғауларынан туған  ғылыми-көпшілік мақалалары, тынбай ізденістерінің нәтижесінде жазылған жеке  монографиялары ағамыздың өзіне қойған ескерткіші болса, оның әр кездері  айтқан әңгімелері, түйінді сөздері бүгінгі күннің шырмауы көп түйінді мәселелерін түсінуге көмек бергендей әсер береді. Менің ойымша, болашақта ол жөнінде небір еске алу мақалалары мен ғылыми зерттеу жұмыстары жазыларына сенімім мол. Ал біздің бұл кішкене мақаламыз бір жағынан, ол жөніндегі естелік сипатында болса, екінші жағынан оның кейбір ғылыми тұжырымдарына талдау жасау болмақ. Зардыхан Қинаятұлының Моңғолиядағы өмірі жолы мен қоғамдық-саяси және мемлекеттік қызметі өзінің «Көшпенділік ғұмыр» атты мемуарлық сипаттағы еңбегінде жақсы баяндалады.  Кітаптың алғысөзі: «Мен күнмен бірге күліп, аймен бірге туып, желмен бірге есіп, қаңбақпен бірге көшіп, күркіреген күн, жарқылдаған найзағайдың астында аттың жалы, түйенің қомында көшіп-қонып күнелткен қарапайым қазақтың ұлымын»,- деп басталып, «Көзімді тырнап ашқалы бері көргенім көш, көшіп келем, көшіп келем, кейде тіпті түсімде де көшіп жүремін»,- жалғасады.  Бала кезіндегі таза көшпенділік ғұмыр оның санасына терең бойлап, тұлғаның адами қасиеттерінің қалыптасуына әсерін тигізеді. Оның бойындағы адалдық, тазалық, қайраткерлік қасиеттер алдымен ата-анадан дарыса, екіншіден қаймағы бұзылмаған қазақы көшпенділік өмірден қалған деуге болады. Бала кездегі көрген көші  азамат болған кездегі өмір көшіне ұласып, оның Моңғолиядағы мемлекеттік қызмет жолында да, еліміздегі ғылым жолында  биік асуларды бағындыруына жол ашады. Ол 1960-1965 жылдары Моңғолия мемлекеттік университетінің тарих факультетінде оқып, «тарихшы» мамандығын алып шығады. 1965-1968 жылдары Моңғолияның Қобда аймағы партия комитетінде лектор, одан кейін Моңғол Халықтық Революциялық партиясының(МХРП) Орталық Комитеті аппаратында жауапты қызметкер, 1972-1975 жылдары Мәскеуде КОКП  ОК жанындағы Қоғамдық ғылымдар академиясының аспирантурасында оқиды.  Ал 1975-1987 жылдары Моңғолия кәсіподақтары орталық кеңесі төрағасының ұйымдастыру және мәдениет ісінің басқарушы хатшысы қызметін атқарады. Одан кейін МХРП ОК жанындағы Қоғам зерттеу ғылыми институтының «Социалистік құрылыстың теориялық мәселелері» бөлімінің меңгерушісі болып жұмыс жасайды. Ол 1988-1990 жылдары Моңғолиядағы демократиялық өзгерістердің көш басында тұрады. Ол туралы Зекең былай деп жазады. «...Ғылыммен қайта қауышып, заманауи мәселелерге зер салу барысында біздің мақтап, мадақтап жүрген социалистік теория мен өмір арасында үлкен сызат түскенін сезіндім. Институтқа келгеннен 8 ай өткесін бөлімде бірге істейтін философ  С.Дашдаваа, экономист Я.Цәгмид деген екі азаматпен бірлесіп «Қайта құру және Моңғолия қоғамы дамуыныңөзекті мәселелері» атты мақала жаздық». Мақала «Партия тұрмысы» журналының 1987 жылғы желтоқсанындағы санында жарық көреді. «Мақала кезінде Моңғолия қоғамын дүр сілкіндірді. Кеңестер Одағы, Америка, Италия, Жапония, Гонконгда аударылып басылды.  ...Мақала әуелі моңғол жұртшылығынұйқыдан оятты»,-деп жазады кейіннен Зардыхан Қинаятұлы. Сөйтіп, бұл мақала  Моңғолия тарихында демократиялық дамуға жол ашады. Моңғолияда өзгерістерді талап еткен демократияшыл жастар З.Қинаятұлының маңына топтаса бастайды. 1991 жылы МХРП XX сьезінің шешімімен келіспей З.Қинаятұлы партияның Орталық комитетіне мүше болудан бас тартады. Тіпті, көп ұзамай партия қатарынан өз еркімен шығып кетеді. Осыдан кейін оны  «Моңғолия Ельцині» деп атай бастайды. Ал парламенттегі қызметі кезінде қарсы топтарды талай рет ымыраға келтіргені  үшін «Парламенттің өрт сөндірушісі» деп те атала бастайды. З.Қинаятұлы 1990-1992 жылдары Моңғолия Үкіметінің Вице-Премьерінің орынбасары және Моңғолия Парламенті Төрағасының орынбасары қызметтерін атқарады. Одан кейінгі жылдары Моңғолияның Қазақстандағы елшілігінде қызмет атқарып, мерзімі аяқталғаннан кейін 1996 жылы Қазақстанда қалып қояды. Тікелей ҚР президенті Н.Назарбаевтың араласуымен Алматы қаласында үш бөлмелі пәтер алады. З.Қинаятұлының жазуына қарағанда Алматыда бір жылдай жұмыссыз жүріп, ақыры 1997 жылы Ш.Ш.Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтына «ғылыми қызметкер» болып жұмысқа тұрады. Осында жүріп тарихшы ағамыз есімін мәңгі өлтірмейтін өзінің монографияларын жазады, жарыққа шығарады. Тарих ғылымдарының докторы, профессор Зардыхан Қинаятұлы  өзінің соңғы 20 жылдай уақыт ішінде жариялаған монографиялары мен зерттеу мақалаларында ежелгі және ортағасырларда Қазақстан аумағында болған  саяси және этникалық процестерге, мемлекеттіліктің дамуы мәселелеріне ерекше назар аударады. Оның осы аталған мәселелер бойынша жасаған ғылыми тұжырымдарын талдау арнайы тарихнамалық зерттеуді қажет етеді. Біз бұл жерде тек оның  Қазақстан аумағындағы мемлекеттілік және соған қатысты мәселелер жөнінде айтқан пікілеріне тоқталмақшымыз. З.Қинаятұлы ұлттық сипаттағы қазақ мемлекеті– Қазақ хандығының тарихи бастаулары жөнінде былай деп жазады.  «Қазақ мемлекеті кенеттен және ешқайдан пайда болған жоқ. Ол көнетүріктік және монғолдық ұлыстық жүйелердің жаңаруы мен өзгеруі арқылы қазақ даласындағы жетілдірілген мемлекеттің түрі болып саналады. Ол, біріншіден, сақтардың, үйсіндердің, қаңлылардың, Батыс Түрік, Түргеш, Қарлұқ, Оғыз, Қимақ қағанаттарының, Қарахандар мемлекетінің, Наймандар мен Керейттердің ертефеодалдық ұлыстарының мемлекеттік құрылымдары элементтерінің жиынтығы негізінде, екіншіден, Қыпшақтық Жошы Ұлысы атанған Қыпшақ одағындағы қазақ тайпаларының, ең бастысы, оның сол қанаты болған Орда Ежен Ұлысы немесе Ақ Орда мемлекетінің негізінде қалыптасқан». Одан әрі З.Қинаятұлы қазақ мемлекеттілігіне бастау болған мемлекеттілік құрылымдардағы мемлекеттілік белгілер мен нышандардың бірнешеуін анықтап, оларды нақты көрсетіп береді. Ғалым ондай белгілерге хандық (қағандық) билікті, таңбаны (мөр), саяси орталықты (астана), әскерді, әкімшілік-басқару жүйені, ту немесе жалауды, ортақ заңды жатқызады. Осындай дәлелдеулерден кейін тек Қазақстан аумағында ғана емес, Евразияның далалы аймақтарында мемлекеттілік құрылымдар мен мемлекеттер болған жоқ, тіпті көшпелілерде мемлекеттің болуы мүмкін емес, олардың мемлекет құруға деңгейлері мен дәрежесі жеткен жоқ деген тұжырымдардың жалған, шындыққа сай емес екендігіне бірден көз жеткіземіз. Сондай-ақ, З. Қинаятұлы жазба деректерге сүйене отыра, мемлекеттілік белгілер мен нышандардың алғаш рет Еуразия аумағындағы қай саяси жүйеде пайда болғандығына назар аударады да, ғұндарда – тайпа көсемдерінің сайлауымен жоғарғы билікті шаньюй басқарғанын; "хан" лауазымының алғаш рет – тоба тайпасында пайда болғандығын; жужандарда – "қаған" («хандардың ханы»); түрік тайпасында – "Ұлы қаған" лауазымдарының пайда болғандығын дәлелдеп көрсетеді. Таңба, ту (жалау), ортақ заң секілді мемлекеттік нышандар да ерте замандарда пайда болып, Қазақ хандығында сақталғандығын, қазақ мемлекеттілігінің тарихтың тереңінен шыққандығын, Қазақстан аумағындағы мемлекеттілік дәстүрдің тарихи сабақтастығын, үндестігін және байланыстылығын көрсетеді. Профессор З. Қинаятұлы Азия халықтарының тарихына байланысты еуроцентристік көзқарастардың қалыптасуы мен оның негізін қалаушылар туралы мынадай ойларын білдіреді: «Мемлекет және оның сипаты туралы теориялық ілімдер капиталдың үстемдік құрған дәуірінде қалыптасты. Мемлекет туралы ілімнің негізін көрнекті неміс философтары Иммануил Кант пен Фридрих Гегель қалады. Кант көшпелілердегі мемлекеттіліктің бастауын көшпелілер мен отырықшылар арасындағы қайшылықтардан іздесе, ал Гегель көшпелілерді тарихқа дейінгі дамудың сатысына жатқызып, көшпелілер өзіндік мемлекеттілік құру деңгейіне дейін пісіп-жетілген жоқ деп есептейді. Сөйтіп, неміс философтары еуропалықтардың мемлекет құру тәжірибесін «эталон» деп алып, «жабайы азиаттар өз мемлекеттілігін тек өркениетті еуропалықтардың күшті билігімен ғана қалыптастыра алады деген тұжырымға келді» - деп түсіндіреді. Одан әрі ол өз зерттеуінде мемлекет, оның анықтамасы мен мәні, мемлекеттілік мәселесі жөнінде евроцентристік көзқарастарға негіз болған  И.Кант, Ф.Гегель тұжырымдарының біржақтылығын сынға алады да, оның себебіне олардың көшпелі қоғамның ішкі ерекшеліктерін түсіне алмағандығынан деп көрсетеді. Ол көшпелі қоғамдарда мемлекеттіліктің болғандығын көрсететін ежелгі және ортағасырлардағы  әртүрлі тілдерде жазылған жазба дерек мәліметтеріне сүйене отырып, евроцентристік көзқарастар негізделген  «көшпелі тайпаларда мемлекеттіліктің болуы мүмкін емес» деген тезистердің  қателігін ашып көрсетеді. З.Қинаятұлы оларды сынай отыра бірнеше теориялық тұжырымдарды ұсынады. Ол көшпелі қоғамдарда мемлекетттіліктің қалыптасуы мен олардың өзіндік ерекшеліктері туралы мынандай жалпылама қорытындыларға келеді: 1) Көшпелі қоғамның дамуындағы ішкі қажеттіліктер оларда мемлекеттілікті туғызады. Көшпелілердің өзін-өзі қорғау мен ішкі қоғамдық тыныштықты сақтау үшін күрестері, отырықшылармен терезелес болуға ұмтылысы оларда мемлекетттің пайда болуына алып келеді. 2) Көшпелілердің ежелгі және ортағасырлардағы мемлекеттік құрылымының ең басты белгісі хандық билік болып саналады. 3) Қазақ мемлекеттілігі ежелгі түрік және монғолдық ұлыстық жүйелері туғызған қазақ жеріндегі жетілдірілген түрі. Ол біріншіден, сақ, үйсін, қаңлы, Батыс түрік, Түргеш, Қарлұқ, Оғыз, Қимақ қағанаттарының, Қарахан мемлекетінің, Наймандар мен Керейттердің ерте феодалдық ұлыстарының жиынтығынан, екіншіден Қыпшақ Одағындағы тайпалар бірлестігінің, кейіннен Қыпшақ Ұлысының құрамындағы тайпалар негізінде, ең бастысы Қыпшақ Ұлысының сол қанатындағы – Орда Ежен немесе Ақ Орда мемлекетінің негізінде қалыптасып, пайда болған. 4) Мемлекеттік сипаты жағынан Қазақ хандығы ежелгі түріктік мемлекеттіліктің монғолдық ұлыстық мемлекеттілікпен толықтырылған жалғасы болып табылады. 5) Мемлекеттіліктің белгілеріне этноаумақтық, ортақ тіл, мемлекеттік заң жатады дей келе, З. Қинаятұлы бұл белгілердің қазақ жерінде бұрыннан болғандығын айтып өтеді де, «Бұлардың бәрі қазақ жерінде ежелгі замандардан кейінгі ортағасырларға дейін мемлекеттілік процестердің сабақтастығын көрсетеді, сақ дәуірінен (б.э.д. YІІ ғ.) бастап, ежелгі қазақ жерінде болған мемлекеттердің бәрі мемлекет басқарудың дәстүрлі институттарын сақтаған. ... Бұл аумақтағы мемлекеттілікті жалғастырушыларымыз деп қазақтар толық құқықпен айта алады». З. Қинаятұлының бұл айтқан теориялық сипаттағы тұжырымдарының Қазақстан аумағындағы мемлекеттілік пен мемлекеттер тарихын, оның ішінде Қазақ хандығының құрылу тарихын түсінуге тигізер көмегі өте зор. Осылайша, З.Қинаятұлы жөніндегі жоғарыда айтылған ойларымызды түйіндей келе, оның Моңғолиядағы мемлекеттік және қоғамдық қызметтері әркімге де үлгі боларлықтай және отандық тарихтың ежелгі және ортағасырлық кезеңіне қосқан үлесі ерекше дейміз. Оның ғылыми шығармашылығын зерттеу болашақта қолға алынады деп сеніммен айта аламыз.

                                                                        Берекет Кәрібаев,

ҚР ҰҒА академигі,

әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық

Университетінің профессоры,

тарих ғылымдарының докторы

Серіктес жаңалықтары