50227
Қасым-Жомарт Тоқаев: Қазақстан да өзінің вакцинасын әзірлеп жатыр
Қасым-Жомарт Тоқаев: Қазақстан да өзінің вакцинасын әзірлеп жатыр
Фото:Ақорда
Қасым-Жомарт Тоқаев ТМД мемлекеттері басшылары кеңесінің отырысына қатысты. Бұл жөнінде Ақорданың баспасөз қызметі хабарлады. Видео конференция режимінде өткен іс-шараға Әзербайжан, Беларусь, Қырғызстан, Молдова, Ресей, Тәжікстан, Түрікменстан, Өзбекстан Президенттері қатысты. Жиын барысында Мемлекеттер басшылары Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығы аясындағы көпжақты ықпалдастық, ТМД-ны одан әрі дамыту тұжырымдамасы және оны іске асыру жөніндегі негізгі іс-шаралар жоспары жайында пікір алмасты. Сондай-ақ ТМД елдері Парламентаралық ынтымақтастықты арттыру және нығайту мәселесі талқыланды. Қасым-Жомарт Тоқаев өз сөзінде бүгінгі отырыстың әлемдік экономика мен саясаттағы көптеген маңызды проблемалар төңірегінде өтіп отырғанын, дүниежүзіндегі қиын ахуалды коронавирус пандемиясы одан әрі шиеленістіріп жібергенін жеткізді. Қазақстан Президенті ортақ мүдделерді ескере отырып бірқатар ұсыныс жасады, оның ішінде, коронавирус індетіне бірлесе қарсы күресуге қатысты ойын ортаға салды. – Бүгінгі күннің ең басты міндеті – азаматтарымыздың коронавирусқа қарсы вакцинаға кең көлемде қол жеткізуіне мүмкіндік жасау. Осы орайда COVID-19 індетіне қарсы жаһандық күресте әлемде бірінші болып вакцинасын тіркеген және халыққа екпе жасай бастаған Ресей Федерациясының жетекші рөлін атап өткім келеді. Қазақстан да өзінің вакцинасын әзірлеп жатыр. Оның сынамалары жақсы нәтиже беруде. Біз келесі аптада Ресеймен бірлесіп, вакцина өндірісін іске қосамыз. Ол ресейлік те, қазақстандық та өнім ретінде экспортқа шығарылады, – деді Мемлекет басшысы.