225
Тәуелсіздіктің 29 жылдығы: ҚХП ерекше флешмоб ұйымдастырды
Тәуелсіздіктің 29 жылдығы: ҚХП ерекше флешмоб ұйымдастырды
Қазақстан Халық партиясының белсенділері мен жастары Тәуелсіздіктің 29 жылдығына орай ерекше флешмоб ұйымдастырды. Олар елордадағы орталық саябақта қаз-қатар тізіліп біз үшін маңызы зор 29 санын бейнелеп шықты.
Осылайша, ұйымдастырушылар мен қатысушылар қазақстандықтарды құттықтап қана қоймай, мұндай маңызды мерекелерде ерекше форматта құттықтауға болатынын көрсетті. Акцияға 45 адам қатысты. Олардың бәрі Тәуелсіз Қазақстанның құрдастары.
Флешмобты Қазақстан Халық партиясының Төрағасы Айқын Қоңыров та қолдады. Оның айтуынша, бұл күннің бәріміз үшін маңызы зор. Себебі, ол – еркіндіктің, келісім мен бейбітшіліктің мерекесі.
«Жаңа өзгерістердің уақыты келді. Қазақстан Халық партиясының басты міндеті – қарапайым ел азаматтарының құқықтары мен мүдделерін қорғау. Нақ осы негізгі қағидаттар бізді Отанымыздың одан әрі дамуы мен гүлденуі үшін жұмыс істеуге итермелейді, ынталандырады. Елдің жетістігі Сіз бен бізге тікелей байланысты. Баршаңызға баянды бақыт пен мықты денсаулық, бейбіт өмір мен мол береке тілеймін!» – деді Айқын Қоңыров.
Партия Төрағасы биылғы жыл тұтас әлем үшін күрделі кезең болғанын атап өтті. Соған қарамастан Қазақстан сынақтардан сүрінбей, тығырықтан шығар жол тапты.
Қазақстан Халық партиясы мүшелерінің пікірінше, ел халқы 16 желтоқсанға ерекше құрметпен қарайды. Бұл күнді Тәуелсіздік мерекесі болғаны үшін ғана емес, ел азаматтарының әділдік пен Отан үшін жұдырықтай жұмылып, табандылық танытқаны үшін құрметтейді.
«Алда үлкен мақсаттар тұр», – деді ҚХП Төрағасы.
Айқын Қоңыровтың пікірінше, қазақстандықтар Тәуелсіздікті қызғыштай қорып, қадірін ұға түскен сайын ел тұрғындарының жетістікке, жеңіске толы жолы жалғаса бермек. Ол айтулы мереке үлкен мақсаттарды бағындыруға, болашаққа сенімді қадамдар жасауға күш-қуат берсін деген тілегін білдірді.