239
Геннадий Головкин өзінің арманы туралы айтты
Геннадий Головкин өзінің арманы туралы айтты
Қазақстандық боксшы Геннадий Головкин Камил Шереметамен жекпе-жек алдындағы баспасөз конференциясында бірқатар сұрақтарға жауап берді, – деп жазды Sports.kz.
Спортшы осы айқасты лайықты өткізіп, жеңіске жетуге бар күшін салмақ. Өйткені Головкин орта салмақтағы әлем чемпионы атағын жиырма бірінші рет қорғайын деп отыр. Бұл дегеніміз – осы дивизиондағы рекорд.
«Бұл жекпе-жек мен үшін бокс тарихында елеулі із қалдыру мүмкіндігі. Осы деңгейге жетіп, осындай дәрежеге көтерілгенімді мақтан етемін. Енді маған ұзақ уақыттан бері ешкімнің қолынан келмеген рекордты жаңартатын зор мүмкіндік туып тұр. Жаңа рекорд – әр спортшы үшін үлкен жетістік. Демек, шынымен де арманыма жетуге небары бір қадам қалып тұр», – деп атап өтті қазақстандық боксшы.
Сондай-ақ Гена өзінің қазір қандай жағдайда екенін жақсы білетінін айтты.
«Өзімнің қазіргі жағдайымды түсінемін. Сондықтан осы айқасқа барынша байыппен қарап, зор дайындықпен келіп отырмын. Бар шеберлігімді салып, жақсы ойын көрсетуге тырысамын. Бұрыннан айтып жүргенімдей, сіздер жұма күні Big Drama Show тамашалайсыздар», – деді GGG баспасөз конференциясында.