«Ақындар ауылды жырлайды»: 12 томдық жинақ жарық көрді

«Ақындар ауылды жырлайды»: 12 томдық жинақ жарық көрді

«Ақындар ауылды жырлайды»: 12 томдық жинақ жарық көрді
ашық дереккөзі
274
Нұр-Сұлтан қаласында «Ақындар ауылды жырлайды» атты әдеби-поэтикалық кеші өтті. Іс-шараға «Ауыл» Халықтық-демократиялық патриоттық партиясының төрағасы Әли Бектаев, Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаттығына кандидаттар Дәулеткерей Кәпұлы мен Зейін Әліпбек қатысты. Сонымен қатар, рухани кешке партияның 2017 жылдан бері жыл сайын өткізіп келе жатқан «Ауылым алтын тұғырым» онлайн-байқауының жеңімпаздары мен қатысушылары жиналды. Бұл байқаудың мақсаты ұлттық құндылықтарды дәріптеу және ауылдың рухани өмірін, тыныс-тіршілігін, ауылда болып жатқан әлеуметтік-экономикалық процестерді сипаттау арқылы ұлттық құндылықтарды насихаттау. Конкурс 2017-2020 жылдары арасында 4 рет өткізіліп, мыңнан астам эссе, өлеңдер мен драмалар партия қоржынына түскен болатын. Солардың барлығы 12 томдық жинаққа кіріп, кітап болып жарық көрді. Кеш барысында сөз алған партия төрағасы Әли Бектаев: «Ауыл тақырыбы – ешқашан таусылмайтын, еш шекарасы жоқ, ештеңемен шектелмейтін күрделі тақырып екеніне көзіміз жете түсті. Ауылдың қасиеті мен киесін көрсетудің жақсы бір жолы – әдеби конкурстар арқылы дәріптеу екені белгілі. Ауыл тақырыбын сөз еткен ең мықты шығармаларға онлайн байқау жарияладық. Поэзия, проза, драма данрлары бойынша өткен байқауға елге танымал ақын-жазушылар қазылық етті. Бұл игі бастама дәстүрге айналып, жыл сайын өткізіліп келеді. Сол арқылы ел арасынан қаншама мықты жас таланттар жарыққа шықты», деп атап өтті. Ақын, әдебиеттанушы Дәулеткерей Кәпұлының айтуынша, ұлттық негіз, ұлттық болмыс хақындағы толғамның көрінісін ақын-жазушылардың шығармасынан керуге болады. Қазақтың сөз өнері ықылым замандардан қалыптасып, рухани негізімізге айналып, ұлт ретіндегі таным-түсініктен, болмыс-бітімнен, тұтастықтан еш уақытта ажырамай келді. Жыраулардың толғаулары, жыршылардың төкпесі, тіпті күйшілердің саусағынан төгілген күмбірлі күйдің өзінде ұлттық нәр, ұлттық бояу, ұлттық сарын мен ұлттық құндылық ажырамай, біртұтас, үндесіп тұрады. Оның ойынша, қазақ халқының бір ерекшелігі оның ұлттық болмысы мен тұрмыс-тіршілігі, ұлт ретіндегі салт-санасы, дүниетанымы, тіптен ойлау жүйесі, іс-әрекеті де бір-бірімен астасып, сабақтасып жатқандығында. «Жоғары технологиялық заман орнап, урбанизация шарықтап жатқанда өскелең ұрпаққа ұлттық ерекшеліктерімізді ұмыттырмау қажет. Осыған орай ұлт ұйытқысы – ауылда сақталған қазақы болмысымызды қала жастарына жеткізіп, олардың санасына терең сіңдіру аса маңызды. Тек солай ғана «Ауыл» партиясы сайлауалды бағдарламасында айтылған ұлттық идеологияны негізге алып, тамырымыздан ажырамай жаңа қоғам құруға мүмкіндік туады», деп түйіндеді Дәулеткерей Кәпұлы. Поэзиялық кеш барасында Ә.Серікбай, Т.Мергенбай, Ә.Дүйсенбай, Р.Қабидоллин, А.Ақжігіт. К.Айтбаев қатарлы ақындар Тәуелсіздік күніне арналған жырларын оқыды. Жас ақын-жазушылар партия қатарын толықтырып, мүшелікке өтті. Қорытынды сөз алған белгілі драматург Төкен Әлжантегі: «Осы күнге дейін бірде бір партияға мүше болған емеспін. Алайда «Ауыл» партиясының атқарып жатқан іргелі істерін көріп, өз ризашылығымды жасыра алмадым. Елдің өзегі болған ауылдардың мұң-мұқтажын, қажетін жоғарыға жеткізіп, қазіргі маңызды тақырыптардың біріне айналған ауыл тағдыры үшін жасап жатқан жұмыстарыңызға тек сәттілік тілеймін!», деді.

Серіктес жаңалықтары