262
Қолданыс аясы кең бейбіт атом ТМД елдері арасында талқыланды
Қолданыс аясы кең бейбіт атом ТМД елдері арасында талқыланды
ТМД елдерінің Зерттеу реакторлары коалициясы биыл бірінші рет Қазақстанда ұйымдастырылып отыр. МАГАТЭ бастамасымен қолға алынған жоба бейбіт атомды пайдалану мен өндірістегі қолданысын кеңейту мәселелерін қарастырады.
Коалиция Зерттеу реакторларын ғылыми және әлеуметтік-экономикалық бағытта тиімді пайдалану мақсатында құрылған. Басқосудың негізгі мақсаты – аймақтағы құрылғылардың өзара байланысы және зерттеу реакторларының ресурсын басқару, қауіпсіздікті қамтамасыз ету мен маман дайындау және білім беру бағыттары бойынша озық тәжірибе алмасу.
Алматы қаласында өткен коалиция отырысына Ресей, Қырғызстан, Өзбекстан, Тәжікстан, Беларусь, Украина мемлекеттерінен осы саланың мамандары мен сарапшылары қатысты. ҚР Ядролық физика институтының директоры, профессор Саябек Сахиев конференцияда бейбіт атомның қолданылуы туралы айта кетті.
- МАГАТЭ-нің зерттеу реакторлары коалициясының құрылуы тиімді әрі маңызды бастама. Медицина мен өндірісте қолданылатын жаңа технологиялар мен ядролық инфрақұрылымдар осы зерттеу реакторларының жұмысы нәтижесінде пайда болды. Ақпарат пен тәжірибе алмасу, ортақ мәселелерді ортаға салып, бір шешім табу қатысушы елдердің барлығына тиімді. Сонымен қатар халықаралық серіктестік барлығымыз үшін өте маңызды, себебі атом энергиясы сияқты қауіпті салада бір-бірімізге сенімнің болғаны абзал. Биыл коалиция отырысы тұңғыш рет Қазақстанда өтуде. Оған жақсы себеп бар. Біз үшін биылғы жылдың орны ерекше, біз ресейлік «Росатомдағы» әріптестерімізбен және америкалық серіктестерімізбен бірлесе отырып, төмен байытылған уран отынына арналған BBP-K зерттеу реакторының конверсиясын аяқтадық, – деді профессор.