299
Перзентханадан ұрланған қыз 26 жылдан кейін ата-анасына оралды
Перзентханадан ұрланған қыз 26 жылдан кейін ата-анасына оралды
Румын отбасынан ұрланған, америкалық отбасы асырап алған Белле Барбу есімді қыз 26 жылдан кейін биологиялық ата-анасымен қауышты, деп хабарлайды Daily Mirror.
1994 жылы Барбуды АҚШ-тың Юта штатында тұратын ерлі-зайыпты асырап алған. Сегіз жасында ол ата-анасынан асыранды бала екенін, ал биологиялық әкесі мен анасы одан бас тартқанын естиді. Ол Румынияда дүниеге келгенін де сол кезде біледі.
Өткен жылы Белле Барбу асырап алынған румындарға биологиялық отбасын табуға көмектесетін Facebook тобын кездестірген. Ол топқа өзі жайлы хабарлама қалдыруды жөн көреді және 48 сағат ішінде жауап алды. Топтың әкімшісі Барбудың 20 жастағы інісі Мойспен байланысқан.
Көп ұзамай қыз өзінің басқа туыстары туралы, атап айтқанда, 33 жастағы әпкесі Симон мен 29 жастағы ағасы Флориан туралы біледі. Оның биологиялық ата-анасы – Маргари мен Замбила қазір Римде тұратынын естиді. Арада үш апта өткен соң олар қызына телефон шалған.
Ата-анасының сөзінше, 1994 жылы Барбу дүниеге келген кезде отбасы өте кедей тұрған. Дәрігерлер олардың жаңа туған қызы ауырып, бірнеше күннен кейін қайтыс болды деп өтірік айтқан. Шындығында, нәресте сатылып, өзгенің қолына берілген.
"Олар ауруханадан шыққан кезде, медбике оларды қуып жетіп, шындықты айтқан, менің ұрланғанымды, сатылғанымды жеткізген. Ата-анам жанармайға соңғы ақшаларын жұмсап, барлық балалар үйін аралап шыққан. Алайда бір жылдан кейін көк тиындары болмай, іздеуді доғарған", – дейді асыранды қыз.
Ата-анасымен кездесуге асыққан қыз өткен жылы Римге ұшып барған. "Мен олармен тығыз байланысты сезіндім. Енді алыстағым келмейтінін түсіндім", – дейді Белле Барбу.