393
Мемлекеттік жастар саясаты – басты назарда
Мемлекеттік жастар саясаты – басты назарда
Бүгінде жастар саясаты тәуелсіз Қазақстан елінің басты басымдықтарының бірі болып табылады. Жастарға айрықша көңіл бөлген мемлекет қана саяси және экономикалық табысқа жете алады. Жастардың инновациялық әлеуетін тиімді қолдана білген мемлекет стратегиялық артықшылыққа ие болады. Сондықтан да елімізде жастарды жалпы қоғамдық үдерістерге қосу мақсатында ынталандыру шаралары іске асырылып, олардың өзін-өзі жүзеге асыруы үшін мемлекеттік деңгейде жағдай жасалуда.
Осыған орай, бүгін Қарағанды қаласында «Мемлекеттік жастар саясатын іске асыру» тақырыбында дөңгелек үстел өтті.
Кездесу барысында жастар саясаты аясында өткізілген іс-шаралар бойынша нәтижелер талқыланды. Сонымен қатар, алдағы уақытта қойылған мақсат пен міндеттер айқындалды.
«Jas Otan» Қарағанды облыстық филиалының жетекшісі Ержан Хамитов өңірдегі жастар саясаты бойынша қысқаша баяндама берді:
«Ауылда жастар кәсіпкерлігін қолдау үшін облыс әкімінің грантын алуға конкурс өткізіліп, 2020 жылы облыстық бюджеттен 100 млн теңге бөлінген болатын. Жұмысқа орныластыру пункттеріне жүгінген жастармен тиісті жұмыс жүргізілді: 838 адам жұмысқа орналастырылды, 619 адам қысқа мерзімді оқу курстарына жіберілді, ал 3264 адам кеңес алды», - деп атап өтті.
Атап өту керек, Қарағанды облысында студенттік және оқушы жастар қатарынан 5000-ға жуық жасты қамтитын 89 волонтерлік топ жұмыс істейді. Олар мынадай негізгі бағыттар бойынша жұмыс істейді:
- Әлеуметтік волонтерлік;
- Спорттық волонтерлік;
- Экологиялық волонтерлік;
- Мәдениет саласындағы волонтерлік;
- Жануарларды қорғаумен байланысты салалар.