231
ADAL партиясының өкілдері төрт өңірдің өзекті мәселелерімен танысты
ADAL партиясының өкілдері төрт өңірдің өзекті мәселелерімен танысты
Мәжіліс депутаттығына кандидаттармен және партия өкілдерімен кездесу кезінде Қазақстан өңірлерінің тұрғындары халықты толғандыратын көптеген мәселелерді айтты. Кандидаттар жұмысын Батыс Қазақстан, Жамбыл, Алматы, Қарағанды өңірлерінде жалғастырды.
Атап айтқанда, Орал қаласында ADAL партиясынан Парламент Мәжілісінің депутаттығына кандидаттар қалалықтармен кездесті.
Саясаттанушы Эльдар Жұмағазиев, сарапшылар Игорь Шацкий мен Алина Асқарова, партия хатшысы Нұрлыбек Мұқановтар халықпен жүздесті.
Қазақстандық инновациялық және телекоммуникациялық жүйелер университетінде өткен кездесуде партия өкілдері ADAL сайлауалды бағдарламасының негізгі бағыттары туралы айтып берді.
Сонымен қатар Игорь Шацкий әлеуметтік мәселелерді көтерді. Атап айтқанда, ол партияның ең төменгі күнкөріс деңгейін арттыруды, 7 баласы бар отбасылар үшін тегін тұрғын үй беруді және бюджет саласы қызметкерлерінің жалақысын көтеруді жақтайтынын айтты.
Тұрғындар жолдардың сапасына, мектептер мен қоғамдық көліктің жетіспеушілігі, сумен жабдықтау және экология мәселелеріне шағымданды.
Тұрғындардың бірі су арналарының тозығы жеткенін және Жайық өзенінің суы тартылып бара жатқанын атап көрсетті.
«Өзен экологиясы мәселесі тек БҚО-да ғана емес, ел аумағында бар. Республикадағы барлық судың 44% шетелден келеді. Егер біз халықтың стратегиялық мәселелері туралы айтатын болсақ, онда кей дүниелерде қаталдық таныту қажеттігін ескертер едік. Бұл мәселе Сыртқы істер министрлігі деңгейінде шешілу керек деп санаймыз. Сондықтан олардың жауапкершілігін күшейтуді ұсынамыз. Сонымен қатар, жер асты су көздерінен пайдаланатын уақыт келді. Өйткені, облыста су жетіспейді», – дейді депутаттыққа кандидат Эльдар Жұмағазиев.
ADAL партиясы жетекшілерінің айтуынша, бар проблема тек азаматтардың өздері ғана емес, билік те мүдделі болған жағдайда ғана шешіледі.
Алматы облысының тұрғындарын сумен жабдықтау, тұрғын үй алу, сондай-ақ бизнесті қолдау мәселелері толғандырады. Бұл туралы олар Мәжіліске депутаттыққа кандидат Лаззат Чинкисбаевамен кездесу кезінде айтты.
Талғар кентінің тұрғыны Ермек Назаров жер мәселесін айтты.
«Мен бизнес аша алмадым. Өйткені жер алу өте қиын, ісін жаңа бастаған кәсіпкерлерге тиісті қолдау жоқ. Тиімді шарттар бойынша несие алу қиын», – деді ол.
«Біз құдықтан су алып жүруден шаршадық. Өмір сүру деңгейіміздің қазіргі жағдайдан әлдеқайда жоғары болғанын қалаймыз», – деді кездесу барысында талғарлықтар.
Өз кезегінде Лаззат Чинкисбаева: «Мен партия өкілі ретінде ашық диалог пен тұрақты кері байланыс негізінде тұрғындардың, бизнес пен биліктің тиімді өзара іс-қимылын қолдайтынымызға сендіремін. Біз әрбір өтінішті аяқсыз қалдырмай, сіздермен бірге әділ шешімге қол жеткізетін боламыз. Мұндай жұмысты біз үнемі жүргізіп отырамыз», – деді.
Жамбыл облысы Тараз қаласының тұрғындарымен ADAL партиясынан Мәжіліс депутаттығына кандидат Мақсат Толықбай мен Алмасбек Садырбаевтың қатысуымен кездесу өтті.
Тұрғындардың баспана алу шарттарын жеңілдетуге қатысты сұрақтарға жауап берген Мақсат Толықбай ADAL партиясы барлық кезекте тұрғандар бойынша бастапқы жарнаға тұрғын үй сертификатын көбейту есебінен ипотеканы қолжетімді ету мәселесін айтты.
Мәжіліс депутаттығына кандидат Олжас Ордабаев пен Ақмарал Бекмұрзаевамен кездесу барысында Қарағанды облысының тұрғындары да өздерін толғандыратын мәселені айтып берді.
Мәселен, Қарқаралы ауданының тұрғындары жергілікті ауруханада мамандардың жетіспеушілігінен халықтың зардап шегетінін жеткізді. Эндокринологқа жазылу үшін олар бірнеше апта бойы кезек күтуге немесе Қарағанды қаласынан ақылы қызмет алуға мәжбүр екен.
«Бізге мамандар тұрғын үй мен жағдайдың жоқтығынан жұмыс істеуге келмейді. Мен көп балалы анамын, алты балам бар. Эндокринологқа жазылуым үшін порталға тұрып, сосын бірнеше апта күтуім керек. Сондықтан Қарағандыға екі жүз шақырым жол жүруге және онда тексеруден ақылы өтуге мәжбүрмін», – деп шағымданды жергілікті тұрғын Самал Жаңабекова.
«Сондай-ақ, біздің қалада автобустар жоқ, адамдар такси қызметін пайдалануға мәжбүр, жолдар жағдайы мәз емес. Қарқаралының өзінде жолдар тазаланбайды, тротуарлар жоқ, жаяу жүргіншілер өткелдері болған емес», – деп шағымданды тұрғын Айсұлу Ахат.
Қарқаралы ауданының осы жылға арналған бюджеті – 12,8 миллиард теңге. Қаражаттың негізгі үлесі білім беру жүйесіне жұмсалады, ТКШ саласына 16 пайызы жоспарланады, ал денсаулық сақтауға бар болғаны 5 пайыз бөлінеді екен.
«Қазақстан тұрғындары сапалы медициналық көмек алуға лайық. Бұл үшін, ең алдымен, дәрігерлерге жағдай жасау керек. Олардың жалақысын көтеру, тұрғын үймен қамтамасыз ету аса маңызды. Мұның бәрі партиямыздың бағдарламасында жазылған. Біз дәрігерлердің орташа жалақысы 200 мың теңгеге жеткені дұрыс деп санаймыз. Кезекте тұрғандар үшін ипотека бойынша бастапқы жарнаға тұрғын үй сертификаттарын көбейту есебінен, ал әлеуметтік тұрмысы нашар отбасылар үшін жергілікті бюджет қаражаты есебінен ипотеканы қолжетімді етуді ұсынамыз», – деді Олжас Ордабаев.
Сондай-ақ, спикер азаматтарды бюджет қаражатын басқаруға, оларды аудан проблемаларының өзектілігіне қарай бөлуге ықпал етуге шақырды. Ол үшін тұрғындардың өз өтініші мен шағымын ADAL партиясының сайтына жіберіп, қандай да бір мәселеге дауыс беруі тиіс.
«Біз бағдарламамызды жоғарыдан төменге емес, керісінше тұрғындардың проблемаларына сүйене отырып жасадық. Бұл біз үшін үлкен жұмыс. Біздің міндетіміз – әрбір қазақстандықтың өмірін жақсарту», – деп атап өтті Олжас Ордабаев.