«Ауыл» партиясы елімізде агроөнеркәсіптің кешенді түрде дамуына мүдделі

«Ауыл» партиясы елімізде агроөнеркәсіптің кешенді түрде дамуына мүдделі

«Ауыл» партиясы елімізде агроөнеркәсіптің кешенді түрде дамуына мүдделі
ашық дереккөзі
257
​«Ауыл» партиясы елімізде агроөнеркәсіптің, жалпы агро саланың ғана емес, ауылдың кешенді түрде дамуына мүдделі. Осы мақсатта бірқатар бастама көтеріп, белсенділік танытып келеді. ​Жамбыл облысының жеке қосалқы шаруашылықтары мен шаруа қожалықтарын дамыту мәселелерін талқылау бойынша дөңгелек үстел отырысы өтті. Басқосуға «Ауыл» Халықтық-демократиялық патриоттық партиясы Жамбыл облысы бойынша өңірлік филиалының төрағасы Ерболат Саурықов, сондай-ақ Жамбыл облысы әкімінің орынбасары Берік Нигмашев, Жамбыл облысы әкімдігі ауылшаруашылығы басқармасының басшысы Қайрат Аманов және бірқатар кооператив пен шаруа қожалықтарының жетекшілері қатысты. Өңірдегі агроөндіріс кешенінің дамуы мен тұрғындардың табысын арттыру пилоттық жобасының жүзеге асырылуы туралы баяндама жасаған Қайрат Тлеубайұлы бұл жобаның 5 бағыты бойынша 8,4 млрд теңге несие қаражаты игеріліп, оның ішінде сенімді агент болып танылған «Тараз» ӘКК» АҚ арқылы республикалық бюджеттен 7,2 млрд теңге несие қаражаты 2,5 пайызбен 2489 өтінім қаржыландырылғанын жеткізді. Соның нәтижесінде облыста жұмыссыздар саны 48% азайып, жаңадан 589 жұмыс орны ашылған. Атаулы әлеуметтік көмек алатындар қатары да кеми түскен. Басқарма басшысының айтуынша, өңірде іске асырылып жатқан «Жамбыл облысы тұрғындарының тұрмыстық табысын арттыру» пилоттық жобасының тиімділігін ескере отырып, одан әрі жалғастыру үшін еліміздің Ауыл шаруашылығы министрлігіне жобаның екінші кезеңіне қосымша 11,5 млрд теңге қаражат бөлуге сұраныс берілген. Жиын барысында партия облыстық филиалының төрағасы, облыстық мәслихат депутаты Ерболат Саурықов аймақта бал арасы шаруашылығын дамыту туралы бастама көтерді. Қазіргі күнде өңірдің әрбір аймағында жекелеген азаматтар осы шарушылықпен айналысып жүргенімен, оларға басқарма тарапынан нақты қолдаулар жасалмай отырғанын тілге тиек етті. Облыс әкімінің орынбасары Берік Нигмашев бұл мәселе енді қолға алынып жатқанын жеткізді. «Қазіргі уақытта 20 омарташыны оқытып жатырмыз. Жуырда олардың басын қосатын бал арасы шаруашылығы қауымдастығы құрылды. Тіпті бір азамат осы мақсатта жоба қорғап, 5 млн теңге көлемінде грант жеңіп алды», – дейді Берік Болатұлы. Сонымен қатар, шаруа қожалықтарының өкілдері қант қызылшасының ұрығын шет елден қымбат бағамен алуға мәжбүр болып отырғанын айтты. Бидай тұқымың көп жағдайда ауру болып жатқына да партия белсенділері тарапынан көтерілді. Мал шаруашылығын жүйелі дамыту тетіктеріндегі кейбір мәселелер де қозғалды. Бұл ретте малшылардың мәртебесін көтеру туралы ұсыныс айтылды. Жиынды қорытындылаған «Ауыл» ХДПП төрағасының орынбасары Қайрат Айтуғанов ел экономикасын көтеру үшін ауылды, елді мекендерді дамытудың маңыздылығына тоқталды. «Ал ауылды көркейту үшін шаруа қожалықтарына мемлекет тарапынан дұрыс көңіл бөліну қажет. Сонымен қатар, маман даярлау мәселесі де шешімін таппай отырғанын көріп отырмыз», деді Қайрат Қапарұлы.

Серіктес жаңалықтары