Ресейде кеме апатқа ұшырады
Ресейде кеме апатқа ұшырады
Ресейдің Охот теңізінде «Дальний восток» кемесі апатқа ұшырап, 54 адам қаза тапты. Орын алған қайғылы оқиғаға байланысты Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Ресей президенті Владимир Путинге көңіл айту жеделхатын жолдады. Бұл туралы Ақорданың ресми сайтында жарияланды. Қайғылы оқиға Магаданнан шамамен 300 шақырым жерде орын алған. Кеменің бортында барлығы 132 адам болған, оның 78-і ресейлік, қалған 54-і шетелдік азамат. Экипажда ресейліктерден бөлек Бирма, Вануату, Латвия және Украина сынды мемлекеттердің азаматтары да болған екен. Апатқа ұшыраған кемеден қазірге дейін 63 адам құтқарылды. Ал қалған 15-інің тағдыры әлі бе белгісіз болып тұр. Қазір апат аймағында іздеу-құтқару жұмыстары жүргізілуде. Іздеу-құтқару іс қимылдарына 800-ге жуық құтқарушы, тікұшақ және 26 кеме жұмылдырылған. Кеменің апатқа ұшырауына байланысты түрлі болжамдар да жасалуда. Алғашқы болжам бойынша, балық аулайтын кеме су бетінде қалқып тұрған мұзға соқтығысқан болуы мүмкін. Ал тағы бір болжамға сүйенсек, апаттың орын алуына салмақтың шектен тыс артық болуы мен күшті жел әсер етуі ықтимал. Кеме батар алдында дабыл белгісін беріп үлгермеген. Қазір кемеге иелік ететін компания қаза тапқандар мен зардап шеккен жандардың отбасыларына көмек көрсететінін айтты. Осы қайғылы оқиғаға байланысты жолдаған Елбасының жеделхатында Ресей президентіне және қаза болғандардың отбасыларына көңіл айтып, зардап шеккендердің тезірек сауығуына тілектестік білдірді.